Accessibility links

Мәселесін шеше алмай жүрген әйелдер бірігіп, билікке хат тапсырды


Нұр-Сұлтанда бір топ ана үкімет үйі алдына барып, әлеуметтік мәселелерінің шешілуін талап етті. 14 қыркүйек 2019 жыл. Format: JPG

14 қыркүйекте сағат 11.30 шамасында Нұр-Сұлтанда бір топ ана үкімет үйінің алдына барып, әлеуметтік мәселелерінің шешілуін талап етті.

Бүгінгі наразылықтың ерекшелігі - оған әртүрлі мәселесі бар әйелдер жиналған: көп балалы аналар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар, борышкерлер, мүгедек әйелдер. Олардың арасында Шымкент, Ақмола облысы, Қостанай, Алматыдан келгендер де болды.

Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

Үкімет үйінің алдына жиналған жиырма шақты әйелдің арыз-тілектерін тыңдауға Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің өкілі Елнұр Бейсенбаев және президент әкімшілігінің өкілі Данияр Қадыров шықты.

Әйелдер осыған дейін "тонна-тонна арыз тастадық, бәрі қайда?" деп ашуланды. Олар көптен бері билікке көмек сұрап, арыз жазғандарын, мәселе сол күйі қалғанына шағымданды.

"Бізге құрғақ уәде керек жоқ. Нақты әрекет керек" деді жиналғандардың бірі.

Ал Қадыров "әйелдердің мәселесі қаралып жатқанын, оны шешу үшін уақыт қажет екенін" айтты.

Наразы әйелдер бұдан соң билікке 15 шақты пунктен тұратын хат тапсырды. Онда тек әлеуметтік қана емес, республикалық маңызы бар ірі мәселелер де көтерілген. Арызды көпшілік алдында белсенді Қанағат Тәкеева оқып берді. Хатта жазылған талаптардың арасында елдегі ұлттық компанияларды мемлекет меншігіне қайтару, қытай зауыттарының салынуына тыйым салу, республика азаматтарының әрқайсысына 10 сотықтан тегін жер үлестіру, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеймін деген шаруа-диқандарға көмек көрсетіп, субсидия алуына жағдай жасау, әйелдер мен балаларды қолдайтын "Бақытты ана", "Бақытты бала" сияқты мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру сияқты пунктер бар. Қанағат Тәкеева сонымен бірге ұлтық қоғамдық сенім кеңесіне халықтың сенімі жоғалғанын, соған балама ретінде қоғамдық кеңес құруды талап етіп отырғанын жеткізді. Оған қиын жағдайға тап болған әйелдер де кіруі қажет екенін айтты.

Өзін президент әкімшілігінің қызметкері ретінде таныстырған Данияр Қадыров Азаттыққа әйелдердің "арызы қабылданғанын айтып, заңда белгіленген мерзім аралығында жауап беретінін" жеткізді. Ал Қанағат Тәкеева әйелдердің билікке мәселелерін шешу үшін 20 қыркүйекке дейін уақыт бергенін айтып, келесі апта соңында тағы жиналамыз деп тарқасты.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы көбейген. Олар мемлекеттің көп балалы отбасыларға тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен.

27 ақпанда “Нұр Отан” партиясының жиынында сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмекті 70 пайызға өсіруді, көп балалы отбасылардың әр баласына 21 мың теңге төлеуді бұйырған. Кейін парламент атаулы әлеуметтік көмек туралы заң қабылдап, оған Назарбаевтың орнына келген қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, 15 тамыздағы жағдай бойынша 1,8 миллион қазақстандық АӘК алған. Бюджеттен АӘК төлеу үшін 103 миллиард теңге (335 млн доллар) бөлінген. Жәрдемақы алғандардың 42 пайызы қалада, 58 пайызы ауылда тұрады.​

Бірақ әр аймақтан аналар әлеуметтік көмекті рәсімдеу және алу кезінде түрлі проблемаға кезіккенін мәлімдеп, көпшілігі өтелмеген кредиті болғандықтан әлеуметтік жағдайы төмен топтарға билік мемлекеттік бағдарлама аясында ұсынған жеңілдікті ипотекаға қол жеткізе алмай жүргендерін айтады.

Ел үкіметі жеңілдетілген ипотека мен арзан жалдамалы баспана бағдарламасын да жасады. Маусымда Тоқаев жағдайы төмен отбасылардың кредиттерін жабу туралы жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, елдегі 500 мың тұрғынның 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG