Accessibility links

Қытайда қамалғандардың туыстары көмек сұрады


Қытайда қамалғандардың туыстары баспасөз жиынын өткізіп отыр. Алматы, 24 тамыз 2018 жыл
Қытайда қамалғандардың туыстары баспасөз жиынын өткізіп отыр. Алматы, 24 тамыз 2018 жыл

«Туыстарымыз Қытайда заңсыз қамалды» деген бір топ қазақстандық азамат Алматыда баспасөз жиынын өткізді. Олардың айтуынша, Шыңжаңға барған туыстарының кейбірі сегіз ай бойы қамауда отыр.

Алматы қаласының тұрғыны Манзия Түсіпбекова тамыздың 12-сі күні 48 жастағы үлкен баласы Рысқан Магдиевтің Қытай шекарасында «себепсіз ұсталып, қамауда отырғанын» айтты. Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты Басқыншы ауылында тұратын Рысқан соңғы бес жылдан бері ТМД аумағындағы елдерге жеке көлігімен жүк тасыған.

РЫСҚАН МАГДИЕВТІҢ ОРАЛМАУЫ

- Тамыздың 11-і күні келініме қоңырау шалып өзінің тауарларды алғанын, енді құжаттарының дайын болғанын күтіп жатқанын айтқан. Кейін тамыздың 12-13 күндері де қоңырау шалып, әйелімен сөйлескен. Тамыздың 14-інен бастап еш хабар болмады. Тамыздың 17-сі күні келінім бір күндік визамен Қытайға өтіп, Қорғас шекара кеден бекетіндегі Қытай елінің құқық қорғау орган өкілдеріне жолығады. Бірақ олар ұлымның қамалғанын растағанымен, не себепті ұсталғаны туралы мәлімет бермеген, - дейді Манзия Түсіпбекова.

Жиын барысында Манзия Түсіпбекова Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиевтің қабылдауына барғанын айтты.

Оның кеңесшісі маған бір құжаттар берді. Онда баламның «наркотик саудасына қатысты күтікті ретінде ұсталғаны» жазылған. Бірақ мен оған сенбеймін, - деді ол.

"Қытайда қамалған" Рысқан Магдиев баласымен бірге тұр. Сурет Магдиевтің әйелі Айнұр Абайқызынан алынды.
"Қытайда қамалған" Рысқан Магдиев баласымен бірге тұр. Сурет Магдиевтің әйелі Айнұр Абайқызынан алынды.

Рысқан Магдиевтің әйелі Айнұр Абайқызы Азаттыққа енесінің айтқанын растады.

- Бұрындары да жүктерін алдын ала тиеп, құжаттарын екі күннің ішінде жасатып алатын. Үйде үш бала: үлкенім – 16-да, кіші ұлым – төрт жаста, кенжеміз әкесін сұрап күнде жылайды, - деді Айнұр Абайқызы.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен Рысқан Магдиевтің ұсталу себебі туралы мәлімет алу мүмкін болмады. Соңғы екі жыл бойы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағында мұсылман этникалық азшылықтардың саяси оқу лагерьлеріне жаппай қамалып жатқандары туралы хабар толастамай тұр. Тамыздың 10-ында БҰҰ Қытайдың осы аймақта бір миллиондай ұйғырда қамап отырғанын мәлімдеген. Пекин бұл ақпаратты теріске шығарып келеді. Қазақстан үкіметі Шыңжаңда қамалған Қазақстан азаматтары мен этникалық қазақтар мәселесін Қытаймен талқылап, шешу жолдарын қарастырып жатқанын бірнеше мәрте хабарлаған.

БЕЙСЕН НҰРИДЕННІҢ ОТБАСЫ

Алматы облысы Талдықорған қаласында тұратын Шәміс Нұриден екі айдан бері Қытайда қамауда отыр деп хабарланған ағасы Бейсен Нұриденді іздейді. Інісінің айтуынша, Шыңжаңдағы Мори ауданында 1990 жылы дүниеге келген ағасы Бейсен Нұриден 2013 жылдан бері Қазақстан азаматы.

Шыңжаңдағы туристер. Көрнекі сурет
Шыңжаңдағы туристер. Көрнекі сурет

- 2017 жылы қаңтар айында бала-шағасымен бірге Қытай еліне туысшылап кеткен еді. Барғаннан кейін олар Қазақстан азаматы бола тұра кері қайтармай, сақшылар (Қытай полициясы – ред.) құжаттарын алып қойған. 2018 жылы маусымның 5-і күні жергілікті сақшы бөлімінен келген адамдар ұстап алып кеткен. Қамалғалы жеңгем бір рет жолығып, бір рет телефон арқылы сөйлесіпті. Бірақ ештеңе айта алмапты. Жеңгем мен інім қазір Қытайда, кері қайта алмай отыр. «Қазақстанға хабар бердің» деп оның да телефонын алып қойған, - дейді Шәміс.

«Нұриден Бейсеннің заңсыз қамауға алынуы» туралы жазған шағым-арыздарына Қазақстанның сыртқы істер министрлігі екі ай бұрын «Қытайға нота жолдадық» деп қана жауап берген.

ЖЕҢІСХАН БЕРДІБЕКҚЫЗЫНЫҢ ҰСТАЛУЫ

Ал Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданынан келген Мұратқан Қасенғазы Шыңжаңға емделуге кеткен әйелі Жеңісхан Бердібекқызының да Қазақстанға қайта алмай отырғанын айтып арызданды.

- Әйелім Жеңісхан 1991 жылы Қытай елінде дүниеге келген. 2017 жылы 25 желтоқсанда емделу мақсатында Қытайға кеткен еді. Шәуешек қаласына барған бетінде оны ұстап, саяси үйрену лагеріне жіберген еді. Біз оның науқас екенін дәлелдейтін қағаздарын қытай тіліне аудартып, сол жаққа жібердік. Сол арқылы 15 күннен кейін шықты. Бірақ Қазақстанға қайтармай отыр. Қазір Шәуешектегі төркінінде. Мен үш баламен осында қалдым, - деді Мұратхан.

Мұратханның әйелі Жеңісхан Бердібекқызы – 2012 жылдан бері Қазақстан азаматы. Күйеуінің айтуынша, әйелі сырттай бақылауда болғандықтан сегіз айдан бері телефон арқылы да сөйлесе алмай отыр. Бірақ Мұратхан әйелінің Қытайда қалып қоюына байланысты ешқандай құқық қорғау органдарына шағымданбаған.Ол өзінің бұл әрекетін «кімге барып шағымданатынымды, оның жолы қалай болатынын білмедім» деп түсіндірді.

Қорғас кеден бекеті
Қорғас кеден бекеті

АСҚАР АЗАТБЕКТІҢ ЖОҚТАУШЫЛАРЫ

Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Самұрық» кешенінің алдында Қытай билік өкілдері ұстап алып кеткен Асқар Азатбек туралы бұған дейін Азаттық жазған.

2017 жылы көктемде Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Асқар Азатбек қазанның 7-сі күні Қазақстан азаматтығын алған. Бұрын Қытайдың Шынжаң өлкесі Іле аймағында әртүрлі салада мемлекеттік қызмет атқарған ол көшіп келген соң жеке бизнеспен айналысқан. Желтоқсанда қытайлық кәсіпкерлермен іскерлік кездесу ұйымдастыру үшін «Қорғас» аймағына танысы Оразжан Сұлтанәліні ертіп барған.

2017 жылғы желтоқсанның 7-сі күні түстен кейін «Қорғастағы» қазақстандық шекара бақылау бекетінен өтіп, арнайы экономикалық аймақтағы «Самұрық» кешенінің алдына барған Асқар Азатбек пен Оразжан Сұлтанәліні екі жеңіл көлікпен келген азаматтық киімдегі бірнеше адам ұстап алған. Кейін олар Оразжанды босатып, Асқарды машинаға күшпен отырғызып, Қытай шекарасына қарай алып кеткен. Сегіз айдан бері Асқар Азатбектен әлі хабар жоқ. Алматыда өткен жиынға Жаркенттен арнайы келген туысы Гауһар Құрманалиева «ұзынқұлақтан саяси үйрену орталығында деп естігендерін, өздері іздеуге қорқып отырғандарын» айтты.

МИНИСТРЛІКТІҢ ЖАУАБЫ

Азаттық радиосы «туыстары Қытайда қамауда отыр» деген қазақстандықтардың шағымына байланысты Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласты. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадиярдың айтуынша, Қытайда қамауда отырған қазақстандық азаматтардың туыстарынан түскен арыз-шағымдар «біртіндеп көбейіп келе жатыр».

Бұған дейін 19 азаматтың 15-і босаған болатын. Бірақ кейіннен келіп жатқан арыз-шағымдар бар. Соларды ретімен қарап,тиісті мекемеге хат жолдаймыз. Асқар Азатбек пен Бейсен Нұриденге қатысты түскен арыз шағым бойынша Қытай елінің сыртқы істер министрлігіне нота жолданған болатын. Бүгінге дейін жауап әлі келген жоқ. Күтіп отырмыз, - деді Айбек Смадияр Азаттыққа.

Бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Азаттыққа «Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының билігі 675 этникалық қазақтың Қазақстанға шығуына қойылған шектеуді жою жағын қарастырып жатқанын» айтқан.

Көре отырыңыз: Министр Қайрат Әбдірахманов Шыңжаңда ұсталғандар туралы

Министр Әбдірахманов: "Қытайға дипломатиялық нота жіберілді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:25 0:00

Министр этникалық қазақтар немесе олардың Қазақстан азаматтығын алған туыстары Қазақстан азаматтарының қос азаматтық үшін қудаланатынын, негізінен Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар Қытай азаматтарының ұсталып жатқанын мәлімдеген еді. Алайда «Атажұрт ерікті жастары» тіркелмеген ұйымының жетекшісі Қыдырәлі Ораз «Қытай республикасының азаматтық беру немесе одан айыру туралы заңында» қос азаматтық алу мүмкіндігінің жоқ екенін айтады.

Қытай елінің өздері шығарған «Азаматтық беру немесе одан айыру» туралы заңының 9-тармағында «Қытай азаматы басқа бір шетелге барып, сол елдің азаматтығын алған жағдайда ол Қытай азаматтығынан сол сәтте шығарылады» деп жазылған. «Қос азаматтық» туралы әңгіме – ойдан шығарған сылтау, - дейді Қыдырәлі Ораз.

Жақында қазақстандық бір топ қоғам өкілдері Қытайдың Қазақстандағы консулдығы мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен Қытайға барып, этникалық қазақтардың мәселесіне байланысты жергілікті жердің өкілдерімен кездесіп қайтқан. Шыңжаңдағы этникалық азшылықтар құқығын қорғаушылар мен белсенділер мұндай сапарларды Пекиннің «көзбояу әрекеті» деп сынайды. Қытай билігі Шыңжаңдағы бұрыннан бар ұйғыр сепаратизмі мәселесі мен діни радикализм қаупін алға тартып бұл аймақта арнайы операциялар жүргізіп келген. Бірақ аймақтың мұсылман тұрғындарын жаппай саяси оқыту лагерьлеріне қамау соңғы жылдары пайда болған құбылыс. Кейбір сарапшылар мұның себебін бұрын Тибеттегі наразылықты күшпен жаныштаған билік өкілінің енді Шыңжаң аймағына басшы болып тағайындалғанынан көреді. Қытай бұл аймақтағы мұсылмандардың қуғынға ұшырағанын жоққа шығарады.

Көре отырыңыз: Қытайға барған белсенділер сапары не шешті?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG