Accessibility links

Қырғызстан қазақ-қырғыз шекарасындағы "кептелістің" себебін түсіндірді


Қазақ-қырғыз шекарасында кезек күткен жүк көліктері. Көрнекі сурет.
Қазақ-қырғыз шекарасында кезек күткен жүк көліктері. Көрнекі сурет.

"Ақ-Тілек" (Қазақстанда бұл Қарасу кеден бекеті аталады) өткізу пунктінде шамамен жүз жүк көлігі шекарадан өте алмай тұр деп хабарлады "Интерфакс" агенттігі.

"Қарасу - автожол" өткізу бекетінде инспекциялық-бақылау кешенінің жұмысынан ақау шығып, Қазақстан жағы сағатына 4-5 жүк көлігін өткізіп жатыр. Жеңіл көлік пен жолаушылар еркін өтіп жатыр" делінген Қырғызстанның шекара қызметінің баспасөз хабарламасында.

Қырғызстанның шекара қызметі кептеліске қарамастан шекарадағы жағдай тұрақты деп хабарлаған. Қырғыз жағы шекарадан өтіп жатқан көліктерге ешқандай шектеу қоймағанын айтты.

Қазақстанның шекара қызметі әзірге жағдайға түсініктеме бермеді.

Қазақ-қырғыз шекарасында көлік кептелесі жиі болып тұрады. Биыл наурыз айында Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы "Ақ-тілек автожол" өткізу бекетінде көлік кептелісі пайда болып, кезек күткен көліктер саны 250-ге таяған. Бұған Қазақстан жағына өткелі тұрған көліктердің мұқият тексерілуі себеп болғаны хабарланған. Бішкек "шекарадағы тексеру Еуразия экономикалық одағының талаптарына қайшы" деп мәлімдеді. Нұр-Сұлтан мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG