Accessibility links

"Халық құрылтайы": "Қытайға сапарында Тоқаев көршіден қарыз алмасын!"


Алматыдағы "Халық құрылтайы" жиыны. 7 қыркүйек 2019 жыл.
Алматыдағы "Халық құрылтайы" жиыны. 7 қыркүйек 2019 жыл.

Алматыда өтіп жатқан "Халық құрылтайында" Қазақстанның "Қытай экономикасына тәуелділігі" мәселесі сөз болды.

"Қазақстанның қаржылық-экономикалық ахуалы" туралы баяндама жасаған экономист Айдар Әлібаев "президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі аптадағы Қытайға сапарында көрші елден жаңадан қарыз алмасын. Жиынның резолюциясына осыған байланысты бірнеше талап енгізілсін" деген ұсыныс айтты. Көпшілік оны қолдады.

"Қытайға ресми сапармен баратын президент көрші елден қарыз алмауы тиіс. Бұл елдің тәуелсіздігінен айрылуына апарады. Тәжікстан, Африканың жартысы, Шри-Ланка сияқты көптеген елдер Қытайдан алған қарызын төлей алмай, қиын жағдайда қалды. Жақында Шри-Ланка Қытайдан алған несиесін өтей алмай, несие өтеуі ретінде теңіз портын беруге мәжбүр болды. Қытайға сапарында президент сонымен бірге көрші елмен шикізат игеру, зауыт салу сияқты келісім-шарттар жасаспасын. Түрлі дерек бойынша, Қазақстанның Қытайдан алған қарызы 20 миллиард долларға жетеді. Бұл қарыздан тезірек құтылуымыз керек. Қытай несиесінің салдары күрделі" деді Айдар Әлібаев.

Жиын кезінде авторитарлық билікті сынаған журналист Гүлжан Ерғалиева "егер халық бірігіп, билікке нақты талаптарын қоймаса, мұндай бассыздық жалғаса береді" деді. Ол елде халықтық-демократиялық партия құрып, алдағы парламент сайлауына қатысуы тиіс деген ұсыныс айтты.

Желтоқсаншы Хасен Қожа-Ахмет "билікке халық талабын орындауы үшін желтоқсанға дейін уақыт берейік, орындамаса биліктен бас тартып, өзін-өзі атқару жүйесіне көшуіміз керек. Бұл Ата заңда жазылған" деді.

"Халық құрылтайына" шамамен 300 шақты адам қатысып жатыр. Жиналғандар арасында Талдықорған, Шымкент, Атырау, Семей, Шардара, Сарыағаштан келгендер бар. Жиында негізінен елдегі саяси ахуал, авторитаризм, әлеуметтік жағдай, Қытай мәселесі талқыланып жатыр.

3 қыркүйекте Жаңаөзеннің екі жүзден астам тұрғыны қаладағы орталық алаңға жиналып, Қытайдың Қазақстандағы жобаларын тоқтатуды талап еткен еді. Олар Қасым-Жомарт Тоқаевтан Қытайға ресми сапармен бармауды да талап еткен. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте де белсенділер "Қытай экспансиясына қарсы" акция өткізген.

Ал Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Сяо митингілердің екі ел басшыларының кездесуі алдында өтіп жатқаны кездейсоқ емес екенін алға тартып, мұндай наразылықтың ар жағында "қандай да бір саяси күштер" тұр деп айтқан.

Осы апта соңында премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек "наразылыққа түрткі болған жобалар жайлы ақпараттың халыққа дұрыс жетпей жатқанын айтып", Қазақстан мен Қытай бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар туралы СІМ-ге қарасты арнайы комитет толық ақпарат беруі тиіс деген еді. Билік өкілдерінің түсіндіруінше, "инвестициясыз ел экономикасын алға жылжыту мүмкін емес және Қазақстан тек Қытай ғана емес, өзге де елдермен экономикалық әріптестік орнатып, бірлесіп түрлі жобаларды жүзеге асырып жатыр".

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары 11-12 қыркүйекке жоспарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG