Accessibility links

Шымкент соты белсенділердің әкімдік үстінен түсірген шағымын қарай бастады


Шымкенттік белсенділер Данияр Байтілеу, Ерғали Құлбаев және Нұржан Мұхаммедов сот алдында тұр. Шымкент, 3 қыркүйек 2019 жыл.
Шымкенттік белсенділер Данияр Байтілеу, Ерғали Құлбаев және Нұржан Мұхаммедов сот алдында тұр. Шымкент, 3 қыркүйек 2019 жыл.

3 қыркүйек күні Шымкенттегі Қаратау аудандық соты белсенділердің митинг өткізуге рұқсат бермеген әкімдіктің үстінен жазған азаматтық шағымын қарай бастады. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Шымкенттік белсенділер Данияр Байтілеу, Нұржан Мұхаммедов пен Ерғали Құлбаев әкімдіктен тамыздың басында митинг өткізуге рұқсат сұраған. Олар бұл шарада Қазақстан азаматтарының бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібін заң жүзінде іске асыру мәселесін көтермек болған. Бірақ әкімдік митинг өткізуге рұқсат бермеген. Кейін белсенділер сотқа арызданған.

Белсенділердің арызын судья Жанат Мүсірәлі қарап жатыр. Алғашқы отырысқа белсенділердің жақтастары, прокурор мен әкімдік өкілдері қатысты.

Арызданушылар «әкімдік митинг өткізуге рұқсат бермей, конституциялық құқымызды бұзды» деп санайды.

- Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қаулы шығарып, митинг өткізуге рұқсат бермеді. Соттан осы қаулының күшін жоюды және әкімдіктің әрекетін заңсыз деп тануды сұрадық, - дейді арызданушылардың бірі Данияр Байтілеу.

Отырысқа келген екі әкімдік өкілінің сенім хаты болмағандықтан, судья келесі отырысты 13 қыркүйекке белгіледі.

Шымкенттік белсенділер 4 тамыздан кейін де әкімдіктен үш рет митинг өткізуге рұқсат сұрағанымен, өтініштері қанағаттандырылмаған. Белсенділер рұқсат ала алмаса да, 25 тамызда «саяси тұтқындарды» босатуды талап етіп, 30 тамызда Конституцияны өзгертуді талап етіп, акция өткізді. Оларға ешкім кедергі келтірмеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте халыққа жолдауында азаматтардың бейбіт акциялар өткізуіне арнайы орын бөлу қажеттігін де айтқан.

"Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз еркін білдіруге құқылы. Егер бейбіт акциялар заңды және елдің шырқын бұзуды көздемесе, онда белгіленген заң шеңберінде митингілерге рұқсат беріп, арнайы орын бөлу керек" деген Тоқаев. Президент ондай орындардың қаланың шетінде болмауы керектігіне назар аударды. Бұған қоса ол "Конституцияға қарсы кез келген әрекеттер мен бұзақылық акцияларға" заң аясында тойтарыс берілетінін ескертті.

Қазақстан заңына сай, азаматтар бейбіт митинг, наразылық шарасын өткізу үшін жергілікті әкімдіктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті билік митинг өткізуге арнайы жер бөледі. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның митинг өткізу заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG