Accessibility links

Алматыда пикетке шыққан тұрғын даулы сот шешімдерін тексеруді талап етті


Алматы қалалық соты алдында жиналып тұрған азаматтар. Көрнекі сурет.
Алматы қалалық соты алдында жиналып тұрған азаматтар. Көрнекі сурет.

9 қыркүйекте жергілікті уақытпен сағат 13:00-те Алматы қалалық сотының алдында жалғыз адамдық пикет өткізген жергілікті тұрғын Нәйла Қабылдинова конституциялық құқығы бұзылғанын айтып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан елдегі сот шешімдерімен келіспейтін азаматтардың шағымын қарайтын арнайы комиссия құруды талап етті.

- Президент болып сайланбай тұрып және одан кейін берген уәдеңізді орындап, менің және мен сияқты арыз айтып жүрген жүзге жуық азаматтың шағымын қарап, істі әділетті шешу үшін тәуелсіз көшпелі комиссия құруды талап етемін, - деді ол.

Азаматтық іс бойынша шыққан сот шешімімен келіспейтін Нәйла Қабылдинова сәуір айынан бері Нұр-Сұлтанға президент әкімшілігіне арызданып төрт рет барғанын, бірақ президенттің қабылдауына кіре алмағанын айтады. Дүйсенбіде дәл осындай талаппен Нұр-Сұлтанда Министрлер үйі маңында он шақты азамат өздеріне немесе туыстарына байланысты сот шешімдері және күш құрылымдарының іс-әрекетімен келіспейтінін мәлімдеп, пикет өткізген. 9 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда бір адамдық акция өткізбекші болған азаматтық белсенді Санавар Закированы дүйсенбі күні таңертең полиция департаментіне жауап алуға шақырған. Бұған дейін партия құратыны туралы мәлімдеген белсенді полицияның шақыртуы өзінің партия құруына қарсы биліктің жасап жатқан кезекті кедергісі болуы мүмкін деп мәлімдеген.

Қазақстан президенті Тоқаев 2 қыркүйекте парламентте халыққа жолдауын жариялағанда өз әкімшілігінде мемлекеттік органдардың азаматтардың шағым-өтініштерін қарау сапасын қадағалайтын бөлім ашылатынын айтқан. "Қандай бір салада қабылданған әділетсіз шешімге байланысты арыз-шағымдардың қайталануы нақты мемлекеттік органда немесе аймақта жүйелі проблемалар барын білдіреді" деген ол.

Тоқаев президент қызмет атқаруға кіріскелі бері Ақордаға түрлі арыз-шағымдармен барған азаматтар президентке жолыға алмай, өзге шенеуніктердің алдынан қайтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG