Accessibility links

Қытай елшісі Шыңжаңдағы қысымды терістеді


Пекин орталығына келген ұйғыр туристер. Көрнекі сурет

Батыс баспасөзі осы аптада Ұлыбританиядағы Қытай елшісінің Шыңжаңдағы жағдай туралы хатын жариялады. Кейбір БАҚ Каспий келісіміне қол қою мен Меркельдің Ресей газына балама іздеп Әзербайжанға барған сапарына қатысты комментарий жазды.

Ұлыбританиялық The Financial Times газеті осы аптада "Шыңжаңдағы қуғын-сүргін: Адамдардың бәрі қайда жоғалып жатыр?" деген жуырдағы мақаласына Ұлыбританиядағы Қытай елшісі Лю Сяоминнің жауап хатын жариялады. Басылым әлгі мақаласында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағын "Қытайда көбінесе құпия жүргізілетін ең қарқынды қуғын-сүргіннің алаңы" деп атаған болатын.

ҚЫТАЙ БИЛІГІНІҢ УӘЖІ

Ұлыбританиядағы Қытай елшісі "Шыңжаңдағы үйлесімділік үш принципке негізделген" деген хатында аймақтағы қуғын-сүргін туралы мақаланы "жұртты шатастыратын ақпарат" деп атаған.

Тамыздың басында жарияланған бұл мақалада Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясы баяндалған. Панфилов аудандық соты шекараны заңсыз өткені үшін жауапқ атартылған Сауытбайды Қытайға экстрадициялаудан бас тартқан еді. Сот кезінде Сауытбай Қытайдағы азшылық өкілдері үшін ашылған саяси үйреті лагерінде оқытушы болғандықтан Қытай билігі Қазақстандағы отбасымен көрістірмей қойғанын айтқан. Оның күйеуі мен баласы Қазақстанға ертеректе өтіп, азаматтық алып үлгерген.

Көре отырыңыз. Сайрагүл Сауытбай: "Балаларыма жету үшін барлық қиындыққа шыдадым"

"Балаларыма жету үшін барлық қиындыққа шыдадым"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

"Қытайдың этникалық үйлесімі Шыңжаңда көрініс тапқан. Этникалық топ өкілдері бір-бірін құрметтейді әрі жақсы көреді, жақсы өмір сүру үшін тізе қосып жұмыс істейді. Бұл кейінгі жылдары Шыңжаң экономикасының ілгерілеуіне септесті. Оның ЖІӨ (жалпы ішкі өнім – ред.) өсу қарқыны 2014 жылы Қытай провинцияларының ішінде төртінші орын алды" деп жазған Лю Сяомин.

Оның сөзінше, Қытай "этникалық үйлесімділік, экономикалық өсім және әлеуметтік прогреске" үш принциптің арқасында қол жеткізген. Елші оған "этникалық топтардың теңдігі, діни наным-сенім еркіндігі және діни экстремизм мен терроризмге қарсы табанды іс-қимылды" жатқызады. Оның сөзінше, Қытай "кез-келген топ өкілдерін этникалық тұрғыдан кемсітудің қай түріне болмасын дәйекті түрде тойтарыс беру және ел бірлігін шайқалтып, жікшілдікті қоздыруды көздейтін кез-келген әрекетке тыйым салу позициясын ұстанады". Бұған қоса, оның сөзінше, Шыңжаңдағы 10 этникалық топтан тұратын халықтың көпшілігі ислам дінін ұстанады және бұл аймақта 24 400 мешіт бар, яғни бұл жан басына шаққанда, әлемнің өзге бөліктерінен көп".

Оқи отырыңыз: Қытайдағы қысым туралы татарлар да айта бастады

Елші: "Шыңжанның жергілікті билігі қолданатын тәрбие және оқыту шаралары діни экстремизмнің жолын кесіп, экстремистік идеяларға алданып, адасқан жандардың кері жол табуына көмектесіп қана қоймай, оларға жақсы өмір сүру үшін еңбек дайындығынан өтуіне жағдай жасады" деп уәж айтқан. Лю Сяомин Ұлыбританияда діни экстремизмге қарсы күрес бағдарламасы барын ескертіп, "терроризм – бүкіл адамзатқа ортақ жау" деп жазған. Оның пайымдауынша, "[діни экстремизмге қарсы күрес] міндетін әр ел тиімді шешуі тиіс. Заңды әрі тиімді алдын алу шараларын қарастырғаны үшін Қытайды айыптауды доғаратын уақыт жетті".


Бұл хат Қытай билігінің Шыңжаңдағы жағдайға қатысты алғашқы ресми жауаптарының бірі болды. Бұған дейін Қытай шенеуніктері Шыңжаңдағы жағдайға қатысты комментарий беру өтінішін көбіне жауапсыз қалдырып келген. The Financial Times бұл хатқа жауап ретінде оқырман хаттары бөлімінде газет оқырманы Роджер Мейсидің комментариін жариялады. "Елші көп жазып, аз айтқан" атты комментариінде автор Лю Сяомин 21 тамыз күнгі тұтас бағанды пайдаланса да, ештеңені анық түсіндірмегеніне нұсқайды.

"Лю мырза ["Шыңжандағы қуғын-сүргін: Адамдардың бәрі қайда жоғалып жатыр?"] деген мақаланы "жұртты шатастырады" деп мәлімдейді, бірақ сіздердің сұрақтарыңызға мүлдем жауап берместен Шыңжаңдағы қаңыраған қалаларды Қытай саясатын орындау деп түсіндіреді" деп жазған Роджер Мейси.

КАСПИЙ КЕЛІСІМІ

Ұлыбританиялық The Economist журналы "Каспий теңіз бе, әлде көл ме? Зарыға күткен халықаралық келісім екеуі де емес деп ұйғарды" деген мақаласында теңіз жағалауындағы бес ел президенттері осы айда қол қойған Каспий келісімі тақырыбын жалғастырған.

Бұл келісім су айдынына "ерекше құқықтық мәртебе берді". "Бес елдің әрқайсысы өз жағалауынан 15 миль қашықтағы суды жеке территориясы ретінде және тағы 10 мильді балық аулау үшін иеленеді. Ал судың қалған бөлігі ортақ территория болады, бірақ келісімге қол қоймаған, яғни теңізбен шектеспейтін елдер ол жерге қарулы күштерін орналастыра алмайды. Бұл Ресейге әскери үстемдігін сақтап қалуға және әскери кемелерінің емін-еркін жүзуіне жол ашады" деп жазған The Economist.

Басылымның жазуынша, келісімге сәйкес, енді газ құбырын тартуға құбыр өтетін елдердің рұқсаты ғана қажет болады. Бұл Түркіменстан мен Әзербайжаннан тартылатын Транскаспий құбырын бұғаттан босатуға жол ашады, Ресей бұл жобаға қарсыласып келген болатын.

МЕРКЕЛЬДІҢ РЕСЕЙ ГАЗЫНА БАЛАМА ІЗДЕУІ

Ұлыбританиялық Reuters ақпарат агенттігі "Трамп Ресеймен ауыз жаласты деп сынағаннан кейін Меркель Әзербайжан газына көз салды" деген мақаласында Германия канцлері Ангела Меркельдің Әзербайжанға сапарына қатысты комментарий жазған. "АҚШ президенті Дональд Трамп Германия Ресей газына тым көп үміт артады деп сынағаннан кейін Германия канцлері Ангела Меркель Каспийден Еуропаға газ жеткізетін оңтүстік газ құбырын дамыту мәселесін талқылау үшін осы аптада Әзербайжанға бара жатыр. Бұл сапар Меркельдің Балтық теңізі түбімен Германияға Ресейден газ тікелей тасымалданатын "Солтүстік ағын-2" газ құбырына бұрынғысынша бейілді болғанымен, қол жетімді газдың балама жолдарын іздеуге ашық екенін көрсетеді" деп жазады агенттік.

Германия канцлері Ангела Меркель
Германия канцлері Ангела Меркель

Бұл тақырыпты "Меркель Ресей газына балама іздеуге күш салуды қолдайды" деген мақаласында The Financial Times газеті де қозғаған.

"Германия жетекшісі Каспий жағалауы елдері – Ресей, Иран, Қазақстан, Әзербайжан және Түркіменстан осы айдың басында қол қойған әлемдегі ең ірі құрлық су айдыны Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын келісімді құптайды. Оның айтуынша, бұл келісім Каспий мәртебесіне қатысты 27 жылға созылған дипломатиялық дауды аяқтап, Түркіменстан мен Әзербайжаннан газ тасымалдайтын Транскаспий газ құбырын салуға "алғашқы қадам" болуы және Еуропаға қуат көзін импорттауды әртараптандыруға көмектесуі мүмкін. Бірақ оның сөзінше, мұндай жобаның іске асуы "қиын" болады әрі әлі шешуді қажет ететін өзге де маңызды мәселелер бар" деп жазған The Financial Times.

КОЗЛОВСКАЯНЫ ШЕНГЕН ЗОНАСЫНАН ШЫҒАРУ

Америкалық Chicago Tribune газеті "Польша украиналық белсендінің Еуропаға кіруіне тыйым салды" деген мақаласында Польша "Ресей мүддесі үшін жұмыс істейтіндіктен, Еуропа елдері қауіпсіздігіне қатер төндіреді" деп мәлімдеп, әрі өзінің Шенген аймағына мүше екенін пайдаланып украиналық белсенді Людмила Козловскаяға Шенген аймағына кіретін 26 елдің бәріне кіруіне тыйым салғаны туралы жазған.

Козловская кеңселері Варшава, Брюссель және Киевте орналасқан The Open Dialog Foundation құқық қорғау ұйымын басқарады. Оның айтуынша, өзі басқаратын ұйым Украина, Қазақстан және Молдовада демократияны дамытумен айналысады. Қор Қазақстандағы белсенділердің, Астана соты экстремистік ұйым деп жариялап, тыйым салған ҚДТ қозғалысына қатысты сотқа тартылғандардың құқығын қорғаумен айналысады. Қор ҚДТ-ны құрған, шетелде тұратын бұрынғы қазақстандық банкир Мұхтар Әблязовты қолдайтын мәлімдемелер жариялаған.

Людмила Козловская мен күйеуі Бартош Крамек
Людмила Козловская мен күйеуі Бартош Крамек

Людмила Козловскаяның күйеуі Бартош Крамектің ұлты - поляк. Польшаның бұл шектеуінен соң ерлі-зайыптылар бөлек тұруға я бірге Еуропадан тысқары жерде тұруға міндеттелді. Козловская мен күйеуі Associated Press агенттігіне бұл қадамды Польшаның ұлттық-консервативтік партиясына ашық оппозиция болғанымыз үшін жазалау деп санайтындарын айтқан.

"Кейінгі жылдары Польша екі миллионға жуық украиналықты қабылдады. Софиядағы гуманитарлық және әлеуметтік зерттеулер қорының Шығыс Еуропадағы наразылық қозғалыстары мен жалған ақпарат тарату проблемаларын зерттеумен айналысатын тарихшысы Том Джунстың пікірінше, Козловская ісінің жай-жапсарын түсіну үшін контекстін білу қажет деп санайды. Джунстың айтуынша, депортация Польшаның қазіргі үкіметіне қарсы белсенділік танытқан кез-келген адамға Польша ғана емес, Еуропа Одағынан да тыйым салынуы мүмкін екенін білдіреді" деп жазған Chicago Tribune басылымы.

Мақалада Польшаның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Артур Ломарттың да пікірі бар. Ломарттың Associated Press-ке айтуынша, "Крамек пен оның зайыбының үкіметке қарсы іс-әрекетімізден соң Козловская ханымға Шенген зонасына кіруге тыйым салынды деген айыптауы тым қатты әсіреленген".

БАЛАНДИННІҢ СПОРТТАН КЕТУ ЫҚТИМАЛДЫҒЫ

Америкалық The Washington Post газеті "Олимпиада чемпионы Баландин Азиададан кейін спорттан кетуі мүмкін" деген мақаласында "Қазақстанның суда жүзуден жалғыз Олимпиада чемпионы" Дмитрий Баландин кәсіби спорттан кетуді ойлап жүргенін, "бәлкім, тіпті осы аптада кетуі ықтимал" екенін жазған. Баландиннің сөзіне сілтеме жасаған газеттің жазуынша, "ол жүзуден сәл шаршаған және карьерасында көздеген жүлдесінің бәрін алған". Амал нешік, қазақстандық чемпионға әзірше Риодағы жетістігін қайталаудың сәті түспеді, өзі мұны аяғына түскен жарақаттан көреді. Бірақ Баландиннің сөзінше, өз жетістіктеріне көңілі толады, өйткені оның жеңісі "[Қазақстанда] суда жүзу спортын бір серпілткен".

Джакартадағы Азия ойындарында Баландин 50 және 100 метрге брасс тәсілімен жүзу жарыстарында екі қола медаль алды. Өзінің 200 метрлік негізгі жүзу дистанциясында ол жарақатына байланысты жарыспады. Баландин құрама сапында 4х100 метр эстафетасында және бір қолаға қол жеткізді. Ол Инчхонда өткен Азия ойындарында үш алтын медаль алып, үш мәрте рекорд орнатқан еді.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"42 мың теңге жәрдемақы алуға "көмектесетін" алаяқтар пайда болды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:02 0:00
XS
SM
MD
LG