Accessibility links

HRW: "Қытайға қарсы тұруға Қазақстанның дәрмені жетеді"


Сайрагүл Сауытбай сот үкімі шыққаннан кейін. Жаркент, Алматы облысы, 1 тамыз 2018 жыл.
Сайрагүл Сауытбай сот үкімі шыққаннан кейін. Жаркент, Алматы облысы, 1 тамыз 2018 жыл.

Әлемдік баспасөз осы аптада Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісі ол үшін сәтті аяқталғанын, Қазақстанның Eurovision байқауына қатысуы ықтимал екенін және жыныстық тәрбие мәселелерін талқылаған.

САЙРАГҮЛ СОТЫНЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Осы аптада шетел баспасөзі Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайды босатуға қатысты комментарийлер жариялады. Кейінгі бірнеше апта бойы Сауытбайдың ісі бойынша сот процесінің барысын Қазақстан қоғамы ғана емес, шетел жұртшылығы да жіті бақылап отырды. 41 жастағы Сайрагүл Сауытбай шекарадан заңсыз өткені үшін кінәлі деп танылды, бірақ сот қаулысына сәйкес, оны Қытайға бермейтін болды. Судья Сауытбайға алты айға шартты жаза кесіп, оны сот залынан босатты.

Оқи отырыңыз: Сот Сайрагүл Сауытбайды Қазақстанда қалдырды

Ұлыбританиялық Guardian басылымы "Қытай экстремизм мен сепаратистік қозғалысқа қарсы кампанияны асқан қатігездікпен жүргізіп отырған Шыңжаңға этникалық ұйғырларды Қазақстан бұрын да депортациялаған" деп жазған. Басылымның жазуынша, Сайрагүлдің ісі "Қазақстан билігін ыңғайсыз жағдайда - Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің бірі Қытай мен этникалық қазақтарды Шыңжаңға қайтаруға қарсы наразылық күшейген өз қоғамы арасында екі оттың ортасында қалдырды".

Газет Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының өкілі Мая Вангтың Сайрагүл Сауытбайды босатуға қатысты комментариін келтірген.

"Бұл сот процесі Қытайға тойтарыс беруге Қазақстан билігінің дәрмені жететінін көрсетті. Шыңжаңдағы ұлғайып бара жатқан репрессия мәселесін өзге елдердің үкіметтері де көтереді деп үміттенеміз", - деп мәлімдеген Мая Ванг.

Сайрагүл Сауытбайдың сот үкімі шыққан соң Азаттыққа сұхбаты:

"Балаларыма жету үшін барлық қиындыққа шыдадым"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

Франциялық L’Express басылымы Сауытбай ісіне қатысты шыққан үкім жайлы мақаласында [Қытайдағы] "қайта тәрбиелеу лагерьлері" тақырыбын жан-жақты талдаған. Басылымның жазуынша, Сауытбай ісін мұншалықты жіті бақылауға оның әлгі лагерьлердің бірінде жұмыс істегені себеп болған. "Ресми құжаттар мен тұтқында болғандардың куәлік, дәлелдеріне қарамастан, Қытай билігі елде "қайта тәрбиелеу лагерьлері" барын жоққа шығарады" деп жазған газет. Бұған қоса, басылым соттағы тергеу кезінде өзі жұмыс істеген лагерьде "2500-ге жуық этникалық қазақ отыр" деп мәлімдеген Сауытбайдың сөзін келтірген.

Wall Street Journal Сауытбайдың ісіне арнаған мақаласында Азаттыққа сілтеме жасап, судьяның шартты жаза "айрықша жайттарға" байланысты тағайындалып отыр деген сөзін келтірген. Басылым Пекиннің Қазақстан да қатысатын ауқымды жобасын меңзеп, Сайрагүл Сауытбайдың ісіне қатысты шыққан үкімді "миллиардтар құйылып жатқан "Бір белдеу - бір жол" көлік дәлізі бастамасының маңызды бөлігі саналатын ұлтқа жататын мұсылмандардың жағдайына ресми тұрғыдан алаңдаудың сирек белгісі" деп атаған. Бұған қоса, Wall Street Journal Сайрагүлдің соты "Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауды АҚШ тарапынан ашық сынау күшейіп тұрған тұста өткенін" жазған. Өткен аптада АҚШ мемлекеттік департаменті "саяси қайта тәрбиелеу орталықтарында" "жүздеген, бәлкім, тіпті миллиондаған" мұсылман қамауда отырғанына алаңдаушылық білдіріп, ресми мәлімдеме таратқан болатын.

Сайрагүл Сауытбайдың ісіне қатысты сот шешімі туралы Азаттыққа сілтеме жасап Hong Kong Free Press басылымы және Yahoo News та жазған.

ҚАЗАҚСТАН EUROVISION БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСА МА?

Eurovision (бірқатар ТМД елдерінде орысша "Евровидение" деп аталып жүр – ред.) халықаралық ән байқауына байланысты оқиғалар туралы хабар тарататын ESCXTRA онлайн-ресурсы Қазақстанды осы конкурсқа қатысушы елдер құрамына енгізу ықтималдығын талқылауға екі материал арнаған. Биыл Минскіде өтуі тиіс Eurovision балалар байқауына алғаш рет Қазақстан өкілі қатысатыны туралы жуырда хабарланған. ESCXTRA "Бұл болашақта Қазақстанның негізгі музыкалық сайысқа да қатысуына жол ашуы мүмкін бе?" деген сұрақ қойған.

Eurovision байқауының логосы.
Eurovision байқауының логосы.

Басылым "Конкурсқа қатысатын елдер тізімін бұлай кеңейту жөн бе? Түптеп келгенде, Еуровидение дегеніміз - "еуро", ал "еуро" дегеніміз – Еуропа емес пе?.." деп жазған. Бірақ ESCXTRA 1973 жылы конкурсқа Израильдің, 1980 жылы Марокконың қатысқанын, 2005 жылы - Ливан, ал 2015 жылы Австралия шақырылғанын еске салған. Жанкүйерлер арасында жүргізілген сауалнама қорытындыларына сәйкес, олардың 75 пайызы Қазақстан мүшелігін қолдаған.

Басылым іле-шала жариялаған екінші материалында Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) ресми мәлімдемесін келтіріп, өз сұрағына өзі жауап берген. Eurovision конкурсын ұйымдастаруға жетекшілік ететін орган Қазақстанды балалар конкурсына қатысуға шақыру себептерін түсіндірген.

EBU мәлімдемесіне сәйкес, серіктес мүше елдерді ұйымдастыру комитеті өз ұйғарымымен байқауға қатысуға шақыра алады. 2015 жылғы ересектер арасындағы конкурсқа Австралия да осыған ұқсас ұйғарыммен жіберілген. Бірақ ESCXTRA-ның EBU ұйымына сілтеп жазуынша, Eurovision байқауына қатысатын елдер құрамына жуырда мұндай сипаттағы жаңа өзгерістер енгізу жоспарланбаған. Ұйым "2019 жылы өтетін конкурсқа Қазақстанды шақыруды жоспарламайтын тәрізді" деп түйіндейді басылым.

ҰЯТ ЕМЕС НӘРСЕ ТУРАЛЫ

Global Voices ресурсы жастарға жыныстық тәрбие беру мақсатымен жуырда Қазақстанда іске қосылған UyatEmes.kz сайтын құрған Қарлығаш Қабатованың эссесін жариялаған. Ол өзін мұндай жоба құруға жақын адамдарының тәжірибесі, қазақстандық қоғамның, оның қазақ бөлігінің "ұят" деген ұғымның әсерімен жыныстық қатынасқа қатысты тақырыптарды қозғауға тыйым салатын мәдени ерекшеліктері итермеледі деп түсіндірген. Қарлығаштың пікірінше, мұндай жағдайда қазақстандық жасөспірімдердің өздерін толғандыратын, оның ішінде жеке басына қатысты сұрақтарын қойып, репродуктивті және жыныстық денсаулық туралы дұрыс ақпарат алатын алаң ретінде тек анонимді онлайн-платформа ғана мүмкіндік береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG