Accessibility links

АҚШ: Северодвинскідегі жарылыс теңіз түбінен "Буревестникті" көтерген кезде болған


Ненокса полигонының спутниктен түсірілген суреті. Тамыз айы, 2019 жыл.
Ненокса полигонының спутниктен түсірілген суреті. Тамыз айы, 2019 жыл.

Ресейдің Архангельскі облысындағы полигонда болған жарылыс Ақ теңіздің түбінен ядролық қондырғысы бар "Буревестник" зымыранын алып шығу кезінде болған. АҚШ мемлекеттік департаменті осындай қорытынды жасады.

"Ядролық қондырғысы бар қанатты зымыранды көтерген кезде пайда болған ядролық реакциядан жарылыс болды" делінген АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан мәлімдемеде.

Азаттықтың Орыс қызметі "осылайша бұған дейін біз жүргізген зерттеу қорытындысы ресми түрде расталды" деп жазады. Тамыз айының аяғында Орыс қызметі бірнеше адамның қаза табуына "Буревестник" құрлықаралық зымыранын сынау емес, Двинский бұғазына құлаған дәл сондай зымыранды судан алып шығу себеп болды деп жазды.

Тамыз айында болған жарылыстан жеті адам қаза тауып, айналаға радиация тарағаны хабарланған еді.

"Бұған дейін сәтсіз сынақтан өтіп, теңіз түбіне құлаған зымыран ірі елді мекенге жақын жерде Ақ теңіз түбінде жатқан" деді АҚШ мемлекеттік хатшысы орынбасарының көмекшісі Томас ди Нанно.

Ресей билігі жарылыс болғанын және Росатомның бес қызметкері, екі әскери қызметкердің қаза болғанын растады. Бірақ оқиға қоршаған ортаға қатты зиян келтірмеді деп мәлімдеді.

Ресми орындар "жарылыс радиоизотопты энергия көзінен шыққан" деп хабарлады. Бірақ мәлімдемеде нақты қандай техникаға қатысты екені айтылмады. Бұған дейін көптеген зерттеушілер түрлі болжам айтқан. "Буревестник" зымыраны жарылды деген нұсқа да айтылды.

"Буревестник" зымыраны жайлы өткен жылы наурыз айында Ресей президенті Владимир Путин халыққа жолдауында айтқан. Ресей бұл зымыранды 9М730 "Буревестник" деп атаса, НАТО SSC-X-9 Skyfall деп атайды. Путиннің айтуынша, әлемде жоқ теңдессіз қарудың мүмкіндігі зор: ауада қалқып шексіз тұра береді және траекториясын өзгерте алады. Ресей зымыранды жасырын түрде сынақтан өткізді. Барлау деректеріне сүйенген ақпарат құралдарының жазуынша, сынақ бірнеше рет сәтсіз аяқталған. Алайда бұл дерек расталмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG