Accessibility links

Зеленский депутаттарды тиіспеушілік мәртебесінен айыратын заңға қол қойды


Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина президенті Владимир Зеленский.

Украина президенті Владимир Зеленский депутаттарды тиіспеушілік мәртебесінен айыратын заңға қол қойды. Заң 2020 жылдың қаңтарында күшіне енеді.

Заң бойынша, украиналық депутаттарды Жоғарғы рада (парламент) рұқсатынсыз ұстап, қамауға алып, қылмыстық жауапқа тартуға болады.

Депутаттарды тиіспеушілік мәртебесінен айыру - биыл президент қызметіне кіріскен Зеленскийдің сайлауалды кампаниясы кезінде берген негізгі уәделерінің бірі.

Президент қол қоярдан бұрын заң жобасын Украина парламентінің басым бөлігі қолдап дауыс берген. Депутаттар заң жобасының Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенко ұсынған үлгісін қолдады. Раданың алдыңғы шақырылымы заң қабылданады деп уәде бергенімен, құжатты қарастырмаған.

Кеше, 10 қыркүйекте парламент президент импичменті туралы заң жобасын қабылдаған. Заң бойынша, президент мемлекетке опасыздық не басқа да қылмыс жасаса Жоғарғы рада оны алып тастай алады.

Тамыз соңында Украинада үкімет ауысып, рада жаңа премьер-министрі таңдаған. Экс-премьер Владимир Гройсманның министрлер кабинеті отставкаға кеткен. 290 депутат президент Владимир Зеленский мен оның парламенттегі "Слуга народа" фракциясы ұсынған Алексей Гончарукті қолдап, премьер-министр етіп тағайындады. Қазіргі президенттің "Слуга народа" партиясы парламенттегі басым орынға ие.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG