Accessibility links

Ойдан шығарылған қылмыс, адам күлерлік сот ісі, түрмедегі жан шошырлық жағдай. Ресейде қарапайым тұрғындардан құралған топ сот жүйесіндегі осындай әділетсіздіктерге қарсы күресіп жүр.

Ольга Линькова күйініп әрі торығып жүр. Оның ері Максим Хаклев сібір түрмесінде төрт жылдық жазасын өтеп жатыр. Қазан айында оны солдаттарды ұрғаны үшін айыптап, бостандығынан айырды. Бірақ ерлі-зайыптылар істің толықтай қолдан ұйымдастырылғанын, соттың өтірік өткенін айтады.

- Прокурорлар сотқа бірде-бір жапа шегушіні әкелген жоқ. Сотта көптеген тәртір бұзушылықтар болды. Өз қорғаушысы бола тұра, сот тағайындаған адвокат істі жүргізді. Судья біздің адвокат келе алмайтын күні қылмыстық іс бойынша тыңдау өткізді, өз адамдарымен ауыстыра салды, - дейді Ольга Линькова.

Линькованың сөзінше, сот тағайындаған адвокат бар уақытын Хаклевтің айыбын мойындағаны туралы қағазға қол қойдыруға арнаған.

СІБІРЛІКТЕРДІҢ ЖАН АЙҚАЙЫ

Бұндай күйзеліске түскен жалғыз Ольга Линькова емес. Ресейдің Сібір және Қиыр Шығыс аймағында осындай мыңдаған адам туыстарының сот жүйесінен қорлық көргенін айтып, Мәскеудегі тұтқындар құқығын қорғаушыларға жүгінді.

«Русь сидящая» үкіметтік емес ұйымының директоры Ольга Романова «бұрын естімеген 50 адамнан құралған топ қылмыстық кодекстің 228-бабы – есірткіге қатысты бірігіп жатқандарын айтып, хат жазғанын» айтады.

- Бұл бап бойынша көп адам қамалады, қылмысты ұйымдастыру өте оңай. Адамдардың осылай бірігіп, өзара тәжірибе бөлісіп, бір-біріне көмектесіп жатқанына қайран қалдық, - дейді ол.

«Русь сидящая» үкіметтік емес ұйымының директоры Ольга Романова.
«Русь сидящая» үкіметтік емес ұйымының директоры Ольга Романова.

Романова Сібірге барып, халықтан шыққан белсенділермен танысқанша олардың саны 1000 адамға жетіп үлгерді. Әрқайсының өз трагедиясы бар.

- Бұлар өмірде ең бағалысын жоғалтқан жандар: балалары, ата-анасы немесе жары жапа шеккен. Басым көбі күнкөріс көзінен қағылған, әділдіктің бар екеніне, қайырымдылыққа және заңға сенбейді. Оларды қорқыту мүмкін емес. Олардан бірдеңе алам деп үміттенбеңіз, - дейді ол.

Ольга Романова Татьяна есімді әйелдің басынан өткен жағдайды баяндады. Татьянаның қызы Настя екі жылдан бері Новосибирскідегі №1 СИЗО-да (уақытша қамау абақтысы) есірткі ісі бойынша отыр. Алты ай бұрын Настя инсульт алды, денесі жартылай сал болып қалды. Татьяна кездесуге барғанда түрме қызметкерлері қызын зембілмен әкеледі. Инсульт алғаннан бері Настяны дәрігер қараған емес.

Сібірдегі сияқты халықтан құралған қозғалыс - қазіргі Ресей президенті Владимир Путиннің тұсында сирек кездесетін құбылыс. Бірақ Ресей түрмелеріндегі сұмдық жағдай, тұтқындарды азаптау, бопсалау, түрме қызметкерлерінің қызметін асыра пайдалануы бүкіл елде наразылық тудырып жатыр.

Романованың айтуынша, мемлекеттің еуропалық бөлігімен салыстырғанда Сібір мен Қиыр Шығыста жағдай ушыққан.

- Әрине, Ресейдің бар аймағы осындай бассыздықты көріп отыр, бірақ Сібірде қаталдық шектен шыққан, - дейді ол.

Оның айтуынша, 228-бап бойынша (психотропты заттар мен есірткіні сақтау немесе өндіру) Ресейдің орталық аумағында 9-10 жыл жаза береді. Ал Сібірде түрме жазасы орташа есеппен 13-15 жылдан басталады.

«САЯСИ ЖҮЙЕНІ РЕФОРМАЛАУ КЕРЕК»

Романоваға келген топтың ішінде қаржылық іс бойынша сотталғандар көбейген.

Романованың тобына кіретін бұрынғы сотталушы Дмитрий Петров соңғы кезде 159-бап – алаяқтық ісі бойынша бизнес қожайындарын соттау көбейіп кеткенін айтады.

– Әдетте бизнесті өзіне алғысы келетіндер – көбіне заң орындары өкілдері іс бастайды. Бизнесті қолға алу немесе бәсекелесті құрту үшін осындай әрекетке бару – кең тараған тәжірибе, – дейді ол.

40 жастағы Роман Дроздов осындай оқиғаның құрбаны болды. 2015 жылдың қарашасында атышулы 1-СИЗО-да Дроздов қаза тапты, оған дейін төрт күн қансырап жатқан. Енді оның жесірі әділдік үшін күресіп жүр.

- Жас әйел кішкентай қызымен қалды. Ол ерінің атынан күреспек, себебі күйеуіне айып та тағылмаған еді, сот басталмаған. Оның өліміне жауаптыларды тапқанша күреседі, - дейді Ольга Романова.

Белсенді Петров та бұл СИЗО-ны жақсы біледі. Өзіне қарсы алаяқтық туралы із қозғалғанда сол жерде үш жылын өткізді.

- Ғимараттың тарихы сталиндік кезеңнен басталады. Содан бері еш өзгермеген. Ескі ғимарат 1932 жылы салынған, 2300 адамға арналған, бірақ онда 3000-ға жуық адам отыр. Мен отырған кезде сегіз адамға арналған торға 12-15 тұтқынды қамайтын. Адамдар кезекпен ұйықтайтын, - дейді Петров.

Оның айтуынша, СИЗО-да қараша айында ғана үш тұтқын өлген. Олардың арасында түрмеге реформа жасауды көтерген белсенді Павел Подъячев та бар. Подьячевті қалалық кеңес 3 миллион рубль (50 мың доллар) ұрлады деген айыппен қамаған.

СИЗО-да осылай қиналып өлетіндер көп. Ол жерде ешқандай медициналық көмек көрсетілмейді.

- СИЗО-да осылай қиналып өлетіндер көп. Ол жерде ешқандай медициналық көмек көрсетілмейді, - дейді Петров.

Ал Романова Новосибирск Ресейдің әділетсіздік ошағына қалай айналғанын түсіндіреді.

- Новосибирск Мәскеу мен Санкт-Петербургтан кейінгі үшінші үлкен қала, ішкі істер министрлігі академиясы мен ФСБ-ның отаны. Әскер және заң ісіне қатысты институттар көп. Бүкіл Сібірдің қыз-жігіттері сонда оқиды. Сол жерде қалғысы немесе басқа ірі қалаға кеткісі келеді, - дейді ол.

Бірақ қалай кетеді? Басқалардан қалай ерекшеленуге болады? Шұжық ұрлаушыларды ұстаумен бе? Айына бірнеше жүз рубль алып, түкпірдегі ауылға кетуге ешкімнің құлқы жоқ.

- Ал төрт қылмыстық топты ашып, оларды 20 жылға қаматсаңыз, полковник болып шыға келесіз, - дейді ол.

Белсенді Петровтың айтуынша, 2016 жылы Новосибирскіде 15 мың адамға үкім шыққан, тек 12 адам ғана «айыпсыз» деп танылған. 10 істі прокурорлар апелляцияда тоқтатқан.

Романова Сібір түрмелеріндегі жауыздық Сталин кезіндегі ГУЛАГ жүйесінен бастау алғанын айтады. «Соңғы рет 1953 жылы Лаврентий Берия түрмеге реформа жасады. Бұдан соң реформа болған емес» дейді ол.

Бірақ белсенді реформаның істі толықтай шешпейтін айтады. Тұтастай сот жүйесін өзгерту керек.

- Сот жүйесін өзгерту үшін саясаттың араласуы керек. Қазір сот жүйесі елдегі саяси жағдайға тәуелді. Олар қазір тек биліктегілерді қорғауға қызмет етіп отыр. Үкіметтің тапсырысы, ақша, пара алу немесе жұмыс істеуге ниетінің болмауы, шаршау, кәсіби біліктіліктің жетпеуі сияқты себептер көп... Соның бәріне көз жұмады, саяси тұрақтылық, саяси қалып сақталса болды деп отыр, - дейді ол.

Ирина Лагунинаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG