Accessibility links

Саяси лагерьлер үшін Қытайды Батыс қана сөкті ме?


Қашғар қаласындағы көшелердің бірі. Қытай, қараша айы 2017 жыл. Көрнекі сурет
Қашғар қаласындағы көшелердің бірі. Қытай, қараша айы 2017 жыл. Көрнекі сурет

Батыс басылымдары осы аптада Қытайдағы адам құқықтары жайының БҰҰ-да талқылануын, Еуразия экономикалық одағы мен “Бір белдеу – бір жол” бастамасының өзара жақындасу мүмкіндігін және Қазақстандағы денсаулық сақтау мәселесін сөз етті.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫҢ БҰҰ-ДА ТАЛҚЫЛАНУЫ

Шыңжаңдағы қуғынға байланысты халықаралық қауымдастықтың сынына ұшыраған Қытай 6 қарашада БҰҰ-ның Женевадағы Адам құқықтары кеңесінде елдегі этностық азшылықтың құқықтары қорғалатынын мәлімдеді. Бұл кеңесте бес жыл сайын кеңеске мүше елдердегі адам құқығының жағдайы талқыланады.

Бірнеше елдің өкілі Шыңжандағы қысым туралы сыни пікір айтты, ал Женевадағы БҰҰ ғимаратының алдында Пекиннің этностық азшылыққа қатысты саясатына қарсы наразылық шарасы өтіп, оған қазақ этносының өкілдері де қатысты.

Женевадағы наразылық. 6 қараша 2018 жыл. (Сурет Қыдырәлі Оразұлының жеке мұрағатынан алынды).
Женевадағы наразылық. 6 қараша 2018 жыл. (Сурет Қыдырәлі Оразұлының жеке мұрағатынан алынды).

Қытай есебі тыңдалған Швейцариядағы мәжілістен хабар берген британдық Financial Times басылымы түрлі елдер өкілдерінің пікірлеріндегі айырмашылықты салыстырған.

Германия, Финляндия, Канада сияқты елдер Қытайды “Шыңжаң мен Тибеттегі этностық азшылық өкілдерімен қарым-қатынасын ашық етуге шақырса, Замбия сияқты Қытайдың дәстүрлі жақтастары Қытайдың ауылдық жердегі кедейлікті жойып, әлеуметтік қамсыздандыруда үлкен жетістікке жеткенін атап өтті” деп жазады Financial Times.

“Өз азаматтары жүздеп қамауға алынып жатса да, Қытайдағы қуғын олардың отбасы мүшелеріне әсер етсе де, Пәкістан да, Қазақстан да Шыңжандағы тұтқындау мәселесін көтерген жоқ. Бұл екі ел де – Қытай қаржыландыратын инфрақұрылым жобаларына көптеп қатысады әрі Қытаймен сауда жасайды” деп жазды Financial Times.

Басылымның жазуына қарағанда, Қытай қамау орындарын "білім беретін мекеме" деп бүркемелеп отыр. Шыңжандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты нысандардың құрылысына бөлінетін қаражат көлемі өткен жылы екі есеге өскен (2,9 миллиард доллар), ал кәсіби білім беру шығындары қысқарған. Басылым АҚШ-та орналасқан Jamestown Foundation-ның жақында жарық көрген есебінен осы деректі келтіреді.

Қарай отырыңыз: Қытай лагерьлеріндегі "бақытты студенттер"

Американың Wall Street Journal газеті де осы тақырыпты сөз еткен. “Қытайға қарсы наразылық шарасы барысында ондаған ел өкілдері (көпшілігі Батыс елдерінен) Шыңжандағы лагерьлер желісі үшін Қытай делегациясына сын айтты” деп жазды басылым.

“Отырысқа қатысқан 50 шақты мұсылман елдерінің ішінде Түркия ғана Шыңжандағы жағдайға байланысты Қытайға сын айтқандай болды. Олар Пекинді “өз мәдени ерекшелігін, діні мен тілін сақтауға” тырысып жатқан этностық топтардың ахуалын жақсартуға шақырды. Шыңжаңмен шектесетін Қазақстан қамау мәселесін айта бастап еді, бірақ берілген уақыт аяқталып сөзін жалғастыра алмады. Қытай өкілі Пекин “біржақтылыққа ұрынған бірнеше елдің саяси астары бар айыптауын қабылдамайтынын” айтып, АҚШ пен басқа да сыншыларды тойтарып тастады” деп жазды Wall Street Journal.

Британдық Guardian газетінде БҰҰ-дағы мәжіліс қарсаңында жарық көрген “Қытай Шыңжандағы қауіпсіздікке байланысты құрылыс шығындарын екі есе арттырды” деген мақалада Jamestown Foundation қорының жоғарыда сөз болған есебіне сілтеме жасалады. Онда Шыңжандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты құрылыс шығындары 213 пайызға өсіп, 2,9 миллиард долларға жеткені, ал білім беру бастамаларының бюджеті өзгеріссіз қалғаны айтылады.

“Аймақта лагерь құрылысы қарқын алып жатқанда Шыңжанның бюджет көрсеткіштері кәсіби білім беру шығындарының өспегенін айғақтайды..., сонымен бірге бұл соттар мен прокурорлар қарап жатқан қылмыстық істердің артқанын да көрсетпейді. Мұнда жүздеген мың ұйғырды түрмеге жауып, қатаң күзетілетін саяси даярлық лагерьлерін тұрғызу мен оларды ұстап тұруға қатысты шығындар көрсетілсе керек” деп осылайша басылым Jamestown Foundation есебінің авторы, Германиядағы Еуропа Мәдениет және дінтану мектебінің антропологы Адриан Зенцтің пікірін жариялаған.

ЕУРАЗИЯ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҒЫ МЕН “ЖІБЕК ЖОЛЫ” ЖОБАСЫ БІРІГЕ МЕ?

Вашингтонда шығатын Diplomat газеті Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің жақында Қытайға жасаған сапарының нәтижесін сараптай келе, Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) мен “Бір белдеу – бір жол” (БББЖ) бастамасының бірігу ықтималдығын сөз етеді.

“Ресей мен Қытай басшылары ЕАЭО мен “Бір белдеу – бір жол” бастамасының арасындағы байланысты өз ыңғайына қарай сипаттайды. Мұндайда құнды экономикалық жобаларын біріктірген әлемнің екі алыбының образы көз алдыңа келеді. Дегенмен, екі жақ осы байланысты сөз еткенде нені тұспалдағанын өткен жылдар айқындап бере алмады. Ал БББЖ әлі де аморфты көрінеді, Қытай “бұл – БББЖ жобасы” деп атаса, барлығы соның бір бөлігі болуы мүмкін. Ал ЕАЭО керісінше жоғалып барады, өзіне ешқандай сенім тудырмайды әрі оның қандай да бір экономикалық белсенділікті арттырғаны да байқалмайды. Жалпы ЕАЭО Ресейдің беделін арттыратын жоба ретінде көріне алмай келеді”, – деп жазды Diplomat.

Басылым Гарвард университетінің сарапшысы Наргис Қасенованың “БББЖ мен ЕАЭО арасындағы байланыс туралы сөздің бәрі саяси астарлы сөз болар” деген пікірін келтіреді.

“БББЖ мен ЕАЭО арасындағы бастамаларды жақындастыруда мардымды ілгерілеудің болмауы мұның барлығы жай риторика дегенді білдіреді, бұл Ресей мен Қытайдың бір-бірінің Орталық Азиядағы амбицияларын ескеру әрекетін байқатады” деп жазады Наргис Қасенова.

Орталық Азия мемлекеттері “Қытаймен екіжақты қарым-қатынастың қаупін түсінеді, Әрине, бірақ олар бұдан бөлек вариантты да көріп тұрған жоқ. Ресей экономикалық дамуға лайықты дәрежеде қолдау көрсете алмайды, ал бұл Қытайдың қолынан келеді. Пекин мен Мәскеу БББЖ мен ЕАЭО арасындағы байланысты жарнамалай береді, себебі бұл олардың саяси мақсаттарын қанағаттандырады” деп тұжырымдайды Diplomat.

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев және Қытай премьер-министрі Ли Кэцян (оң жағында). Пекин, 7 қараша 2018 жыл.
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев және Қытай премьер-министрі Ли Кэцян (оң жағында). Пекин, 7 қараша 2018 жыл.

Американың Bloomberg сараптама агенттінің сайтындағы “Жібек жолы бойындағы теміржол Қытайды тығырыққа тірейді” деген мақалада автор Қытайдың Орталық Азия арқылы құрлықпен өтетін сауда жолын салу, соның ішінде теміржол тасымалдау жобасының тиімділігіне күмән келтірген. Bloomberg жүкті теңіз арқылы жеткізудің оңайлығы мен арзандығын айтады, әрі құрлықпен жүргісі келетіндер үшін Транссібір күрежолының бұрыннан бар екенін еске салады.

“Тіпті Қытай банктері де билік ұсынып отырған Еуразияның үстіндегі көпір жобасының қаншалықты күмпиген жоба екенін түсінетін сияқты. БББЖ жобалары негізінен Пәкістан мен Малайзиядағы мегапорт жобаларына бағытталған, мұндай порттар Шри-Ланка мен Мьянмада ашылған. Орталық Азиядағы логистика инвестициясы негізінен Қытайдың Қазақстанмен шекарадағы Қорғас контейнерлік торабына бағытталған. Ал бұл – БББЖ масштабында алып қарасақ, теңізге тамған тамшыдай-ақ” деп жазды Bloomberg.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайты Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің, соның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетудің жайын сөз еткен.

Қазақстанның соңғы жылдардағы көрсеткіштері көңіл қуантады. Мәселен, ЮНИСЕФ мәліметтеріне қарағанда, әр 1000 нәрестеге шаққандағы бала өлімі 2000 жылғы 18,8-ден 2017 жылы 8,07-ге дейін түскен. Ана өлімі әр 100 000 босануға шаққанда 60,9-дан 12-ге дейін азайған деп жазды Eurasianet.org.

Қарай отырыңыз: Денсаулық сақтау саласына көңіліңіз тола ма?

Соған қарамастан жыл сайын бес жасқа дейінгі 4000 бала шетінейді. Ана өлімінің 40 пайызы негізгі медициналық көмекті ұсына алмайтын ауыл ауруханаларында болады, ал бұдан созылмалы ауруы бар науқастар көп зардап шегеді. Қазақстан орташа өмір сүру жасын 2000 жылғы 65 жастан 72-ге дейін арттырды, дегенмен бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) орташа көрсеткіші – 80 жастан әлі де төмен.

“ЭЫДҰ есебінде көрсетілгендей, қазір Қазақстанда медициналық қызмет көрсететін негізгі орын – аурухана. Мұнда бір проблема анық көрінеді, жұрттың көбі ауруханаға тым кеш барады” деп жазды Eurasianet.org.

Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау бюджетінің 45 пайызы стационарлық көмекке жұмсалады, ал ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткіші – 30 пайыз. Алғашқы медицина-санитарлық көмек көрсететін дәрігерлер жалпы дәрігерлердің 7-16 пайызын ғана құрайды, ал бұл ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткішінен 32 пайызға аз. Әр 1000 адамға бар-жоғы 0,28 жалпы тәжірибелік дәрігерден келеді, ал ЭЫДҰ-дағы орташа көрсеткіш – 0,72.

Бұл медициналық қызметтің қазіргі құрылымы туралы түсінікке қайшы келеді, қазіргі медицинада терапевт-дәрігерге негізгі басымдық беріледі деп жазады Eurasianet.org.

ЕЫДҰ пікірінше, “терапевт дәрігерлер салауатты өмір салтын сақтамағаннан пайда болатын созылмалы аурудың алдын алып, салдарын азайтады. Қазақстанда мұндай проблемалардың бірі – алкоголь кесірінен пайда болатын бауыр ауруы”.

Билік мәселені қаржы құю жолымен ішінара шешуге тырысып жатыр. Мәселен, үкімет бес жыл ішінде денсаулық сақтау мен білім беру саласына кететін шығынды ЖІӨ-нің 3 пайыздан 10 пайызға дейін ұлғайтуға міндеттеме алып отыр.

Eurasianet.org авторының айтуынша, қазір Қазақстанда саланы қаржыландырудан гөрі ресурстарды тиімді басқару – басты мәселе болып отыр. Басылым ЮНИСЕФ өкілі Қанат Суханбердиевтің “Ең бастысы – өртті сөндіріп, тесікті бітеу емес, қаражатты орынды пайдалану” деген пікірін келтіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG