Accessibility links

Белсендіге оқ атылған соң Талғар ауданының әкімі қызметінен кетті


Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігі. 3 қыркүйек 2019 жыл.
Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігі. 3 қыркүйек 2019 жыл.

Өткен айда жергілікті белсендіге шабуыл жасалған Алматы облысы Талғар ауданында әкім ауысты. Рыскелді Сәтбаевтың "өз өтініші" бойынша аудан әкімі қызметінен кеткені туралы бүгін, 13 қыркүйекте Азаттыққа облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел хабарлады.

- Қазір Талғар ауданы әкімдігінде облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен актив жиыны өтіп жатыр. Президент әкімшілігінің, аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Жолан Омаров Талғар ауданы әкімі болып тағайындалды, - деді ол жұма күні таңертең Азаттыққа.

Жолан Омаров бұған дейін Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі болып істеген. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Талғар ауданының бұрынғы әкімі Рыскелді Сәтбаевтың "денсаулығына байланысты өз өтініші бойынша" қызметтен кеткенін, "басқа себебі жоқ" екенін айтты.

Бұған дейін, тамыздың 26-сы күні Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігіне барған Панфилов ауылдық округіне қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғыны, аудандағы әлеуметтік проблемаларды көтеріп жүрген белсенді Галина Арзамасованы белгісіз біреу пневматикалық қарудан атып жаралаған. Кейін полиция бұл шабуылға күдікті ретінде Талғар ауданының 22 жастағы тұрғынын ұстап, "бұзақылық" бабы бойынша іс қозғаған. Тамыздың 29-ы күні Арзамасоваға жасалған шабуылға байланысты Панфилов ауылдық округінің әкімі мен оның жүргізушісі ұсталып, кейін сот шешімімен екеуі бір айға қамауға алынған.


Қазақстанда әлеуметтік-саяси мәселелерді көтеріп жүретін азаматтық және кәсіподақ белсенділері қоқан-лоқы мен қудалауға жиі ұшырайды.

Биыл мамырда "жиырма жылдан бері қоғамдық жұмыспен айналысып, тұрғындар мәселесін көтеріп жүрген" қарағандылық белсенді Ғалы Бақтыбаевты үйінің алдында белгісіз біреулер атып өлтіріп кетті. Туыстарының сөзінше, қазасына дейін белсендіге бірнеше рет қастандық жасалған. 22 тамызда Қазақстанның ішкі істер министрлігі "Бақтыбаевты өлтіміне күдікті төрт адамның ұсталғанын" хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG