Accessibility links

Әкімдікпен соттасып жатқан белсенділер соты жауапкер жақтың қатысуынсыз өтіп жатыр


Шымкент соты. Көрнекі сурет.
Шымкент соты. Көрнекі сурет.

19 қыркүйек күні Шымкенттегі Қаратау аудандық сотында "митинг өткізуге рұқсат етпегені үшін әкімдіктің үстінен азаматтық шағым түсірген" белсенділер Ерғали Құлбаев, Нұржан Мухамадов пен Данияр Байтілеудің шағымы бойынша сот жалғасты. Оған белсенділердің оннан аса жақтаушысы мен прокурор, белсенді Данияр Байтілеу мен оның қоғамдық қорғаушысы қатысты. Сот отырысына жауапкер жақ - қала әкімдігінен ешкім келмеді. Қыркүйек айының басында алғашқы сот отырысына келген әкімдіктің екі өкілінде сенім хат болмағандықтан процеске қатыса алмаған еді.

Бүгін отырыста шағым түсіруші Данияр Байтілеу сотқа өзімен бірге арызданған белсенділер Ерғали Құлбаев пен Нұржан Мухамадовтың "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 18 қыркүйекте қамауға алынғанын, сол себепті сотқа келе алмағанын жеткізді.

Сотта қоғамдық қорғаушы Жаңабек Әбішев белсенділердің әкімдіктен тамыздың басында митинг өткізуге рұқсат сұрағанын, бірақ әкімдіктің митинг өткізуге рұқсат бермегенін айтты. Олар бұл шарада Қазақстан азаматтарының бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібін заң жүзінде іске асыру мәселесін көтермек болған.

- Қалалық мәслихаттың шешімімен әкімдік митинг өткізуге сұралған орын бос болмаса басқа бос жерді ұсынуы керек. Әкімдік өтінішті қанағаттандырмау туралы қаулысында бос тұрған орындарды көрсетпеген. Бұл – қасақана рұқсат етпей, кедергі жасау деген сөз. Істі шешуге емес, кедергі жасауға, өткізгісі келмеуге әрекет еткен, - деді Әбішев сотта.

Бұдан кейін судья арызданушылардың жауапкерлерді сотқа алып келу туралы талап-тілегіне тоқталды. Онда қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мен қала әкімі аппараты басшысының орынбасары Гүлнұр Асылбекованы сотқа шақырып, жауап алу жайы айтылған. Прокурор соттан "істі қарау созылып кетеді" деген уәж айтып, бұл талап-тілекті қанағаттандырмауды сұрады. Ал Әбішев "екі шенеуніктің келуі істі тездетеді "деді. Судья он минут үзілістен соң келесі сот отырысына шенеуніктерді шақыруды ұйғарды.

Белсенділердің шағымын сот 3 қыркүйекте қарай бастаған. Арызданушылар "әкімдік митинг өткізуге рұқсат бермей, конституциялық құқымызды бұзды" деп санайды.

Шымкенттік белсенділер бұған дейін әкімдіктен бірнеше рет митинг өткізуге рұқсат сұрағанымен өтініштері қанағаттандырылмаған. Олар жергілікті биліктің рұқсат бермегеніне қарамастан 25 тамызда "саяси тұтқындарды" босатуды, 30 тамызда Конституцияны өзгертуді талап етіп, акция өткізген. Полиция оқиғаны сырттай бақылап тұрды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте халыққа жолдауында азаматтардың бейбіт акциялар өткізуіне арнайы орын бөлу қажеттігін айтқан.

Қазақстан заңына сай, азаматтар бейбіт митинг, наразылық шарасын өткізу үшін жергілікті әкімдіктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті билік митинг өткізуге арнайы жер бөледі. Ал халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның бейбіт жиын өткізу туралы заңын халықаралық стандартқа сай емес деп сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG