Accessibility links

Қазақстанның екі балуаны Токио олимпиадасына жолдама иеленді


Асхат Ділмұхамедов (оң жақта) әлем чемпионатында ресейлік Роман Власовты жеңген сәт. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2019 жыл. (Сурет olympic.kz сайтынан алынды. Авторы - Ізтұрған Алдауев)

Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық балуандар Мейрамбек Айнақұлов (60 келіде) пен Асхат Ділмұхамедов (77 келіде) 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарына жолдама алды.

Екі балуан да өз салмақ дәрежелерінде жартылай финалға шықты. Олимпиадаға іріктеу ережесіне сай, олимпиадалық салмақтарда алтылыққа енген балуандар Токио ойындарына лицензия иеленеді.

Айнақұлов 60 келіде алғашқы айналымда Бразилия атынан жарыстарға қатысып жүрген қазақ Марат Гариповты, литвалық Юстас Петравичюсты, хорватиялық Иван Лизатовичті жеңді. Ал жартылай финалда былтырғы әлем чемпионы ресейлік Сергей Емелиннен жеңілді. Айнақұлов енді қола жүлдеге таласады.

Ал 77 келіде белдескен Ділмұхамедов алғашқы айналымда чех Олдрих Барганы, екі дүркін олимпиада чемпионы Роман Власовты (Ресей), 2017 жылғы әлем чемпионы Виктор Немешті (Сербия) жеңген. Бірақ жартылай финалда Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері, былтырғы әлем чемпионатында күміс алған Тамаш Лёринцтен (Венгрия) жеңілді. Ділмұхамедов те қолаға таласады. 60 және 77 келіде финалдық белдесулер 17 қыркүйекте өтеді.

Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында Қазақстан грек-рим күресінен әзірге бір күміс, бір қола медаль иеленді. 15 қыркүйекте 55 келіде Қорлан Жақанша - күміс, 63 келіде Алмат Кебіспаев қола жүлде алды. 55 және 63 келі олимпиада бағдарламасына енбейді.

Қазақстан ұйымдастырып жатқан әлем чемпионаты 22 қыркүйекте аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG