Accessibility links

Бірнеше қалада "Қытай экспансиясына" қарсы акциялар өтті


Нұр-Сұлтандағы жаңаөзендіктерді қолдау акциясы. 4 қыркүйек 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы жаңаөзендіктерді қолдау акциясы. 4 қыркүйек 2019 жыл.

4 қыркүйекте түске дейін Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Алматыда "Қытай зауыттарының салынуына қарсы" наразылық шаралары өтті.

Ақтөбеде жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 10 шамасында облыстық әкімдік ғимаратының алдына жүз шақты адам жиналып, "Қытай жобаларынан бас тартуды" талап етті. Елде "Қытай жобаларының қаптап бара жатқанын" сынаған азаматтар "Қытай экспансиясына жол бермейміз!", "Қытай зауыттары салынбасын!" деп айқайлады. Жиналған азаматтар мұндай мәселеге жол берген билікті кінәлады.

- Бұрын қалада трикотаж, аяқ киім фабрикасы, тері өңдейтін зауыт, жиһаз зауыты болған еді. Олардың бәрі қайда кеткен? Ешқайсысын сақтай алмадық. Бізге Қытай зауыттарының керегі не? Әкімдік, біздің фабрикалар қайда кеткен? - деді сөзін жергілікті билікке сұрақ қоюмен аяқтаған азаматтардың бірі.

Ақтөбедегі наразылық акциясы. 4 қыркүйек 2019 жыл.
Ақтөбедегі наразылық акциясы. 4 қыркүйек 2019 жыл.

Акцияға келген әйелдердің бірі "Билік шетелдік инвесторларға келгенде жомарт, бар жағдайын жасайды. Ал көп балалы аналарға келгенде үнемшіл бола қалады. Тамыз айында берген атаулы әлеуметтік көмекті менен қайтаруды сұрап жатыр. Менің оны қайтаруға шамам жоқ" деп жылады.

Жиналғандарға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова және өзге де шенеуніктер барып, "бұл рұқсат етілмеген жиын" деп жұртты таратуға тырысты. Бірақ наразы топ олардың ескертулеріне құлақ аспады.

"Қазір жергілікті билік бәрін тыңдауға дайын. Бірақ тұрғындар заңсыз шығып, мәселелерді көтеріп жатыр. Ең бастысы - нақты ұсыныс жоқ. Бір фейкті тыңдап алған. Енді қазір ешкім ешкімді тыңдамайды" - деді Марат Тоғжанов.

Тұрғындар "билік талаптарымызды орындамайынша осылай наразылық шараларын өткізе береміз, ертең де жиналамыз" деп айтып, тарасты.

Дәл осыған ұқсас акция Нұр-Сұлтан мен Шымкентте де өтті.

4 қыркүйекте Шымкент әкімдігі алдында отызға жуық адам жаңаөзендіктерді қолдап, "Қытай экспансиясына" қарсылық білдірді. Шымкент қаласы және Түркістан облысынан келген азаматтар Қазақстан билігін сынап, биліктен қытайлық жобалардан бас тартуды талап етті.

- Біздің осылайша өлместің күнін көріп отырғанымызға кім кінәлі? Сіздер билік кінәлі дейсіздер. Жоқ, біз өзіміз кінәліміз. Себебі, үндемей отырамыз. Неге біз үндемейміз? Бассыздық, жемқорлық неге болып жатыр дейсіз? Бәрі үнсіздіктен. Әділ мемлекет болуы керек. Егер болашағымызды өзіміз ойламасақ, ешкім бізді ойламайды, - деді Шымкент тұрғыны Әбдірахман Рахымбек.

Шымкенттегі қарсылық акциясы. 4 қыркүйек, 2019 жыл.
Шымкенттегі қарсылық акциясы. 4 қыркүйек, 2019 жыл.

Түркістан облысы Отырар ауданынан келгенін айтқан Сәбит Сыздықбек есімді азамат "еліміз отыз жыл ішінде мүшкіл хәлге жеткеннен кейін алаңға шығып жатыр. "Отыз елдің қатарына қосыламыз" деген билік елді екі сиырмен күн көруге шақырды" деп елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамда қызу пікір туғызған "екі сиыр" жайлы сөзін еске алды.

Белсенділер пікірлерін айта бастаған кезде оларға әкімдік өкілдері келді. Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев наразы топқа "мұндай жиын өткізу үшін рұқсат алу керек" деп жиынның заңсыз екенін түсіндіруге тырысты. Ал жиналғандардың бірі шенеуніктің сөзін тоқтатып, "ал сіздер халықтан рұқсат сұрап жатсыздар ма? Мен шетелде емес, өз елімде жүрмін. Назарбаевтан тууға да рұқсат сұрау керек пе?" деді.

Шенеунік оларды алаң маңындағы қазақ драма театрына кіріп сөйлесуге шақырғанмен жиналғандар бас тартты. Олар қала әкімі Ерлан Айтахановқа талаптарын жеткізуді сұрады. "Қазақстан бойынша жер кімнің атында? Кімде қанша жер бар? Тізімін үкіметтің сайтына ресми жарияласын. Жаңаөзендіктерді қолдаймыз! Жер Қытайға берілмесін!" деді.

Әкімнің орынбасары "Қазақстандағы тұрақтылықты" алға тартып, басқа елдермен салыстыруға шақырды. Осылайша ашулы топты тыныштандыруға тырысты. Ал жиналғандар "Жаңаөзен халқын қолдаймыз! Оларға қайта оқ атуға жол бермейміз! Саяси тұтқындар босатылсын!" деп айқайлап, екі сағаттан соң тарасты.

Қарсылық акциялары кезінде тек "Қытай экспансиясы" ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайы, маусым айында болған президент сайлауы кезіндегі "заңбұзушықтар", саяси тұтқындар, ресейлік зымырандардың Қазақстан аумағында жиі құлауы сияқты мәселер көтерілген.

Тікелей эфирді көріңіз: (Нұр-Сұлтандағы акция)

3 қыркүйекте Жаңаөзеннің екі жүзден астам тұрғыны қаланың орталық алаңына жиналып, Қытайдың Қазақстандағы жобаларын тоқтатуды талап еткен еді. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте де белсенділер «Қытай экспансиясына қарсы» акция өткізген.

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын - төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел.

2018 жылы Қазақстан Қытайдан екі миллиард 62 миллион юань көлемінде несие алды. 2019 жылы сәуірде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде өткен "Бір белдеу – бір жол" форумына қатысып, Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтты.

Қазақстанның Қытайдан қарыз алуы халық арасында сынға ұшырады.

Елде Қытай-Қазақстан қатынасына қарсылық күшейген тұста ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге ресми сапармен бармақ. 11-12 қыркүйекке жоспарланған сапарда Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин екі ел арасындағы қарым-қатынасты талқылайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG