Accessibility links

Трамп Пекиннен Байдендердің ісін тексеруді сұрады


Дональд Трамп Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында сөйлеп тұр. 3 қазан 2019 жыл.
Дональд Трамп Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында сөйлеп тұр. 3 қазан 2019 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан демократтардың атынан президент сайлауына түсуді жоспарлайтын Джо Байден мен оның ұлы Хантерге қатысты тексеру жүргізуді ашық түрде сұрады.

"ҚЫТАЙДА БАЙДЕНДЕРДІ ТЕКСЕРУІ КЕРЕК ДЕП БІЛЕМІН"

Трамп 3 қазанда Ақ үйдегі брифингіде Қытай мен Украина бұрынғы вице-президент Байден мен оның бизнесмен ұлын тексеруі керек деп санайды. Журналистермен кездесуде ол өзіне импичмент жариялау туралы бастаманы "әурешілік" деп атады.

"[Украина] президенті [Владимир] Зеленскийдің орнында болсам Байдендерге қатысты тергеу бастауға ұсыныс жасар едім. Сондай-ақ Қытай да Байдендердің ісін тексеруі керек деп білемін. Себебі Қытайда да Украинадағыдай сорақы істер болған" деді ол.

Трамп журналистердің "Қытай президенті Си Цзиньпиннен Байдендердің ісіне тергеу жүргізу жайлы сұрадыңыз ба?" деген сауалына ол: "әлі өтініш жасаған жоқпын, бірақ мұны алдағы уақытта ойластыруымыз керек" деп жауап берді.

Кейін Трамп Twitter парақшасында жемқорлықпен күрес негізгі міндеті екенін жазды.

"АҚШ президенті ретінде жемқорлықты тексеруге құқылымын, тіпті бұл – менің міндетім. Және бұл үшін басқа елдерден көмек сұрауға хақым бар" деп жазды ол Twitter желісінде.

Джо Байден (оң жақта) мен Хантер Байден (сол жақта) Пекинде. 5 желтоқсан 2013 жыл.
Джо Байден (оң жақта) мен Хантер Байден (сол жақта) Пекинде. 5 желтоқсан 2013 жыл.

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы әлемдік экономиканың дамуына әсер етіп жатыр. CNN телеарнасы 18 маусымда Трамп пен Си Цзиньпин телефон арқылы сөйлескенде Байденнің саяси мүмкіндіктерін де талқылағанын хабарлады. Жағдаймен таныс екі дереккөзіне сілтеме жасаған СNN "Трамп Си Цзиньпинмен сөйлескенде сауда келісімі кезінде Гонконгтегі жағдай туралы көп айтпауға уәде берген" деді.

Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі Трамптың мәлімдемесі жайлы әзірге пікір білдірген жоқ. Пекин мен Вашингтон арасында сауда келіссөзі келесі аптада басталуы тиіс.

Джо Байденнің ұлы Хантер Байден украиналық "Бурисма Холдингтері" (Burisma Holdings) компаниясында жұмыс істеген. Ал Джо Байденнің өзі сол кездегі АҚШ президенті Барак Обаманың орынбасары ретінде Киевпен келіссөз жүргізген команданы басқарған. Джо Байден немесе Хандер Байденнің Украинада заң бұзғанына дәлел табылған жоқ.

Республикалықтар "Байден 2013 жылы вице-президенттің ұшағымен ұлы Хантерді Қытайға алып барды" деп айыптайды. Ол кезде Хантердің Қытайдағы бизнес жобаларына қатысы бар еді.

Осыдан бірнеше күн бұрын Трамп Флоридада өткен денсаулық сақтау шарасында "2020 жылғы сайлауда жеңіске жете алмайтынын түсінген демократтар импичмент жариялау туралы бастаманы көтерді" деді.

"Олар сайлауда жеңіске жете алмайтынын біледі. Сондықтан олар импичментті ойлап тапты" деген еді Трамп.

ИМПИЧМЕНТ ДАУЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Дау Трамптың 25 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған әңгімесінен соң туған. Америкалық басылымдар Трамптың Зеленскийді 2020 жылғы сайлауда өзінің бас қарсыласы болатын Джо Байденнің үстінен жемқорлық дауы бойынша іс қозғауға мәжбүрлемек болғанын жазды. Журналистер дерегінше, 2016 жылы Байден өзінің ұлы басқаратын газ компаниясын тергеген украиналық прокурор Виктор Шокиннің жұмыстан қуылуына ықпал еткен. Басылымдар "Байденнің үстінен іс қозғау үшін Трамп Зеленскийге қысым жасаған" деп жазды.

Кейін АҚШ президентінің әкімшілігі Трамп пен Зеленский әңгімесінің стенограммасын жариялаған. Онда Трамп "Байденнің ұлы жайлы көп сөз айтылып жүр. Байден ұлына қатысты тергеуді қалай тоқтатқаны жайлы да әңгіме бар. Көп адам не болғанын білгісі келеді. Бұл туралы сіз АҚШ-тың бас прокурорымен сөйлесіп көрсеңіз жақсы болар еді. Байден тергеуді тоқтаттым деп мақтанған. Бәлкім, бұл іске қайта үңіліп көру керек шығар. Менің ойымша, бұл – масқара жайт" деген.

Трамп пен Зеленский арасындағы әңгіме белгілі болғаннан кейін АҚШ өкілдер палатасындағы демократтар Трампқа "берген сертін бұзғаны үшін" импичмент жариялау процесін бастаған. 24 қыркүйекте өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси "Трамп өзінің сертін бұзды, ұлттық қауіпсіздігіміз бен сайлау институтын сатып кетті" деген.

Видео: АҚШ-та президентке импичмент қалай жарияланады?

АҚШ-та президентке импичмент қалай жарияланады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG