Accessibility links

СҚО-да Арыс маңындағы полигонда қаза болған әскери қызметкерді жерледі


Майор Аманжол Ақышевті жерлеу рәсімі. Солтүстік Қазақстан облысы, 13 қазан 2019 жыл.

Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданында Арыс маңындағы полигонда қаза тапқан майор Аманжол Ақышевті соңғы сапарға шығарып салды. Жерлеу рәсіміне қорғаныс министрлігінің өкілдері, қызметтес әріптестері қатысты.

- Суық хабар бәріміздің жүрегімізге ауыр тиді. Ол офицер ретінде борышын орындап, қаза тапты, - деді қарулы күштер бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов. Ол қайтыс болған майордың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтты.

Осыдан екі күн бұрын Арыс қаласы маңындағы полигонда оқ-дәрі бөлшектерін жою кезінде "оқ-дәрі қалдығы" жарылып, әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор Аманжол Ақышев қаза тапқан.

Аманжол Ақышев 1986 жылы СҚО облысы Мамлют ауданы Афонькино ауылында туған. Артында әйелі мен екі баласы қалды. Қорғаныс министрлігі жерлеу рәсімінің шығындарын өтейтінін және отбасына материалдық және әлеуметтік көмек берілетінін хабарлады.

24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан еді. Ресми дерек бойынша, қоймадағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылған. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген.

Осы оқиғадан соң Қазақстандағы әскери қоймалардың жағдайы мен қойма маңындағы тұрғындар қауіпсіздігі туралы мәселе көтеріле бастаған.

13 қыркүйекте Арыс қаласында әскери қойма аумағын тазарту кезінде оқ-дәрі бөлшектері жарылып, төрт әскери жараланды.

Бір аптадан соң 21 қыркүйекте Арыс маңындағы полигон аумағында "оқ-дәрі фрагменті өздігінен жарылып", он сапер жараланды. Үш әскери қызметкердің ауыр халде ауруханаға жеткізілгені хабарланды.

Соңғы он жылда Арыс қаласында әскери оқ-дәрі сақталатын қоймалар мен оларды жоюға арналған жерде төрт рет жарылыс болып, бірнеше адам қазаға ұшыраған. Биыл маусымдағы жарылыстан кейін қорғаныс министрлігі әскери оқ-дәрінің "елді мекендерден аулақ жерге" көшірілетінін мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Нұргүл АЛИНА

    Нұргүл Алина – Азаттықтың Петропавлдағы тілшісі. 1990 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Заң және  әлеуметтік білімдер магистрі. 

    Азаттықпен 2016 жылдан бері әріптес.

     

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"42 мың теңге жәрдемақы алуға "көмектесетін" алаяқтар пайда болды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:02 0:00
XS
SM
MD
LG