Accessibility links

Нұр-Сұлтанда 50 шақты құрылысшы компаниядан еңбекақыны талап етті


"Шар құрылыс" компаниясы кеңсесінің алдына еңбекақыларын төлеуді талап етіп жиналған жұмысшылар. Нұр-Сұлтан, 9 қыркүйек 2019 жыл.
"Шар құрылыс" компаниясы кеңсесінің алдына еңбекақыларын төлеуді талап етіп жиналған жұмысшылар. Нұр-Сұлтан, 9 қыркүйек 2019 жыл.

9 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда "Шар құрылыс" компаниясы кеңсесінің алдына еңбекақыларын төлеуді талап етіп 50 шақты жұмысшы жиналды. Олар кей жұмысшылардың "алты айдан бері еңбекақысыз жүргенін" айтады.

- Кейбіреулерге төрт ай, енді біреулерге жарты жыл бойы төлеген жоқ. Өткен жолы өтініш жаздық. Бастық "осы аптада төлеймін" деген. Бірақ апта өтіп кетті, - деді жұмысшы Әбілда Бидашев.

Жұмысшы төлейтін ақшасы болмағандықтан өзі жалдап тұрып жатқан пәтердің иесі одан баспанадан шығуды талап етіп жатқанын айтты.

Құрылыс компаниясының директоры Берік Аманов жұмысшыларға берешек ақшаны төлеуге уәде етеді.

- Төрт ай бойы еңбекақыны төлей алмадық. Бұйыртса, қыркүйектің ортасында төлейміз. Қазір біз 250 миллион теңге берешекпіз, - деді ол.

6 қыркүйекте Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Нұр-Сұлтандағы екі ірі құрылыс компаниясының өз жұмысшыларына жалпы сомасы 304 миллион теңге қарыз болып отырғанын хабарлаған. Оның мәліметінше, "Шар құрылыс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 326 жұмысшыға 206,5 миллион теңге төлемеген.

Министрдің сөзінше, Қазақстан бойынша жұмыс істеп жатқан 39 кәсіпорын екі мыңға жуық адамның еңбекақысына 683 миллион теңге берешек.

Бұған қоса банкрот деп жарияланған кәсіпорындардан еңбекақысын ала алмай жүрген 2,3 мың жұмысшы бар. Қазақстандағы 86 кәсіпорынның еңбекақыға берешегі 983 миллион теңгені құрап отыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG