Accessibility links

Тоқаев қосымша зейнетақы жарнасын енгізуді кейінге қалдыруды ұсынды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте парламентте жариялаған алғашқы жолдауында елде жұмыс берушіден еңбекақының 5 пайызы көлемінде қосымша зейнетақы жарнасын алу тәртібін енгізуді 2023 жылға қалдыруды үкіметке тапсыратынын мәлімдеді. Тоқаев қоғамда дау туғызған және оны қосымша салық ретінде қабылдап, сынға алған бизнес өкілдерінің наразылығына тап болған бұл мәселеге үкімет, кәсіпкерлер мен сарапшылар "ортақ келісімге келген соң" оралуға шақырды.

Президент жолдауы тікелей эфирде көрсетілген жоқ. Жолдаудан қысқа үзінділерді тезис түрінде Twitter әлеуметтік желісінде жариялаған президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тоқаев "пайдаланылмай бос жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді алуға кірісетін кез жеткенін" мәлімдеген. Ол "мемлекеттен жерді жалға алу құқығын тегін алғандардың көбі онымен жұмыс істемей, құр сақтап отыр; елде қалыптасқан "латифундистердің" тұтас тобы "шөп қорыған ит" тәрізді ұстап отыр" деген.

"Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз" деп мәлімдеген Тоқаев.

Бұған дейін жолдауында Тоқаев елде зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы мен тағы басқа, әсіресе балаларға қарсы және браконьерлік сияқты ауыр қылмыстар жасағандарға жазаны күшейтуге шақырған. Сонымен бірге ол жергілікті билік органдарына азаматтарға конституциялық құқығын пайдаланып, бейбіт митингілер өткізуге рұқсат беріп, "қаланың шет аймағынан басқа тұсынан" арнайы орындар бөлу қажеттігін айтқан. Бұған қоса ол Конституцияға қарсы келетін кез келген іс-әрекеттер мен бұзақылық акцияларына заң аясында тойтарыс берілетінін мәлімдеген.


Қазақстан парламенті сенатының бұрынғы төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елде отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқаннан кейін президент міндетін атқаруға кіріскен. 9 маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша 66 жастағы Тоқаев жеңіске жеткен. Ол өзіне дейін ел басқарған, қазір қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке ықпалын сақтап қалған бұрынғы президент 79 жастағы Назарбаевтың саясатын жалғастыратыны туралы бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG