Accessibility links

Қытайдан келген ағайынды екі татар жігіті Ресейден босқын мәртебесін сұрады


Ағайынды егіз жігіттер Шахризат және Шахдияр Шавкат.
Ағайынды егіз жігіттер Шахризат және Шахдияр Шавкат.

Ресейден босқын мәртебесін беруді сұрап отырған екі Қытай азаматы өздерін Қытайға экстрадицияласа "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне қамауы мүмкін" деп қауіптенеді. Бұған дейін төменгі сот инстанцияларында ағайынды егіз жігіттердің босқын мәртебесін беру туралы өтініші қанағаттандырылмады. Олар қазір жоғарғы сот шешімін күтіп отыр.

23 жастағы Шахризат және Шахдияр Шавкат осыдан төрт жыл бұрын Дүниежүзілік татар конгресінің бағдарламасы аясында Татарстандағы Қазан федералдық университетіне оқуға түскен. Екі жылдан кейін Шыңжаңда тұратын әке-шешесінен хабар-ошар үзілген. Дәл осы уақытта Қытай батысында аз ұлт өкілдерін оның ішінде, ұйғыр, қазақ, татар, қырғыз және өзге де түркі тілді топ өкілдерін "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" қамап жатқаны туралы ақпарат тарала бастаған еді. Туыстарының сөзіне сүйенген ағайынды жігіттер оларды "мұсылман болғаны" үшін "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" қамап тастады деп санайды.

Олардың адвокаты Зухра Хамроеваның айтуынша, Шахризат пен Шахдияр оқу ақшасын төлей алмағандықтан оқудан шығарылған. Адвокат 10 қазанда екі студентті қайтадан оқуға алу мәселесін талқылау үшін университет өкілдерімен кездескен. Кездесудің қалай өткені белгісіз.

Татарстанның жоғарғы сотының шешімін күтіп отырған ағайынды екеу Ресей билігі өздерін Қытайға экстрадияламаса дейді.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Әлем елдері бұл лагерьлерге байланысты түрлі реакция білдірді. Ресей Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын қолдаған елдер қатарына енді.

АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады. Қыркүйек айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Пекиннің этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару туралы талабын орындамауға шақырды.

6 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Ал Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан АҚШ санкциясын "басқа елдің ішкі ісіне араласу" деп айыптады.

Қытай шетелде жүрген ұйғыр азаматтарын да елге экстрадициялауға күш салып отыр. Бұған дейін Пекин Малайзия мен Египеттен ұйғыр азаматтарын қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG