Accessibility links

Нұр-Сұлтандағы қос наразылық: Арнайы жасақ әйелдерді Ақордаға өткізбеді


Ақордаға қарай өтпек болған аналарды бөгеп тұрған арнайы жасақ өкілдері. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Ақордаға қарай өтпек болған аналарды бөгеп тұрған арнайы жасақ өкілдері. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.

20 қыркүйекте Ақорданың екі жағына екі әйелдер тобы жиналды. Бірі - өткен түнде министрлік алдында түнеп шыққан баспана мен жәрдемақы мәселесін шешуді талап еткен 30 шақты әйел. Екіншісі - белсенді Қанағат Тәкеева бастаған борышкерлер мәселесін көтеріп жүрген 20-ға тарта адам.

Бір апта бұрын соңғы айтылған топ үкімет үйіне барып, оннан астам пунктіден құралған талап хат тапсырған еді. Хатта жазылған талаптардың арасында елдегі ұлттық компанияларды мемлекет меншігіне қайтару, қытай зауыттарының салынуына тыйым салу, республика азаматтарының әрқайсысына 10 сотықтан тегін жер үлестіру, 2004-2009 жылдары ипотека бойынша баспана алған борышкерлердің несиесін кешіру сияқты пунктер болған.

Баспана мәселесін талап еткен әйелдерді қоршаған арнайы жасақ өкілдері. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Баспана мәселесін талап еткен әйелдерді қоршаған арнайы жасақ өкілдері. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.

Алғашқы топ түс кезінде Ақорда маңындағы көшелерді жағалай жүріп, Сығанақ көшесіндегі аркаға кеп тірелген еді. Олар бұл маңнан Ақордаға қарай өтпек болып еді, арнайы жасақ өкілдері олардың жолын бөгеп, ары қарай қадам бастыртпады. Бір сәт әйелдер мен СОБР жасақтары "жұлқысып, төбелесіп те қалды".

Ақордаға қарай өтпек болған аналарды бөгеген арнайы жасақ өкілдері. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Ақордаға қарай өтпек болған аналарды бөгеген арнайы жасақ өкілдері. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.

Оқиға орнында бір әйел өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем көлігін шақыртуға мәжбүр болды. Дәрігерлер оған көмектесіп, алып кетпекші болып еді, әйел наразылық орнынан кетуден бас тартты.

Дәрігерлер наразылық кезінде өзін жайсыз сезініп, құлап қалған адамға көмектесіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Дәрігерлер наразылық кезінде өзін жайсыз сезініп, құлап қалған адамға көмектесіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.

Президент әкімшілігі кеңсесі жаққа қарай өте алмаған әйелдер түскі екіге жақын ұлттық экономика министрлігі ғимаратының алдына барды.

Ал екінші топ Ақорда маңындағы Қонаев көшесінде жиналды. Олар түске дейін өздері жолдаған хатқа жауапты талап етіп, президент әкімшілігінің қабылдау кеңсесіне кірмек болып еді, полиция қызметкерлері жібермеді. Ақырында полиция Қанағат Тәкееваның ғана кеңсеге кіріп шығуына рұқсат еткен.

Полиция қызметкері Қанағат Тәкееваны президент әкімшілігі кеңсесіне қарай жетектеп барады. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Полиция қызметкері Қанағат Тәкееваны президент әкімшілігі кеңсесіне қарай жетектеп барады. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.

Тәкееваға кеңседегілер "сіздерге жауап беретін адам жиналыста отыр, сәлден соң келіп, сіздермен сөйлеседі" деп айтқан. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Тәкеева бастаған топта Жаңаөзен және Екібастұз қаласынан да келгендер болған.

Түскі екі шамасында вице-премьер Роман Склярдың көмекшісі шығып, әйелдермен сөйлесіп, ертең таңертеңгі сағат 9-да кездесіп, мәселені талқылауға келіскен. Осыдан соң бір топ әйел үйлеріне тарасқан.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы көбейген. Олар мемлекеттің көп балалы отбасыларға тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен.

Сәуір айында билік атаулы әлеуметтік көмек туралы заң қабылдап, оған сәйкес көп балалы отбасыларға әр балаға 21 мың теңгеден төленетін болды. Бұған дейін әр аймақтан аналар әлеуметтік көмекті рәсімдеу және алу кезінде түрлі проблемаға кезіккенін мәлімдеген.

Ел үкіметі жеңілдетілген ипотека мен арзан жалдамалы баспана бағдарламасын да жасаған. Алайда наразы әйелдер "алғашқы жарнаны төлеуге шамалары жетпейтінін" айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG