Accessibility links

Ресейге көшушілер «баяу да болса көбейіп барады»


Теміржолдағы «Россия» жазуы. (Көрнекі сурет)
Теміржолдағы «Россия» жазуы. (Көрнекі сурет)

Ресей ішкі істер министрлігі сайтындағы дерекке сәйкес, 2016 жылы Қазақстаннан кеткен 37 837 адам Ресей азаматтығын алған. Бұл деректерді наурыздың 30-ы күні Астанада «Еуразия мониторингі» сараптамалық зерттеулер орталығында өткен кездесуде «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми-зерттеу орталығы директоры, тарих ғылымы докторы, профессор Зиябек Қабылдинов пен «Сібір-Еуразия» сарапшылар клубы жариялады. Оның сөзінше, 2015 жылы Қазақстаннан Ресейге шамамен 32 мың адам кеткен, олардың негізгі бөлігі – этникалық орыстар немесе орыс тілді халық.

Ресейге көшушілер көбейген
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:15 0:00
Жүктеп алу

НЕГЕ КЕТЕДІ?

Орыс тілді азаматтардың Қазақстанда қалғысы келмеуінің көп себептері бар екені айтылып жүр. Тарих ғылымы докторы Зиябек Қабылдинов ең әуелгі себеп ретінде «Ресейдің отандастарын өз территориясына көшіруге арналған бағдарламасын» атайды. Оның пікірінше, бұл бағдарлама жақсы жұмыс істейді, ол «Қазақстандағы оралмандарды көшіріп әкелу бағдарламасынан әлдеқайда жақсы». Оның айтуынша, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларынан кейін Қазақстан этникалық қазақтарды тарихи отанына қарқынды көшіруді тоқтатқан.

- Қазір 2017 жыл, бірақ этникалық қазақтарды көшіру механизмі әлі түсініксіз. Бұл жағынан Ресей Федерациясының варианты жақсы. Оларда аса жетілдірілмеген болса да, бірінші, екінші, үшінші аймақтарға көшіріп,жұмысқа орналастыру, жол шығынын, мүлкін төлеп беру қарастырылған бағдарлама бар әрі ол жұмыс істеп тұр, - дейді Зиябек Қабылдинов.

Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Айгүл Көшербаева мен «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми-зерттеу орталығы директоры Зиябек Қабылдинов. Астана, 30 наурыз 2017 жыл.
Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Айгүл Көшербаева мен «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми-зерттеу орталығы директоры Зиябек Қабылдинов. Астана, 30 наурыз 2017 жыл.

Бірақ Ресей президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы мен мемлекеттік қызмет академиясының филиалы – Сібір басқару институтының ғылыми-ұйымдастыру бөлімі бастығы, саяси ғылым кандидаты Елена Шевцованың пікірінше, «Ресейдің отандастарды көшіруге арналған әлгі бағдарламасында кемшіліктер жетеді. Мысалы, қоныс аударушыларды шақыратын Сібірде жалақы мардымсыз, сондықтан адамдар елдің өзге аймақтарынан жұмыс іздеуге мәжбүр».

Бұған қоса, Зиябек Қабылдинов Ресейде зейнет демалысына ерте шығу тәртібі сақталғанын, ал Қазақстанда ер адамдар 63 жасында, ал әйелдер қазір 58 жасында шығатынын, бірақ ол біртіндеп ұлғайып, 60 жасқа дейін жететінін де айтады.

Эмиграцияға кеткен қазақстандықтар үшін «Ана капиталы» деген бағдарлама да көшуге түрткі факторға айналған. Биыл Ресейде бұл сома 453 026 рубльді (сегіз мың долларға жуық) құрайды. Қазақстанда мұндай ақша бермейді. Бұдан бөлек, профессордың сөзінше, көрші ел коммуналдық қызмет ақысын төлеуге көмектесу, ауылдық жерлерде отын, көмір түсіріп беру сияқты түрлі әлеуметтік жәрдемақы төлеуді де жалғастырып отыр.

Мамандар көшуге түрткі болатын себептердің бірі ретінде 2019 жылы Қазақстан мектептерінде пәндерді үш тілде оқыту бағдарламасын енгізуді де атайды. Сол кезден бастап биология, химия, информатика сияқты пәндерді ағылшын тілінде, ал орыс мектептерінде Қазақстан тарихын қазақ тілінде оқыту жоспарланған. IQ-Expert.ru порталының жауапты редакторы Ольга Казанцева:

- Көшуді жоспарламаған көп адам қазір тек осы факторға ғана сүйеніп, көшу жайлы ойланып әрі әрекет етіп жатыр, - дейді.

Тарих ғылымы докторы Зиябек Қабылдиновтің пікірінше, таяу жылдары орыс тілді азаматтардың көшуі «үдей түседі».

- Ресейге қоныс аударуға Украинадағы оқиғалар да мәжбүрлеп отыр. Қырымға байланысты жағдай қаласақ та, қаламасақ та болды, оны аннексия деп атасаң да, ерікті түрде қосылу референдумы деп атасаң да бәрібір, бірақ жағдай осылай болды, ал оның зардабы постсоветтік республикалардың территориясында тұратын орыс тілді халыққа жанама түрде тиіп жатыр, - дейді Зиябек Қабылдинов.

Оның сөзінше, Ресейге кету себептерінің тағы бірі - Батыс елдері салған санкцияларға қарамастан, жақсы жұмыс табу мүмкіндігі. Қабылдиновтің дерегінше, ол жақта Ресей төлқұжатын үш ай ішінде алуға болады. Оның пікірінше, адамдар Қазақстаннан коррупцияның кесірінен де кетіп жатыр, соның кесірінен елде қалғысы келмейтіндер көп.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘРЕКЕТІ

Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры, экономика ғылымдарының докторы Айгүл Көшербаева азаматтардың Қазақстаннан кетуі адам капиталы сапасына әсер етеді деп санайды. Оның пікірінше, эмиграцияға кетуге түрткі болатын факторлардың әсерін әлдебір амалмен әлсірету қажет.

Мұның бәрінің негізгі себебі бар, ол - тұрмыс сапасы. Ресеймен шекаралас аймақтар қазір тұрмыс сапасын жақсарту саясатына үміт артып отыр.

- Мұның бәрінің негізгі себебі бар, ол - тұрмыс сапасы. Ресеймен шекаралас аймақтар қазір тұрмыс сапасын жақсарту саясатына үміт артып отыр. Қазақстанда урбанизация саясатына байланысты, «Мәңгілік ел» тұжырымдамасы аясында әлдебір шаралар істеліп жатыр. Бізде көшуге итермелейтін факторлар ғана бар деуге болмайды, бұдан өзге осы саясатқа, яғни білікті мамандардың көптеп кетуіне тосқауыл қоюға тырысатын ішкі шаралар да бар, - дейді Айгүл Көшербаева.

«КӘСІПҚОЙЛАРДЫ ІЗДЕП БАРАДЫ»

26 жастағы қазақстандық Армен Степанян – екінші жоғары білім алу үшін Мәскеуге кеткен жастардың бірі. Зерттеушілер оның жағдайын оқу іздеп, Ресейді қолайлы көріп кеткендер санатына жатқызар еді. Бақылаушылар дерегінше, қазір Ресейге көбінесе жастар, одан кейін аға буын өкілдері кетіп жатыр.

- Қазір Ресей жоғары оқу орындары мен олардың Қазақстандағы филиалдарында Қазақстанның 69 мыңдай азаматы оқып жатыр. Бұл өте көп, ал ол жаққа оқуға түсу әлдеқайда қиын, бірақ Ресейде сапасы жақсырақ білім алу үшін жастардың көбі тіпті ақылы негізде болсын, оқуға түседі, - дейді тарих ғылымы докторы Зиябек Қабылдинов.

Армен Степанянның BBDO (жарнама желісі тобы) жанындағы коммуникация академиясында музыкалық видео режисері мамандығын оқығанына жарты жыл болған. Бір жылдың оқу ақысы - 225 мың рубль (төрт мың доллар шамасында). Степанянның бірінші жоғарғы білімі мұнай өндіру саласымен байланысты. Ол Тюмень мемлекеттік мұнай-газ университетін бітірген. Студенттің айтуынша, қазір оқып жүрген мектебіне жақсы пікірлердің әсерімен түскен, бірақ шеберханадағы оқу деңгейі оның күткенінен әлдеқайда әлсіз болып шыққан.

Армен Степанян.
Армен Степанян.

- Қазақстанда ондай оқудың баламасы болмады, өйткені бізде кино саласы мамандарын даярлайтын бар-жоғы екі ЖОО бар әрі екеуі де әлсіз. Тіпті бізде баламасы болса да, ол жаққа тәжірибе алмасу үшін кетер едім. Болашақ жұмысым шығармашылықпен байланысты. Егер түбінде менен жақсы кәсіп иесі шығып жатса, әлемді шарламақпын. Роллан Сейсенбаевтың «Желтоқсан күндері» деген шығармасы бойынша фильм түсірсем деп армандаймын. Мен үшін туған жердің орны бөлек, сондықтан оның кәдесіне жарауға тырысамын, өйткені ол жақтағы адамдар, халық мені жақсы көрді, нанымен бөлісіп, үнемі ақ пейілін көрсетті ғой. Оларға деген ризашылығымды пайдамды тигізу арқылы білдіргім келеді, - дейді Армен Степанян.

Жас жігіт астаналық өзге студенттермен де араласып тұрады екен. Оның айтуынша, ол үшін «Ресейде қалудын әлдебір пайдасы немесе перспективасы жоқ, өйткені Ресей де проблемаларының симптомтары бірдей постсоветтік ел».

- Жұрт Ресейге де, Мәскеуге де емес, Мәскеуде өте көп тұратын білікті, есімі әлемге танылған нақты кәсіпқойларды іздеп барады. Ресейге көшкендердің көбі мемлекеттегі, тілге қатысты өзгерістерді сезінген славяндар шығар. Бұл жағынан алғанда, олар өздерінің тарихи отанына, оның мәдениеті мен тіліне оралып жатыр деп ойлаймын, ал бұл - еврейлер немесе армяндардың эмигранттық легі сияқты табиғи процесс, - дейді Армен Степанян.

Оның сөзінше, Семейде тұратын әке-шешесі ешқайда кетуді жоспарламайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG