Accessibility links

Адвокаттар: Су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысына қысым көрсетті


Ислам Әбішев.
Ислам Әбішев.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевтің адвокаттары қорғауындағы азаматтарға тергеу орындарының қысым жасап жатқанын хабарлады. Ислам Әбішевке "жемқорлық" бабы бойынша айып тағылып, наурыз айында қамауға алынған еді.

Ислам Әбішев және Дүниежүзілік күрес федерациясының вице-президенті Серік Түкеевтің адвокаты Ерлан Мәкеновтің пікірінше, тергеу амалдары айыптау бағытында біржақты жүріп жатыр. Оның айтуынша, айыпталушыларға қысым жасалған.

Тергеу құпиялылығына сүйенген Мәкенов қылмыстық істің мән-жайын айтпады, бірақ тергеу кезінде және тергеу сотында айыпталушылардың қорғалу құқығы бұзылғанын, олардың негізсіз қамауда отырғанын жеткізді. Нұр-Сұлтанда бүгін таңертең өткен баспасөз жиынында жазушы Дулат Исабеков тергеу орындары істі созуға тырысты деп топшылады.

Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы 63 жастағы Ислам Әбішев және Дүниежүзілік қазақша күрес федерациясының вице-президенті Серік Түкеев 2019 жылы 14 наурыздан бері тергеу изоляторында қамауда отыр.

Жемқорлықпен күрес қызметі сол уақытта Ислам Әбішев пен оның "ықтимал сыбайласына" қатысты тергеу басталғанын хабарлап, олардың "еншілес компаниядан 60 миллион теңге көлемінде пара алды" деген күдікке ілінгенін мәлімдеген.

Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал Құспановтың айтуынша, су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысына "пара алуға оқталу" бабы бойынша айып тағылған. Құспанов сөзінше, іс материалдарымен танысқан адвокаттар "стнеограммадан Әбішевтің белгілі бір қаражатты алмақ болғаны немесе алуға келіскені жайлы бірде-бір сөз таба алмаған". Адвокаттардың сөзінше, жемқорлықпен күрес қызметі жақын арада қылмыстық істі сотқа жібермек. Ислам Әбішев қуғындауды комитет басшысы болып тұрған кездегі жұмысымен байланыстырған.

Адвокаттардың айтуынша, айыпталушылар алдағы сот отырысында "қылмыстық істі ұйымдастырған адамдардың аты-жөнін атамақ".

Ал жемқорлықпен күрес қызметі адвокаттардың қысым жайлы бүгінгі мәлімдемесіне байланысты түсініктеме бермеді.

Ислам Әбішев қызмет атқарған су ресурстары комитеті "Казводхоз" кәсіпорнының қызметін реттейді. Бұл кәсіпорынның республикалық маңызы бар су нысандарын пайдалану, сақтау, ауыз сумен қамтамасыз ету және өзге де міндеттері бар.

Ислам Әбішев ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су ресурстары комитетінің жетекшісі болып ең алғаш рет 2012 жылы ақпан айында тағайындалған. Мұнда 2013 жылдың шілде айына дейін қызмет еткен. 2014 жылдың сәуір айында қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне қарасты су ресурстары комитетін басқарған. Осы жылы тамыз айында ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су ресурстары комитетінің төрағасы болып тағайындалып, 2019 жылы наурыз айында қамауға алынғанға дейін сонда қызмет етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG