Accessibility links

АҚШ Дамаскіні химиялық қару қолданды деп тағы айыптады


Идлиб провинциясы. Тамыз айы, 2019 жыл.
Идлиб провинциясы. Тамыз айы, 2019 жыл.

АҚШ Сирия президенті Башар Асад режимін мамыр айындағы әскери операция кезінде химиялық қару қолданды деп айыптады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның 26 қыркүйекте Нью-Йорктегі баспасөз жиынында айтқан сөзіне қарағанда, АҚШ-тың барлау қызметі бұл шабуылды зерттеген.

Помпео 2019 жылы 19 мамырда Сирияның Идлиб провинциясында болған шабуылды меңзеді. Болжам бойынша, шабуыл кезінде хлор толтырылған бомбалар қолданылған. Вашингтон бірнеше ай бұрын егер бұл хабарламалар расталса, "шұғыл және ұқсас" жауап берілетінін мәлімдеген.

Сирия билігі "химиялық қаруы жоқ екенін және химиялық шабуылдарға еш қатысы жоғын" үнемі айтып келеді.

Помпео Сирия үкіметіне жанар-жағар май жеткізетін ресейлік екі компанияға жаңадан санкция салынғанын да хабарлады. Ал Ресейдің СІМ Вашингтон шешімін "саяси ессіздік" деп атап, "санкция салынған компаниялар жанар-жағар майды Сириядағы Ресей әскери ұшақтарына ғана тасиды" деген уәж айтты.

Химиялық қаруға тыйым салу бойынша жұмыс істейтін халықаралық ұйым бұған дейін Башар Асад әскерінің химиялық қару қолданғанын бірнеше рет мәлімдеген. Мәскеу мен Дамаск "химиялық қаруды ереуілшілер қолданды" деп айыптайды. Вашингтон мұны "жалған ақпарат" деп санайды.

АҚШ басқаратын халықаралық коалиция 2014 жылы Сириядағы "экстремистермен" күрес бастаған. Бұл коалиция сириялық оппозиция күштерін қолдайды. Ал Ресей Сирияға 2015 жылы 30 қыркүйекте әскер кіргізген. Батыс елдері "Мәскеу Сирияның қазіргі президенті Башар Асад әскерін қолдайды" деп бірнеше рет айыптаған. Халықаралық ұйымдар "Башар Асад Сирияда адам құқығын бұзып отыр" деп сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG