Accessibility links

"Болгарияны нацизмнен азат етуге арналған" ресейлік көрмені айыптады


Софиядағы президент кеңсесінің алды. Көрнекі сурет.
Софиядағы президент кеңсесінің алды. Көрнекі сурет.

София "Шығыс Еуропаны нацизмнен азат етуге арналған" Ресей елшілігі ұйымдастырған көрмені айыптады. Болгарияның сыртқы істер министрлігі Софиядағы Ресей елшілігін совет әскерінің Болгарияға кіруін "азат ету" деп қарастыратын "тарихи тұрғыда даулы тұжырымды қолдамауға" шақырды.

Болгариядағы ресейлік тарихшылар қауымдастығы дайындаған көрме 9 қыркүйекке жоспарланған. 1944 жылы дәл осы күні совет әскері Болгария аумағына кірген. 1989 жылға дейін бұл күн елде ұлттық мереке ретінде тойланып келген.

Болгария сыртқы істер министрлігі таратқан ресми мәлімдемеде СССР-дың Еуропадағы нацизмді жеңуіне үлес қосуына қарамастан "жарты ғасыр бойы Орталық және Шығыс Еуропа халықтары совет әскерінен зардап шекті, қуғын-сүргінге ұшырап, азаматтық ар-намысы тапталды, экономикалық тұрғыда тығырыққа тірелді, дамыған Еуропа мемлекеттеріндегі даму процестерінен алшақтатылды, бұған көз жұмып қарауға болмайды" деп жазылған. Болгариян сыртқы істер министрлігі Ресей елшілігін елдегі жекелеген саяси күштер ғана жақтайтын "азат ету" жайлы даулы тарихи концепцияны қолдамауға шақырған.

Ал Ресейдің Софиядағы елшілігі Facebook-тағы парақшасында Болгария сыртқы министрлігіне жіберген жауабын жариялап қойған. Онда "Шығыс Еуропаны нацизмнен азат етуге арналған көрме болгар қоғамын ресейлік мұрағат деректерімен таныстыруды ғана көздейді. Құжаттардың көбі бұған дейін белгісіз болып келген немесе жақында ғана табылған және Қызыл Армияның адамзатты фашистік обадан арылтудағы рөлін баяндайды...Экспозициямен таныспай тұрып, қандай да бір ресми мәлімдеменің пайда болғанына сәл таңырқап тұрмыз" делінген жауапта.

Болгария Мәскеумен достық қарым-қатынасты қолдайды. Елде бұрынғы коммунистік партияны жақтайтындар көп. Жыл сайын 9 қыркүйекте Софиядағы совет әскері ескерткішіне гүл шоқтары қойылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG