Accessibility links

БҰҰ адам құқығы комитеті белсенді Өктешбаевтың арызына қатысты шешім шығарды


Есенбек Өктешбаев.
Есенбек Өктешбаев.

БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті қазақстандық белсенді Есенбек Өктешбаевтың шағымына қарап, «Қазақстан билігі азаматтық және саяси құқық бойынша Халықаралық пактіні бұзды» деген шешім шығарған. Бұл туралы 16 қыркүйекте құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында жазды.

«Халыққа баспанасын қалдырайық» қозғалысының жетекшісі Өктешбаев 2014 жылы күзде Астанадағы (қазіргі – Нұр-Сұлтан) қарсылық акциясы кезінде ұсталғанын заңсыз деп санап, БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетіне шағымданды.

2014 жылы қазанда Қазақстанның әр аймағынан келген 200-дей борышкер Ақордаға кіріп, билікке шағымдарын тапсырмақ болған. Сот Өктешбаевты «бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды» деп 15 күнге қамаған. Апелляциялық сот Өктешбаевке шыққан үкімді өзгертпеген.

Биыл 10 қыркүйекте шыққан комитет шешімінде «Қазақстан үкіметі Өктешбаевтың бейбіт митингіге шығу және сотта өзін қорғау құқығын бұзды» деп жазылған.

Биыл маусымда БҰҰ Адам құқығы кеңсесі ресми мәлімдеме жасап, Қазақстандағы 9-10 маусымдағы полицияның адамдарды жаппай ұстауына алаңдаушылық білдірген. Кеңсе «полицияның әрекеті халықаралық құқықтарды бұзады» деп мәлімдеп, Қазақстан билігін халықаралық заңдарды сақтауға шақырған.

Халықаралық пактінің 2 бабына сай, БҰҰ мүшесі саналатын ел Адам құқығы комитетінің шешімінен кейін құқығы бұзылған адамның шығынын толық өтеуі тиіс. Ал шағымданушы комитет шешімінің орындалуын талап етіп, сотқа арыздана алады.

Құқық қорғаушылар БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетінің шешімін мемлекет орындауы тиіс деп санайды. Ал ресми органдар БҰҰ комитетінің шешімін мемлекет орындауға міндетті емес деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG