Accessibility links

Шымкент әкімдігі белсенділерге митинг өткізуге рұқсат бермеді


Шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедов.

Шымкент қаласы әкімдігі 18 тамыз күні белсенділерге митинг өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы Азаттыққа 15 тамызда белсенді Нұржан Мұхаммедов айтты. Ол Азаттық тілшісіне әкімдіктің шешімін де көрсетті.

6 тамыз күні белсенділер Нұржан Мұхаммедов, Дәулет Пралиев, Ерғали Құлбаев әкімдіктен Шымкенттегі Абай саябағы, Орталық саябағы, Ордабасы алаңы немесе Наурыз алаңының бірінде бейбіт митинг өткізуге рұқсат беруін сұрап, өтініш жазған.

Олар митингіде Қазақстан азаматтарының бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібін заң жүзінде іске асыруды сөз етпек болған.

- Әкімдік митинг өткізуге рұқсат етпей, конституциялық құқығымызды шектеп отыр. Халықпен санасқысы келмейтінін тағы бір рет дәлелдеді. Бейбіт митингіде өз ой-пікірімізді айтайын деп едік. Енді сенімім жоғалды, - дейді Нұржан Мұхаммедов.

Әкімдік жауабында 18 тамыз күні митинг өткізуге сұралған Наурыз алаңы мен Абай саябағында іс-шаралар өтетіні, ал Орталық саябақ пен Ордабасы алаңында жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны жазылған.

Әкімдік өтініш берушілер бұл шешіммен келіспесе, сотқа арыздануға құқылы екенін хабарланған.

Нұржан Мұхаммедов бейбіт митинг өткізуге рұқсат етпей азаматтық құқығын таптағаны үшін қалалық ішкі саясат басшысының міндетін атқарушы Жанар Бектаеваны сотқа беретінін айтады.

Мұхаммедов осыған дейін Шымкентте бірнеше рет билік жүйесіне және үкіметке қарсы рұқсат етілмеген акциялар өткізіп, жауапқа тартылған.

Қазақстан заңына сай, азаматтар митинг, шеру немесе наразылық шарасын ұйымдастыру үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Билік өзі рұқсат берген митингіні ғана заңды деп есептейді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жиын өткізетін орынға рұқсат алу қиын

Қазақстан Конституциясына сай, халық қарусыз бейбіт шеру, жиын, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыруға құқылы. Бірақ Конституцияда "мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төнген жағдайда, денсаулыққа зиян келетін жағдайда, жеке адамдардың құқығы мен бостандығына қатер төнсе, бейбіт митингіге заңмен шектеу қойылатыны" жазылған.

1995 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет және наразылық шарасын ұйымдастыру шарты туралы қаулы қабылдаған. Заңдық күші бар бұл қаулы қазір қолданыста. 24 жылдың ішінде 12 баптан тұратын заң көп өзгермеді.

​Осы заңның 11-бабында "әкімдіктер жергілікті жағдайды ескеріп, бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыру шарттарын қосымша реттеуге құқылы" деп жазылған. Бірақ Қазақстанда билікке сын айтылуы мүмкін митингілерге рұқсат берілмейді. Жергілікті әкімдіктер "митинг өткізуге бөлінген аймақта басқа шара өтетінін немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын" айтып, белсенділердің өтінішін кері қайтарады. Әкімдік шешімін шағымданған белсенділердің арызын сот көбіне қанағаттандырмайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусымда батыс басылымдарына берген сұхбатында адамдардың бейбіт митингіге шығуына мүмкіндік беретін жаңа заңның қабылданатыны айтқан. Кейін маусымның соңында Алматы мен Нұр-Сұлтан әкімдігі белсенді Әлнұр Ильяшевтің, "Байтақ-Болашақ" экологиялық альянсының жетекшісі және "Нұр Отан" партиясының бейбіт митинг өткізуіне рұқсат берген. Осыдан соң бейбіт митинг өткізу келіп арыз жазған белсенділерге әкімдіктер рұқсат бермей жатыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG