Accessibility links

Құқық қорғаушы: Құрманғазы Өтегеновті Павлодардан Таразға этаппен жөнелтті


Құрманғазы Өтегенов "Шаңырақ ісі" бойынша сот кезінде. Алматы, 11 қыркүйек 2007 жыл.
Құрманғазы Өтегенов "Шаңырақ ісі" бойынша сот кезінде. Алматы, 11 қыркүйек 2007 жыл.

"Шаңырақ ісі" бойынша ұзақ жылға сотталған Құрманғазы Өтегенов 30 тамызда Павлодардағы түрмеден Таразға этаппен жөнетілген. Бұл туралы 4 қыркүйекте Азаттыққа павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова хабарлады. Ақпаратты Өтегенов осы уақытқа дейін жазасын өтеген Павлодардағы қатаң режимдегі АП-162/4 мекемесінің қызметкері растады.

Елена Семенованың Азаттыққа айтуынша, Павлодар түрмесінде жақында Өтегеновке "тәртіп бұзғаны үшін" шара қолданылып, оны "түрме тәртібін қасақана бұзушылар" тізіміне енгізген. Түрме қызметкері бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме беруден бас тартты.

Құрманғазы Өтегеновті 27 шілдеде Павлодар қаласындағы тергеу абақтысынан АП-162/4 мекемесіне қайтарған. Өтегеновті тергеу абақтысына өзі және тағы бірнеше жаза өтеушінің биылғы шілде айының басында тінту шаралары кезінде колония қызметкерлерінің тұтқындарға қатыгездік танытып, адамгершілік ар-намысын қорлағаны туралы берген шағымдарына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында 11 шілдеде ауыстырған болатын.

Жаза өтеушінің шағымдарына байланысты Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті Азаттыққа Құрманғазы Өтегеновтің тергеу абақтысына АП-162/4 мекемесіне "тергеу амалдарын жүргізуге байланысты" ауыстырылғанын, оған арнайы құралдар "қолданылмағанын" хабарлап, тұтқынның денсаулық жағдайын "қанағаттанарлық" деп сипаттаған еді.

Құқық қорғаушы Елена Семенова Құрманғазы Өтегеновпен соңғы рет Павлодар түрмесінде 20 тамызда кездескен. Сол кезде Семенова Азаттыққа бұған дейін өзін Тараздағы колонияға ауыстыруды сұрап келген Өтегеновтің енді Павлодарда қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа жәбірленуші ретінде қатысу үшін Павлодарда қалуға тырысқанын хабарлаған. Семенованың сөзінше, Өтегенов тергеу абақтысынан АП-162/4 мекемесіне қайтып барғанда өзіне қарсы арандату жасала ма деп жеке басының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтқан.

Сол жолы Семенова жеткізген Өтегеновтің басқа шағымдарына байланысты Азаттық Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне сауал жолдаған. Департамент 29 тамызда Азаттыққа Өтегеновтің "қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп отыр, тұтқынның шағымына негіз жоқ" деп жауап берді.

43 жастағы Құрманғазы Өтегенов 2006 жылғы 14 шілдеде Алматының шетіндегі Шаңырақ елдімекенінде болған оқиғаға қатысқаны үшін сотталған. Шаңырақта сот "заңсыз салынған" деп таныған баспаналарын сүруге келген билік өкілдеріне жергілікті тұрғындар қарсылық көрсетіп, қақтығыс салдарынан полиция қызметкері қаза болған. Осы оқиғадан кейін төрт адам ұзақ мерзімге сотталған. Олардың екеуі өткен жылы мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шықты.

Сот үкімі бойынша 16 жылға бас еркіндігінен айырылған Құрманғазы Өтегеновтің жаза мерзіміне 2013 жылы түрме әкімшілігінің "заңды талабына бағынбағаны" үшін тағы екі жарым жыл қосқан. Қазақстан заңы бойынша, жаза мерзімінің үштен екісін өтегеннен кейін (2019 жылғы қыркүйектің соңында) Өтегенов өзін мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығаруды сұрап өтініш бере алады.

Өтегеновтен басқа Шаңырақ оқиғасына қатысқаны үшін 18 жылға сотталған 66 жастағы диссидент ақын Арон Атабек қазір түрмеде отыр.

Биыл 14 шілдеде, Шаңырақ оқиғасына 13 жыл толған күні, Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан түрмеде отырған әкесі мен Құрманғазы Өтегеновті қолдап Алматыда бір адамдық акция өткізген.

Оқи отырыңыз: "Шаңырақ ісі" көмескі тартса да екі азамат әлі түрмеде отыр

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG