Accessibility links

Нұр-Сұлтанда ұсталған жаңаөзендік белсендіні полиция босатты


Жаңаөзендік белсенді Шолпан Өтекееваны "әңгімелесу бөлмесіне" алып бара жатқан адамдар. Нұр-Сұлтан, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Жаңаөзендік белсенді Шолпан Өтекееваны "әңгімелесу бөлмесіне" алып бара жатқан адамдар. Нұр-Сұлтан, 21 қыркүйек 2019 жыл.

21 қыркүйекте түске қарай Нұр-Сұлтанда бірнеше полиция қызметкері жаңаөзендік белсенді Шолпан Өтекеева тұрып жатқан Hilton Garden қонақ үйіне барып, белсендіні полиция бөлімшесіне алып кеткен.

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, өзін полиция майоры деп таныстырған Бану Әбдікәрім "белсендіні не үшін алып бара жатқанын" түсіндірмеген. Бұған қоса, оқиғаны камераға түсіріп тұрған Азаттық тілшісінің телефонын тартып алып, "неге түсіресің?" деп сес көрсеткен. Осыдан кейін белсендіден бірнеше сағат бойы хабар үзілген. Оны жақындары, таныстары іздеп таба алмаған.

Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да бірнеше қалада "рұқсат етілмеген митингі" алдында адамдар талаптары мен пікірлерін айтуға үлгермеді. Полиция оларды бірден ұстап әкетіп жатты. Наразылардың кейбірі "Саяси тұтқындарға бостандық!", "Шал дұшпан!", "Қазақтар қорықпаңдар!" деп айқайласа, кейбірі осындай ұран жазылған плакатпен шыққан еді.

Азаттық тілшісі күні бойы қалалық полиция департаменті, ішкі істер министрлігіне хабарласып, жауап ала алмады. Қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекқызы "өзінің еңбек демалысында жүргенін" айтса, ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Дидар Толқынов "мәселені анықтауға уәде берді", бірақ сол күйі жауап бермеді.

21 қыркүйекте кешкі 19.00 шамасында Шолпан Өтекееваны полицияның босатқаны белгілі болды. Азаттық тілшісіне белсенді бүгін өзін қаладағы "бірнеше полиция бөлімшесіне апарғанын (қай бөлімше екенін білмейді), сұрақ-жауап алғанын" айтты.

Белсендінің сөзінше, полиция қызметкерлері одан Нұр-Сұлтанға келуінің себебін сұраған. Ол "21 қыркүйек күнгі митинг қарсаңында Жаңаөзенде бірқатар азаматтарды түрлі қалаларға оқу-семинарға жібере бастағанын, өзін де сондай іссапармен жіберіп отырғанын" жеткізген.

Осылайша белсенді өзін түскі 12.00 шамасында полицияның ұстап, кешкі 19.00 шамасында бір-ақ босатқанын айтты. Азаттық тілшісі полициядан бұл оқиғаға байланысты нақты жауап ала алмады.

Бұған дейін "21 қыркүйек күнгі митингі" (қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын осы күні көшеге шығуға шақырған - ред.) қарсаңында Жаңаөзенде бірқатар белсенділердің басқа қалаларға оқу-семинарға жіберілгені туралы ақпарат шыққан еді. Кейбір белсенділер "билік қаладағы әлеуметтік проблемалар, жұмыссыздық мәселесін айтып жүрген белсенділерге жұрт еріп, көшеге шығып, халық толқуы ұлғайып кете ме қауіптенеді" деп болжаған.

Оқи отырыңыз: Полицияға шақыру, оқуға жіберу. Қытай жобаларына қарсылық "салдары"

"Өзенмұнайгаз" компаниясының жұмысшысы, жаңаөзендік белсенді Шолпан Өтекееваның айтуынша, алдын ала "оқу-семинар" деп айтылғанмен ол Нұр-Сұлтанда соған ұқсас ешбір шараға қатыспаған.

Ал "Өзенмұнайгаз" компаниясының жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Әділ Сүйеубай бұған дейін "мұнайшылардың оқу-семинары республикалық кәсіподақтар федерациясы бастамасымен өтіп жатқанын" айтып, оны "саясиландырмау қажеттігін" айтқан.

2-3 қыркүйекте Жаңаөзенде жүзден астам азамат Қазақстанда "Қытайдың 55 зауытын салуға" қарсылық білдіріп, кейіннен мұндай акциялар басқа қалаларда да өтті. Наразы азаматтар биліктен Қытай жобаларынан бас тартуды, көрші елден несие алмауды, онымен қарым-қатынасты шектеуді талап еткен.

Ал ресми Нұр-Сұлтан елде "таза қытайлық кәсіпорындар жоқ екенін", "көрші елмен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар арқасында елде мыңдаған жұмыс орындары ашылып, түрлі саланың алға жылжып жатқанын" айтқан.

"Қытай экспансиясына қарсы" наразылыққа қатысқан азаматтарды полиция 16 қыркүйектен бастап ұстап, кейбірін әкімшілік жазаға тартты, кейбіріне ескерту жасап босатты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG