Accessibility links

Қарағандының "Древний Рим" мейрамханасындағы төбелесте адам өлтіру ісі сотқа жетті


23 жастағы жігіттің қазасымен аяқталған төбелес болған жерде тұрған полицияның арнайы жасағы . Қарағанды, қаңтар, 2019 жыл.
23 жастағы жігіттің қазасымен аяқталған төбелес болған жерде тұрған полицияның арнайы жасағы . Қарағанды, қаңтар, 2019 жыл.

Қарағандыдағы "Древний Рим" мейрамханасында биыл жаңа жыл түні жаппай төбелесте 23 жастағы жергілікті тұрғынның қазаға ұшырауына байланысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жетті. Қоғамда резонанс туғызған қылмыстан кейін қозғалған істе "адам өлтіру" және "бұзақылық" баптары бойынша 13 адамға айып тағылған. Бұл істі Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты қарайды. Алдын ала сот тыңдауы 4 қыркүйекте өтпекші.

- Бүгін прокуратурада болдым. (Қылмыстан кейін) іздеу жарияланып, Қазақстаннан тыс жерде ұсталған күдікті осы сотқа қатыса ма деген сұрағыма нақты жауап бермеді. Оны экстрадициялау мәселесі қашан шешіледі? Резонанс туғызған іс болғандықтан барлығы ашық әрі мөлдір болғаны жөн, - деді дүйсенбі күні Азаттық тілшісіне мерт болған жігіттің әкесі Бақытжан Жансейітов.

Биылғы 1 қаңтарға қараған түні Қарағанды қаласындағы "Древний Рим" мейрамханасы алдында екі топ арасындағы төбелес кезінде 23 жастағы Рақымжан Жансейіт пышақталып, мерт болған. Үш адам ауруханаға түскен. Полиция болжамы бойынша, меймандарға мейрамхананың жабылатыны туралы айтылған ескертуден кейін бір-бірімен сөзге келісіп қалғандар кейін есік алдына шығып төбелескен. Қантөгіспен аяқталған бұл оқиға қалада резонанс туғызып, Қазақстаннан тыс жерде де оған реакция танытқан. Оған төбелеске армян диаспорасы өкілдерінің қатысқаны жайлы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған ақпарат себеп болған. Қазақстан мен Армения биліктері бұл оқиғаны тұрмыстық жанжал деп атап, "оған ұлтаралық сипат беруге тырысудан бас тартуға" шақырған.

2 қаңтарда төбелес болған жерге ондаған адам жиналып, мейрамхананы жабуды, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Адамдар жиналған маңда полиция күзеті де күшейтілді. 3 қаңтарда полиция төбелес жайлы алғашқы ақпарат таратып, жанжалдың "ұлтаралық сипаты болғаны" туралы әлеуметтік желідегі хабарларды жоққа шығарды. Қарағанды облысының прокуратурасы жекелеген азаматтардың оқиғаға басқаша реңк беруге тырысқанын айтып, ондай адамдар "алауыздық тудырғаны" және "көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқаны" үшін заң алдында жауапқа тартылатынын ескертті. Әлеуметтік желілерде тараған комментарийлерге байланысты прокуратура тексеру бастағанын хабарлады. Бұл тексерудің нәтижесі, сонымен бірге қызметтік тексеру қорытындысы мен күдіктілердің суреттерінің әлеуметтік желіге тарап кетуіне байланысты жүргізілген тексеру қорытындысы жөнінде кейін ешқандай мәлімет жарияланған жоқ.

Рақымжан Жансейіт жерленгеннен кейін қоғам өкілдері оның қазасына байланысты тергеу жайлы ақпарат беруді талап етті. 6 қаңтарда Қарағанды қаласының орталығына жүздеген адам жиналып, "істі әділ тергеуді" талап етті. Наразылармен кездескен облыс әкімі Ерлан Қошанов істің соңына дейін тексерілетінін айтып, "әкім ретінде, президенттің өкілі ретінде де" уәде берді. Әкім "күдіктілердің бірі 1 қаңтар кешкісін Ресейге кетіп қалған" деп хабарлады. 7 қаңтарда интернетте жарияланған видеоүндеуде қылмысқа күдікті ретінде іздеу жарияланған адам мейрамхана алдындағы төбелеске қатысқанын, бірақ "ешкімді өлтірмегенін" мәлімдеген. Ол билікке берілуге дайын екенін айтып, әділ тергеу жүргізуді сұрады. Оған жауабында Қазақстан ішкі істер министрлігі "объективті тергеу жүргізуге" уәде беріп, күдіктіге өз еркімен берілу туралы ұсыныс жасады. Кейін ішкі істер министрлігі ол адамның Ресейде ұсталғанын хабарлаған еді. Жәбірленуші тараптың адвокаты Азаттыққа "күдіктіні экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатқанын" хабарлаған болатын.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG