Accessibility links

Foreign Policy: Путиннің "жұмсақ кек алуы" және Ресейдің "буфер аймағы"


Ресей президенті Владимир Путин (ортада).

Батыс баспасөзі Ресей президенті Владимир Путиннің сыртқы саясатын талқылап, Қазақстанды хакерлердің бас сауғалайтын орны болуы мүмкін деп болжайды. Бұған қоса "Қазатомөнеркәсіптің" "сәтті" IPO-сы, бір заманда Қазақстанды мекендеген делінетін "Сібір мүйізтұмсығы" туралы жазған.

ПУТИННІҢ СТРАТЕГИЯСЫ

Американың Foreign Policy журналында жарық көрген "Путин қалай шекара жоспарын жүзеге асырып жатыр?" деген мақалада тілші Майкл Хирш Ресей президентінің саясатын талдаған. "2016 жылы Трампқа көмектесу мақсатында [АҚШ-тағы сайлауға] Кремльдің килігуінен бастап Украина мен Грузияны және басқа да шекаралас аудандарды қорқыту – барлығы жоспар бойынша жүрді" деп санайды Хирш.

Грузияның жаңа президенті болып билік қолдаған тәуелсіз кандидат Саломе Зурабишвили сайланды.
Грузияның жаңа президенті болып билік қолдаған тәуелсіз кандидат Саломе Зурабишвили сайланды.

Осы аптада Грузияда болған президент сайлауын талдай келе журналист: "Украинада ойлағаны жүзеге аспаған соң, Путин Мәскеуге дос режимді қалыптастыру үшін сайлауға манипуляция жасау арқылы Грузияда көбірек табысқа жеткісі келеді" дейді. Хирштың пікірінше, АҚШ президенті Дональд Трамп өз сыртқы саясаты арқылы Кремльді желпінтіп келеді. Журналист Керчь бұғазындағы жанжал кезінде АҚШ президентінің "қатаң интервенциясы үшін Путинді тікелей сынамағанын" мысалға келтірген.

Foreign Policy журналына сұхбат берген Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университетінің халықаралық қауіпсіздік профессоры Петр Ельцов: "Путин Еуразияға ықпал етудің жақсы майланған макиавеллилік механизмін құрды, ал бұған Трамп ықпал еткен сияқты. Ол бір кездері Кремльдің екі ойшылы Мәскеудің "жұмсақ кек алуы" деп атаған Батысқа қарсы стратегиясын жүзеге асырып жатыр"деген.

Сарапшының айтуынша, Борис Ельцин билікте болған (Путин оның ізбасары ретінде өз кезегін күтіп жүрген) 1999 жылы екі стратег – Ефим Островский мен Петр Щедровицкий "жаңа жаһандық метажоба" арқылы "Орыс әлемін" құрып, Ресейдің бұрынғы беделін қайтаратын кез жақындағанын жазған. "Ол негізінен жұмсақ күш, үгіт-насихат, жалған ақпарат және шетелдердің сайлауларына килігу арқылы жүзеге асады" дейді сарапшы Foreign Policy басылымына берген сұхбатында.

Қазір "Кремль өзінің "буфер аймағы" санайтын бұрынғы Совет одағы елдеріне, Мәскеу жаргонымен айтқанда, "жақын шетелге" ерекше көңіл бөліп отыр. Онда әскери сценарий жиі болып тұратын сияқты. Оған Керчь бұғазында қазір болып жатқан Ресей мен Украина кемелерінің текетіресі мысал бола алады. Жағдай ушыға түседі" дейді Ельцов Foreign Policy тілшісімен сұхбатында.

Оның айтуынша, "Кремльдің сыртқы саясаты мен әскери науқандарының басты мақсаты – АҚШ пен НАТО-ның қазіргі ықпалын жою не біршама азайту, дегенмен буфер аймағын бақылау – басты императив. Трамптың "Алдымен – Америка" саясатының арқасында әлемнің осы бөлігінде Путиннің қолы ұзара түсті" дейді Ельцов.

Сарапшының сөзінше, Кремль өз буфер аймағын маңызы бойынша төрт деңгейге бөледі. Біріншісі – Украина, Беларусь және Қазақстанның көп бөлігі. Бір кездері Батыста Совет одағына қарсы қаһарман саналып, кейіннен орыс ұлтшылдығын қолдап, Путинге мойынсұнған жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Александр Солженицын бұл елдерді Ресей үшін ең маңызды аймақтар деп атаған.

Орыс жазушысы Александр Солженицын. Шілде, 1994 жыл.
Орыс жазушысы Александр Солженицын. Шілде, 1994 жыл.

Екінші деңгей – Ресейдің оңтүстік-шығысын, Арменияны, Әзербайжан мен Грузияны біріктіретін Кавказ аймағы. Үшінші деңгей – Орталық Азияның қалған бөлігі, немесе Солженицынның сөзімен айтқанда, Ресейдің "кіндік асты". Бұл аймаққа Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстан жатады.

Путин қазірдің өзінде осы елдердің көпшілігіне және бұрынғы социалистік лагерь елдерінің кейбіріне, мәселен, Венгрия мен Польшаға ықпалын жүргізіп отыр. Ельцовтың айтуынша, Ресейдің болашақта төртінші деңгей елдері Латвия, Литва, Эстонияға ықпал ету әрекеті – Батыс үшін ең үлкен сынақ болмақ. Біршама орыстілді тұрғыны бар бұл елдер НАТО-ға мүше.

ҚАЗАҚСТАН ХАКЕРЛЕР ПАНАЛАЙТЫН ЖЕР МЕ?

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайты Қазақстанның хакерлер бас сауғалайтын елге айналуы мүмкін екенін ескертеді. "Заңы әлсіз, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету құрылымдары әлжуаз Қазақстан онлайн-қылмыскерлерді өзіне тартуы мүмкін"деп жазады автор.

Астанадағы "Кибер шабуылдарды сараптау және тергеу орталығының" («ЦАРКА») директоры Арман Әбдірәсіловтың айтуынша, әлемдегі ең қауіпті хакерлік топтардың бірі – банк есеп-шоттарынан ақша ұрлауға машықтанған Cobalt Қазақстанға көшіп жатыр. Еуропа құқық қорғау органдарының ынтымақтастығы агенттігі – Еурополдың пайымдауынша, Cobalt әлемнің 40-тан астам елінде банктерге шабуыл жасап, қаржы саласына миллиард еуроға (1,1 миллиард доллар) жуық шығын келтірген. Былтырдың өзінде ғана Cobalt Ресейдегі 240 қаржы мекемесіне 20 шабуыл жасап, 15 миллион доллардан астам ақша ұрлаған. Мұны Ресейдің Орталық банкі биыл ақпан айында айтыпты. Кей сарапшылардың пікірінше, бұл шабуылдардың бір бөлігі Қазақстанда жасалған болуы мүмкін.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Eurasianet.org ақпаратына сенсек, компьютер бұзғыштардан Қазақстан банктері де жапа шеккен. 2017 жылы алты қаржы мекемесіне "фишинг-шабуыл" жасалған. Әбідрәсіловтың айтуынша, "Қазақстан банктері бұл шабуылдардан көп шығын көрсе де, абыройынан айырылудан қорыққандықтан бұл туралы көп жарияламаған".

"Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұл мәселені шешуде я қауқарсыз, я құлықсыз көрінеді" деп жазады Eurasianet.org.

АСТАНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ "СӘТТІ" IPO

Американың Forbes журналы Астанада алғаш өткен IPO саудасының сәтті болғанын жазды. "14 қарашада Қазақстандағы уран өндірумен айналысатын мемлекеттік "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы соңғы оншақты жыл ішінде қазақстандық ірі компанияның жария түрдегі ұсынысын шығару арқылы тарихқа енді. Бұл екі маңызды ұйым – жақында ашылған "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен уран өндіру саласында Сауд Арабиясының Aramco компаниясымен жиі салыстырылатын "Қазатомөнеркәсіп" үшін драмалық финал" деп жазады Forbes.

Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі өткен "Нұр Әлем" сферасы. Көрме өткен ғимаратта қазір Астана қаржы орталығы орналасқан.
Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі өткен "Нұр Әлем" сферасы. Көрме өткен ғимаратта қазір Астана қаржы орталығы орналасқан.

"Ядролық отын өндіру циклындағы тауарлар нарығы әлі де тұрақсыз болып тұрғанына қарамастан, "Қазатомөнеркәсіпті" сатып алу жөніндегі тапсырыстар бүкіл әлемнен түсіп жатты. Инвесторлардың көбі мемлекеттік: Бірыңғай Ұлттық жинақтаушы зейнетақы қоры шыққан акцияның үштен бірін сатып алса, 2700 жеке тұлға, 49 шетелдік және 16 жергілікті инвестициялық компания қалғандарын сатып алды. Акциялардың 31,3 пайызы Halyk Finance, ал 23,2 пайызы Freedom Finance арқылы сатылды" деп жазады Forbes.

Басылымның жазуынша, осы арқылы Қазақстандағы екі қор биржасының капитализация ауқымы артқан. Олар – "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен Алматыдағы KASE (AHKSY). Екеуіндегі 140 компания негізіндегі жалпы капитализация 42 миллиард долларды құраған.


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МҮЙІЗТҰМСЫҚ

АҚШ-тың CNN телеарнасы вебсайтында Nature Ecology & Evolution журналында жақында жарық көрген зерттеу мақалаға комментарий жарияланды. Зерттеу қорытындысына сенсек, "Сібір мүйізтұмсықтары" неандертальдықтар мен қазіргі заманғы адамдардың алғашқы буынымен бір кезеңде, осыдан 39 мыңдай жыл бұрын өмір сүрген болуы мүмкін.

Бұған дейін жұмбағы көп аң – жүндес мүйізтұмсық осыдан 200 жыл бұрын жойылып кеткен деген жорамал болған. Дегенмен, соңғы зерттеу нәтижелері көрсеткендей, салмағы 3,8 тоннаға дейін жеткен бұл мақұлық Ресей, Моңғолия, солтүстік Қытай және Қазақстан жерінде өмір сүріп, бұдан әлдеқайда кейін жойылып кеткен. Климаттың өзгеруі салдарынан мүйізтұмсық жеп жүрген шөп өзгерген, олар соның кесірінен қырылған. CNN тілшісінің тұжырымы бойынша, қазіргі мүйізтұмсықтардың климат өзгеруіне үйрене алмауының себебі де осында болса керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG