Accessibility links

Сібірдегі өрт: АҚШ орман өртін сөндіруге көмектесе ме?


Сібірдегі орман өрті. Ұшақтан көрініс. Шілде айы, 2019 жыл.

Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру жолын іздеген АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге Сібірде жайылған орман өртін сөндіру бойынша көмектесуге дайын екенін айтты.

Кремль сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге орман өртін сөндіру бойынша көмектесуге дайын екенін жеткізген.

Путин Трампқа мәселеге алаңдағаны үшін "шын жүректен алғыс білдіріп", егер жағдай соны талап етсе, ұсынысын қабылдайтынын айтқан.

Сібірдегі орман өртінің ауқымы барған сайын кеңейіп барады. Соның салдарынан мыңдаған адам эвакуацияланған. Ресей Сібірдің бес аймағында төтенше жағдай жариялады. Өрт сөндіру үшін әскерилерді тартты.

Сібірдегі орман өрті.
Сібірдегі орман өрті.

Путин АҚШ президентінің ұсынысын алдағы уақытта екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтірудің кепілдігі ретінде бағалаған.

Екі ел жетекшісі телефон арқылы хабарласып, көзбе-көз кездесуге де келіскен.

Екі ел басшылары совет одағы құламай тұрып қабылданған зымыран туралы келісімнен АҚШ-тың шығуы қарсаңында телефонмен сөйлесіп отыр. Екі күннен соң АҚШ 1987 жыл қабылданған "Орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандарды жою" туралы келісімнен шығады.

Ақ үйдің қысқа мәлімдемесіне сәйкес, Трамп "Сібірді жайлаған орман өртіне алаңдап отырғанын" жеткізген. "Мемлекет басшылары екі ел арасындағы сауда мәселесін талқылады" делінген хабарламада.

Бұған дейін Ақ үй Ресей президентімен телефон әңгіме жайлы хабар таратпаған. Трамп та Twitter-де бұл жайлы айтпаған.

2017 жылы билікке келгелі бері конгресс пен өз әкімшілігіндегі көп мамандар қарсылығына қарамастан Трамп Путинмен қарым-қатынасты жетілдіріп, тығыз байланыс орнату жолын іздеп келеді.

Ресей 2014 жылы Қырым түбегін жаулап алып, Украина шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткелі бері және 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласқаннан кейін АҚШ-тың Ресеймен қарым-қатынасы қатты нашарлап кеткен.

Конгресс мүшелері және сыншылар бұған дейін Трампты Путинмен кездесуде Ресейді Украина мен Сириядағы саясаты және АҚШ-тағы президент сайлауына араласқаны үшін жазғырмады деп айыптаған. Екі ел басшысы соңғы рет Жапонияның Осака қаласында маусым айында өткен G8 саммитінде кездескен.

Путин өрт сөндіру бойынша Трамптың нақты қалай көмектесетінін ашып айтпаған.

Ресейдің федералдық орман агенттігінің дерегінше, Сібірдегі өрттің тұтануына құрғақ ауа райы себеп болған. Оның ауқымын қатты жел ұлғайтып жіберген.

Экологтар өрт ауқымының кеңеюі ғаламдық жылыну процесін жылдамдатуы мүмкін, тұрғындардың денсаулығына зиян тигізеді деп дабыл қағады.

Ресей билігі шілденің 31-і күні ел шығысы мен орталығында шамамен үш миллион гектар жердің өртенгенін хабарлады .

Сібір орманындағы өрт түтіні маңайдағы аймақтарға таралып, Алтай асып, Батыс Сібір, Челябинск, Екатеринбургқа жеткен. Ауа райы мамандары Қазақстанның бірқатар аймақтарындағы түтінді де орман өртімен байланыстырған.

"Төтенше жағдай министрінің есебін тыңдаған президент Путин қорғаныс министріне өрт сөндіру шарасына атсалысуға бұйрық берді" деп хабарлады Кремльдің баспасөз қызметі.

Интерфакс агенттігінің хабарлауынша, өрт сөндіруге 2 800 өрт сөндіруші жұмылдырылған.

Өрттен қатты зардап шеккен Краснодар өлкесінде 10 ауыл шаруашылығы ұшағы мен 10 тікұшақ өрт сөндіруге қатысқан.

Кремльдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрттен зардап шеккен Иркутск аймағындағы әскерилер де дайындық жағдайына көшкен.

Шілденің 31-і күні Красноярск қаласына барған елдің премьер-министрі Дмитрий Медведев өртпен тиімдірек күресу үшін Ресей батыс елдерімен оның ішінде АҚШ-пен "кеңесуі мүмкін" екенін айтқан.

"Аляскада да осындай ірі өрт болған. Еуропада ылғи болып тұрады - олар да бұған ғылыми көзқараспен қарайды. Олармен кеңесуден нақты жағдайда зиян шекпейміз деп ойлаймын" деді Медведев.

Greenpeace халықаралық қоршаған ортаны қорғау ұйымының ресейлік бөлімшесінің дерегінше, биыл 12 миллион гектар орман өртенген, ауадағы көмірқышқыл газын сіңіретін миллиондаған ағаш жойылған.

Greenpeace өкілі Григорий Куксин "Эхо Москвы" радиосына әскерилерді өрт сөндіру ісіне тарту пайдадан гөрі көбірек зиян тигізуі мүмкін деп болжаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG