Accessibility links

Ақтөбеде фермерлер субсидияның тоқтап қалғанына наразы


Шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабай Бекмағамбетов мемлекет тарабынан субсидияның тоқтап қалғанына шағымданып тұр. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.
Шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабай Бекмағамбетов мемлекет тарабынан субсидияның тоқтап қалғанына шағымданып тұр. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.

11 қазанда Ақтөбе облысының әр ауданынан келген бір топ фермер Ақтөбедегі "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы кеңсесінің алдына жиналып, мемлекет тарабынан берілетін субсидияның тоқтап қалғанына наразылық білдірді.

Ауыл шаруашылық техникаларына "Субсидия болмаса, нан, сүт, ет те жоқ!", "Заңды субсидиямызды берсін!", "Фермерлер тұрақтылығы - ел тұрақтылығы" дегеy жазуы бар плакат іліп қойған шаруа қожалық иелері субсидия төленбесе, банктен алған қарыздарын өтей алмайтынын, жұмысшылары жалақысыз қалатынын айтты.

- Біз асыл тұқымды малдар өсіру үшін ірі несие алдық. Егер үкімет субсидиямызды бермесе, жағдайымыз мүшкіл болмақ. Алдын ала жоспарлаған шаралардың жартысы істелмей қалса, корпорациядан алған ақшамызды қайтара алмаймыз. Ет, сүттің қымбаттамауы, жұмысшылардың жалақысы осының бәрі субсидияға тіреліп тұр, - деді Мәртөк ауданынан келген шаруа Ислам Картов.

Хромтау ауданынан келген шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабай Бекмағамбетовтің айтуынша, егер мемлекеттен көмек болмаса, қуаңшылық жерде мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар қиын жағдайда қалады.

- Субсидия болмаса, мал басы азаяды, жұмысшылар жалақысыз қалады. Фермерлер жұмысшыларды босата бастайды. Қаржы институттарына төлейтін несиеміз бар. Ет, сүт бағасын қымбаттатуға мәжбүр болады, - деді Алға ауданынан келген шаруа Қыдырбай Ксупов.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Сағынғазы Құрманалиннің айтуынша, Ақтөбе облысында 7500-ден астам шаруа қожалығы бар. Оның 80 пайызы мал шаруашылығымен айналысады. "Субсидия тоқтайтын болса, олардың көпшілігі банкротқа ұшырауы мүмкін" деді ол. Оқиға орнына әкімдік өкілдері келген жоқ. "Үкімет талап-тілектерімізге құлақ салса" деген шаруалар сәлден соң плакаттарын жинап, үйлеріне тарады.

Қазан айының басында парламентте 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға түзетулер енгізу мәселесі талқыланған кезде ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға субсидия бөлу үшін бюджеттен 36,5 миллиард теңге бөлуді сұраған. Бірақ қаржы министрлігі "бұл субсидиялардың тиімділігі дәлелденбеді" деп ауыл шаруашылығы министрлігінің өтінішін қанағаттандырмаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері несиеге жұмыс істеп жатқан шаруалардың қиын жағдайда қалғанын айтып, "онсыз да жағдайы мәз емес шаруаларға субсидия бермеді" деп қаржы министрлігін айыптаған. Ал қаржы министрлігінің өкілдері "президент жолдауында бөлінген қаржының тиімділігін дәлелдеуді тапсырды, ал бізге қажетті сараптама жолданбады" деп жауап қайырған.

Екі жыл бұрын да Ақтөбе шаруалары осыған ұқсас мәселеге кезіккен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG