Accessibility links

Нұр-Сұлтанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтіп жатыр


Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, адвокат Айман Омарова жиын алдында журналистер сұрақтарына жауап беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, адвокат Айман Омарова жиын алдында журналистер сұрақтарына жауап беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.

6 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы басталды. Оған кеңестің 44 мүшесімен қатар кеңес төрағасы, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып жатыр.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиын өтіп жатқан залға журналистерді кіргізбеген. Ақпарат құрал өкілдері кеңес отырысын басқа бөлмеге орнатылған монитордан бақылап отыр.

Тікелей эфирді көріңіз:

Алғашқы отырыста президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелерінің экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелер бойынша үш топқа бөлінгенін, бүгінгі отырыста әрбір топтан екі адамнан шығып, ұсыныстарын айтатынын жеткізді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамын 17 шілдеде бекіткен. Кеңесте 44 адам бар. Олардың арасында адвокат Айман Омарова, медиа менеджер Арман Шораев, экономист Мұхтар Тайжан және өзге азаматтар бар.

Алғашқы отырыс алдында кейбір қолданушылар жиында саяси тұтқындар сияқты өткір мәселелер қозғалуы керек деп айтқан.

​Қазақстанда көктемнен бері билікке қарсы наразылық шаралары көбейді. Наразылар биліктен саяси жүйені өзгертуді және әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етіп келеді. 9 маусымда Қазақстан президентін сайлау кезінде елдің бірнеше қаласында халық сайлауға және билікке қарсы наразылыққа шыққан. Осы күні полиция мыңдаған адамды күштеп ұстаған.

Кейін сайлауда 70 пайыздан артық дауыспен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев "халықтың жағдайы нашарлап кеткен соң наразылық көбейгенін, саяси өзгеріс болмаса, елдің жағдайы жақсармайтынын" айтқан. Нарызылық көбейген соң Тоқаев билік пен халықтың арасында диалог орнататын қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Ақорда қоғаммен диалог орната ала ма?

Бірақ кейбір сарапшылар Тоқаевтың кеңес құру идеясын сынаған. Олар "бұл кеңес мәжіліс депутаттары мен ақпарат және қоғамдық даму министрінің жұмысын қайталайды" деген.

​Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұқсас орган бұрын да болған. Оппозициялық күштердің белсенділігінен кейін Қазақстан билігі 2002 жылы қарашада Азаматтық қоғамды одан әрi демократияландыру мен дамыту жөнiндегi ұсыныстарды тұжырымдау жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн кеңес құрған еді. 2016 жылы жер митингілері күшейген тұста да қоғамдағы наразы топтармен мәміле қылу үшін Жер комиссиясы құрылған. Кейін бұл кеңестер тараған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG