Accessibility links

Хантер Байден шетел компанияларындағы қызметінен кетуге дайын екенін білдірді


Хантер Байден (сол жақта) мен Джо Байденнің 2013 жылы Қытайға барған кезі.
Хантер Байден (сол жақта) мен Джо Байденнің 2013 жылы Қытайға барған кезі.

АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байденнің ұлы Хантер Байден қазан айының соңына дейін Қытай компаниясындағы директорлар кеңесінің құрамынан шығуды көздейді.

Хантер Байденнің адвокатының сөзіне қарағанда, Джо Байден АҚШ президенті болып сайланған жағдайда, оның ұлы шетел компанияларының басқару органдарына қатыспайды.

Байденнің ұлының шетел компаниялары басшылығындағы жұмыстары соңғы кездері АҚШ президенті Дональд Трамптың бірқатар мәлімдемелеріне ілік болған еді. Ол биыл қазан айында Хантер Байденнің бизнесінде оның әкесі Джо Байденнің қандай рөл атқаратынын тексеруге Қытай билігін шақырған болатын.

"Нью-Йорк таймс" ақпаратына қарағанда, Хантер Байден Украинаның энергетика компаниялары директорлар кеңесінің құрамында жүріп, айына 50 мың доллар жалақы алған. Саяси қарсыластары Джо Байденді "ұлының бизнесіне қолдау көрсетті" деп кінәлайды, ұлының қатысы бар компания басшысы жайлы қылмыстық істі тергеуді бақылайтын Украина прокурорын "Украина билігіне ықпал ету арқылы қызметінен кетірді" деп санайды. Бірақ мұндай күмәндар расталмаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп таяудағы сұқбаттарында Украина мен Қытай билігін Хантер Байденнің Украина мен Қытай кәсіпорындарындағы жұмысын тексеруге шақырған. Осыдан соң АҚШ-та "мемлекет басшысы саяси қарсыластары мен олардың отбасы мүшелерінің ісін тексеруді шет мемлекет басшыларынан сұрауына бола ма" деген мәселе бойынша пікірталас күшейді. Осы әрекеттері жария болған соң АҚШ өкілдер палатасы президент Дональд Трампқа имичмент жариялау процесін бастады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG