Accessibility links

Шымкентте мүгедек балаларын арнайы орталыққа орналастыра алмаған аналар әкімге барды


Мүгедек балаларын оңалту орталығына орналастыра алмаған бірнеше әйел қала әкімдігіне бара жатыр. Шымкент, 2 қыркүйек 2019 жыл.
Мүгедек балаларын оңалту орталығына орналастыра алмаған бірнеше әйел қала әкімдігіне бара жатыр. Шымкент, 2 қыркүйек 2019 жыл.

2 қыркүйек күні таңертең Шымкент әкімдігіне өздігінен жүре алмайтын балаларымен бірге келген он шақты әйел қала әкімі Ерлан Айтахановпен кездесуді талап етті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Олар мүгедек балаларын арнаулы оңалту орталығына орналастыра алмай отырғанын айтып, биліктен бұл мәселені шешуді сұрайды.

Қала тұрғыны Айсұлу Таукенованың сөзінше, мүгедек баласы алғашында "Болашақ" оңалту орталығына барған. Ол жерден әкімдік Самал-3 шағын ауданындағы оңалту орталығына жіберген. Бұл оңалту орталығы төрт баланы қабылдап, қалғанына "әкімдіктен қаражат бөлінбеген" деп, балаларды кері қайтарған.

- Әне қабылдаймыз, міне қабылдаймыз деп жүргендеріне үш ай болды. Арамызда жұмыс істейтін ата-аналар бар. Олар жұмыстан шығып қалса кім жауап береді? Бүгін орталыққа барсақ қабылдамаймыз деп шығарып жіберді. Енді мәселемізді әкім шешіп берсін, - деді Айсұлу Таукенова.

Жиналған әйелдерге Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұрғали Егембердиев жолығып, олардың сөзін растады. Шенеуніктің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдауға оңалту орталығы дайын емес, қаражат әлі қарастырылмаған. Ол ақша мәселесі қыркүйек айында нақтыланады деп хабарлады.

- Оңалту орталығына 30 баланы қабылдауға дайындық жүріп жатыр. Ата-аналарға 6-интернатқа барыңыздар десек, көнбей отыр, - дейді шенеунік.

Егембердиевтің жауабына қанағаттанбаған ата-аналар қала әкімінің шығуын талап етті. Әкімдік дәлізінде отырған балалардың бірінің денсаулығы нашарлаған соң оған жедел жәрдем шақырып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Наразы ата-аналар әкімнің шығуын талап етіп, оның жауабын естімейінше тарамайтындарын айтты.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG