Accessibility links

Қарағанды соты жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерін ақтады


4 қазанда Қарағандыдағы соттың судьясы Жанат Егембердиева Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның Қарағанды облысындағы департаментінің жедел қимыл бөлімінің экс-жетекшісі Данияр Кимбековті ақтады.

Кимбековке «қызметін асыра пайдаланып, пара алды» деген айып тағылған еді. Прокурор сотта оны сегіз жылға соттауды сұраған. Бірақ судья айып толық дәлелденген жоқ деген шешім шығарды.

Прокуратура «айыпталушы қызметте жүріп, өз пайдасы үшін пара алды» деген. Бұл іс бойынша кәсіпкер Жандос Шохшин жәбірленуші деп танылған.

Прокуратура өкілі сотта «Кимбеков жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілі бола тұра пара алғанын, оның кінәсі толық дәлелденгенін» айтты.

Айыпталушы сот кезінде өзіне тағылған айып бойынша қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Бірақ ол осыған дейінгі отырыстың бірінде тағылған айыппен келіспейтінін айтқан.

Ал адвокаты жарыссөз кезінде «сотта Кимбековтың айыбы толық дәлелденбегенін айтып, судьядан оны ақтауды сұрады.

Осыған дейінгі сот отырыстарында айыпталушы кәсіпкерден 30 мың доллар талап етіп, ақшаны берген жағдайда «қорғауына алатынын» айтқан. Бірақ кәсіпкер Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросына арызданған. Осы арыздан соң Кимбеков қызметінен «теріс қылықтары үшін» қуылған.

Жәбірленуші Жандос Шохшиннің сөзінше, қылмыстық іс бірнеше рет прокуратураға қайтарылып, бір жарым жылдай іс сотқа жетпеген. Шохшин бас прокуратура мен президент әкімшілігіне «істі әдейі созып жатыр» деп хат жазған. Бұл істі тергеумен Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның тергеу бөлімі мен ҰҚК Қарағанды облысындағы департаменті айналысқан.

Іс материалдарына сай, «Кимбеков кәсіпкерден 30 мың долларды көліктің артқы орындығына қойып кетуді сұраған. Бұл қаржының жартысы өтірік ақша болған. Кейін айыпталушы көлігімен қашуға тырысып, ҰҚК өкілдерінің машинасына соғылған».

Биыл шілденің ортасында Қарағандыда сот Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның тағы бір қызметкеріне қатысты істі қарай бастаған. Айыпталушылар арасында кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG