Accessibility links

Гонконгте полиция шерушілерге көзден жас ағызатын газ бен су шашты


Көзден жас ағызатын газы бар құтылар арасында қалған шеруші. Гонконг, 31 тамыз 2019 жыл.
Көзден жас ағызатын газы бар құтылар арасында қалған шеруші. Гонконг, 31 тамыз 2019 жыл.

Гонконг полициясы сенбі, 31 тамызда болған наразылық шарасы кезінде шерушілерге су шашып, резеңке оқ қолданды. Билік тыйымына қарамастан ондаған мың адам маршқа шығып, орталық көшелермен жүріп өтті. Жақында қалада бірнеше белсенді мен заң шығару органының өкілі ұсталған еді деп хабарлайды BBC сайты.

Гонконгте акцияның жалғасып келе жатқанына үш айдан асқан. Оған қатысушылар қылмыстық іс бойынша айыпталушыларды Қытайға экстрадициялауға мүмкіндік беретін заң жобасының талқылануына қарсы және аралдың Пекиннен тәуелсіз саясат жүргізуін талап етеді.

Сенбі күні шерушілер қала орталығында баррикада құрып, оларды таратпақ болған арнайы жасақ өкілдеріне жанғыш заты бар бөтелкелер лақтырып, қарсылық танытты. Полиция оларға көзден жас ағызатын газға толы құтылар лақтырды.

Бірнеше адам ұсталған. Қаладағы негізгі ғимараттар алдын құқық қорғау органдары алдын ала қоршап тастағанмен шерушілер қалалық парламент ғимаратына басып кіруге тырысқан.

Жұма күні Reuters агенттігі дереккөзге сүйене отырып, Пекин экстрадиция туралы заңды кері қайтару туралы Гонконг билігінің өтінішін қабылдамады деп жазған.

1 қазанда Пекин Қытай халық республикасының құрылғанына 70 жыл толуын атап өтеді. Сарапшылар мереке алдында Пекиннің белсенділер талабын орындауға дайын емес екенін алға тартады.

Оқи отырыңыз: Пекин Гонконгтың экстрадиция туралы заңнан бас тарту туралы ұсынысын қабылдамады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG