Accessibility links

Ауғанстанда үкімет күштері шабуылынан ондаған адам қаза болды


Ауған әскерилерінің тәліптерге қарсы шабуылы кезінде қаза тапқандарды көлікке салып жатқан адамдар. Гильменд, 23 қыркүйек 2019 жыл.
Ауған әскерилерінің тәліптерге қарсы шабуылы кезінде қаза тапқандарды көлікке салып жатқан адамдар. Гильменд, 23 қыркүйек 2019 жыл.

Ауғанстанның оңтүстігіндегі Гильменд уәлаятында жексенбі, 22 қыркүйекте кешке ауған әскерилері жүргізген операция кезінде ондаған бейбіт тұрғын қаза тауып, оннан астам адам жараланған. Бұл туралы 23 қыркүйекте билік өкілдері айтқан. Шенеуніктердің мәлімдеуінше, "Талибан" қозғалысы жанкештілер дайындайтын ғимаратқа үкімет күштері шабуылдаған сәтте оның маңында үйлену тойы өтіп жатқан.

"35 бейбіт тұрғын қаза тауып, 13 адам жараланды. Ол адамдар (үкімет әскері) шабуыл жасаған жердің қасында үйлену тойында жүрген" деді Гильменд уәлаяты кеңесінің мүшесі Атаулла Афган.

Кеңестің тағы бір мүшесі Абдул Маджид Ахундзаданың сөзінше, "шабуыл салдарынан қаза тапқан 40 адамның барлығы қарапайым азаматтар".

АҚШ әскерилері осы операция барысында 22 талибандық содыр өлтірілген деп мәлімдеген. Гильменд уәлаяты губернаторы кеңсесінің өкілі Омар Звак шабуыл кезінде 14 содыр, соның ішінде алты шетелдік қаза тапқан дейді. Ол бейбіт тұрғындардың мерт болғаны туралы ақпарат тексеріліп жатқанын айтты.


Осыдан екі апта бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Кэмп-Дэвидтегі резиденциясында Ауғанстандағы "Талибан" қозғалысының жетекшілерімен өткізбекші болған келіссөзден бас тартқан. Трамп бұл шешімін Кабулда АҚШ сарбазының қазасына себеп болған шабуылдан кейін қабылдаған. Оған дейін Вашингтон Ауғанстанда 2001 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысты тоқтату мақсатымен "Талибан" өкілдерімен Қатарда келіссөздер өткізген. Оған Ауғанстан үкіметі қатыспаған.

Ауғанстанның көп бөлігіне бақылау орнатқан "Талибан" қозғалысы елден шетелдік әскерді түгелдей шығаруды талап етіп отыр.

БҰҰ дерегі бойынша, биылдың алғашқы жартысында Ауғанстанда шабуылдан қаза болған немесе жараланған адам саны 3800-ге жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG