Accessibility links

Мәскеуде 31 тамыздағы акциядан соң оппозициялық белсенділерді жауапқа тартпақ


Алексей Навальный басқаратын жемқорлыққа қарсы күрес қорының заңгері, Мәскеу қалалық думасы депутаттығына тіркелмеген кандидат Любовь Соболь. 31 тамыз 2019 жыл.
Алексей Навальный басқаратын жемқорлыққа қарсы күрес қорының заңгері, Мәскеу қалалық думасы депутаттығына тіркелмеген кандидат Любовь Соболь. 31 тамыз 2019 жыл.

2 қыркүйекте Ресей астанасында үш оппозициялық белсендіні 31 тамызда биліктің келісімінсіз өткен наразылық акциясына қатысқаны үшін полиция әкетіп, хаттама толтырғаннан кейін босатқан. Бұл туралы олардың әріптестері мен жергілікті басылымдар хабарлады.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный басқаратын жемқорлыққа қарсы күрес қорының ("Фонд борьбы с коррупцией") баспасөз хатшысының хабарлауынша, осы қордың заңгері Любовь Собольді Мәскеудің шетіндегі полиция бөлімшесіне жеткізген. Мәскеу қалалық думасы депутаттығына тіркелмеген кандидат Соболь 31 тамызда оның алдында рұқсат етілмеген шерулерден демонстранттарды ұстап әкеткен полицияның қылығын "жүгенсіздік" деп атап, бұған Мәскеу үкіметі жауапты деп мәлімдеген.

Өткен сенбі, 31 тамызда Мәскеуде "саяси репрессияларға қарсы" және 8 қыркүйекте өтетін Мәскеу қалалық дума сайлауын еркін өткізуді талап еткен бірнеше мың адам билік келісім бермеген акцияға шыққан.

2 қыркүйекте Мәскеуде жергілікті депутат, "Новая газета" журналисі Илья Азар үйінде кішкентай баласымен отырған кезде полиция қызметкерлері келіп, өзін көлікке салып алып кеткені туралы әлеуметтік желіде хабарлады. "Үй киімі мен шәрке киген мені көлікке жеткізді. Үйде жасы әлі екіге толмаған баламның жалғыз қалып бара жатқанына пысқырған да жоқ" деп жазды Азар әлеуметтік желіде. Кейін оның Facebook-тегі парақшасында жарияланған видеода Азардың әйелі үйіне келгенде есігі ашық жатқан пәтерде жалғыз қалған сәбиінің ұйықтап жатқанын көргенін айтады.

Полиция өкілдері Навальныйдың серігі Николай Ляскинді де ұстап әкеткен.

2 қыркүйек күні үшеуіне әкімшілік заңды бұзғаны туралы хаттама толтырғаннан кейін оларды босатқан. Әкімшілік сот оппозициялық белсенділердің ісін 3 қыркүйекте қарамақшы.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG