Accessibility links

Қырғыз депутаты БҰҰ және ЕҚЫҰ-дан Кой-Таштағы оқиғаға баға беруді сұрады


Кой-Таш. 8 тамыз 2019 жыл.
Кой-Таш. 8 тамыз 2019 жыл.

Қырғызстандық Жогорку Кенеш депутаты Ирина Карамушкина 12 қыркүйекте БҰҰ және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) жанындағы Еуропаның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросынан 7-8 тамызда Кой-Ташта болған оқиғаға баға беруді сұрады.

Оның айтуынша, билік Қырғызстанның социалистік-демократиялық партиясы (ҚСДП) мен ақпарат құралдарының қызметін шектеп, өрескел түрде заң бұзып жатыр.

"ҚСДП кеңсесі оналасқан "Медиафорум" ғимаратына арест салынды. Егер Алмазбек Атамбаевты қуғындап жатқан болса, бұл партия жұмысын тоқтатуы керек дегенді білдірмесе керек. Саяси партиялар туралы заңға сәйкес, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың саяси партиялардың жұмысына араласуына құқығы жоқ. Бірақ соған қарамастан "Апрель" және "7 арнаға" арест салынды. Яғни, оқиғадан хабар таратқан ақпарат құралдары мен бұрынғы президенттің әріптестерін қуғындап жатыр. Заңдар өрескел бұзылып жатыр" деді Ирина Карамушкина.

Ол жоғарыда аты аталған халықаралық ұйымдардан "7-8 тамызда Кой-ташта оқиғаларға және бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың қамалуы мен ақпарат құралдары мүлкінің арестке алыну жағдайына халықаралық баға беруді" сұраған.

7-8 тамызда Қырғызстанның Шу облысы Аламуд ауданы Кой-Таш ауылында арнайы қызмет өкілдері бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты тергеуге күштеп апаруға тырысты. Оқиға кезінде ондаған адам зардап шекті, арнайы қызметтің алты жасағын Атамбаев жақтастары кепілге алып, 20 сағат бойы Атамбаев үйінде ұстады. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің жасағы Усенбай Ниязбеков ауыр жараланып, қайтыс болды. Шу облысының ішкі істер басқармасының бастығы Самат Курманкуловтың басы жараланып, қазір Мәскеуде емделіп жатыр.

8 тамызда Қырғызстанның күштік құрылымдары Алмазбек Атамбаевты ұстады. Кейін Атамбаевқа "тәртіпсіздіктер ұйымдастыру", "заңсыз қару айналымы", "тергеуге кедергі жасау", "кепілге адам алу", "кісі өлтіру" және "адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша 14 айып тағылып, қамауға алынды.

Қазір ол мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отыр. Бұған дейін сот оның қамау мерзімін 26 қазанға дейін ұзартқан.

Кой-Таштағы оқиғадан соң көп кешікпей Атамбаев жақтастары - президент аппаратының бұрынғы жетекшісі Фарид Ниязов, партия бойынша әріптестері Алга Кылычов, Кыяз Смаилов және Амантур Жамгырчиев қамауға алынды. Олар "арнайы жасақ өкілдерін кепілге алды" деген күдікке ілінген. Дәл осындай күдікпен депутат Ирина Карамушкина да 22 тамызда үйқамаққа алынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG