Accessibility links

Қытай АҚШ-тан санкция шешімін өзгертуді талап етті


Шыңжаң аймағы.
Шыңжаң аймағы.

8 қазанда Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан Пекинде брифинг өткізіп, АҚШ-тың Қытайдың 28 компаниясына салған санкциясын "басқа елдің ішкі ісіне араласу" деп айыптады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

"АҚШ-тан жедел түрде өз қатесін түзеп, шығарған шешімдерін қайта өзгертуді сұраймыз. АҚШ Қытайдың ішкі ісіне араласуды тоқтатуы керек. Қытай өз мүддесі мен дербестігін, қауіпсіздігі мен дамуын қорғау үшін нақты әрекеттер жасап, шешімдер қабылдайды" деді Шуан.

7 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Қара тізімге енген компаниялар арасында Қытайдың 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видео бақылау жүргізетін Hikvision фирмасы, адам жүзін анықтау құрылғыларын дайындайтын Sense Time және Megvii Technology компаниялары бар. АҚШ санкция салған Қытай компаниялары енді Америкадан Вашингтонның рұқсатынсыз тауар сатып ала алмайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте Пекинге барған сапарында Hikvision компаниясының штаб-пәтерін аралаған. Қазақстандық басылымдар Hikvision басшысы Чэнь Цзуннянь Тоқаевқа "Орталық Азиядағы коммерциялық жобаларын" таныстырғанын жазған еді. Чэнь Цзуннянь 2015 жылы Hikvision Қазақстанда өкілдігін ашқанын айтқан. Қазақпарат агенттігі Тоқаев компанияның ақылды монитор құрылғысын көргенін хабарлаған.

8 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының дамуын талқылаған жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Hikvision компаниясының технологияларын мақтап, Қазақстан Пекиннің тәжірибесін қабылдау керегін айтқан.

Өткен айда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео "Қытайдың Шыңжаңдағы репрессия науқаны терроризммен күрес емес. Бұл – Қытайдың өз азаматтарын жою әрекеті" деп мәлімдеген. Помпео бұл сөзін 22 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ жиынының сыртында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлерімен кездескенде айтқан.

Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы ақпарат 2017 жылы көктемінде шыға бастаған. Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Басында мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG