Accessibility links

Си Цзиньпин: Қытайды бөлшектеуді көздейтін кез келген әрекет сәтсіз аяқталады


Қытай компартиясының төрағасы Си Цзиньпин.

Қытай компартиясының төрағасы Си Цзиньпин Гонконгте Қытайға қарсы төрт айдан астам уақыт наразылық болып жатқан тұста қатаң мәлімдеме жасады. Ол Қытайды бөлшектегісі келетін кез келген әрекет сәтсіз аяқталатынын, ондай әрекеттердің орнында "мыжылған денелер мен ұнтаққа айналған сүйектер" ғана қалатынын айтты. Бұл туралы AFP жаңалықтар агенттігі хабарлады.

AFP хабарлауынша, Қытай ресми ақпарат құралдары Си Цзиньпин өткен жексенбіде Непалға барған сапарында осылай меңзей сөйлегенін жазған.

Бұл мәлімдеме Гонконгте жексенбі күні шеруге шыққандар мен полиция тағы да қақтығысып, Тайвань мен Қытай қатынасы ушығып тұрған кезде айтылған. Пекин Тайваньды өзінің аумағы санайды.

Қытай бұған дейін Британияның бұрынғы отары Гонконгтегі қарсылықты "сыртқы күштер қоздырады" деген еді.

AFP мақаласында Си Цзиньпиннің қатаң мәлімдеме жасауына түрткі болған жайттардың бірі - АҚШ-тың Пекинді Шыңжаңдағы саяси қуғын-сүргін үшін сынағаны болуы мүмкін деп санайды. АҚШ Қытайдың солтүстік-батыс аймағы Шыңжаңда ислам дінін ұстанатын түркі тілді аз ұлттың миллионнан астам адамын "саяси қайта тәрбиелеу лагерінде" мәжбүрлеп ұстағанын сынаған. Пекин оны "кәсіби дайындық орталықтары" деп атап, "сепаратизммен және діни экстремизммен күрес мақсатында ұйымдастырылды" деп түсіндірген.

Құқық қорғаушылар мен Батыс елдері Қытайды ақпарат шектейтін, биліктегі шынайы саяси бәсекелестерін қуғындайтын, әсіресе Тибет пен Шыңжаңда адам құқығын бұзатын ел деп сынайды.

2018 жылы БҰҰ да Қытайдың "экстремизммен күрес орталықтарында" миллионға жуық түркі тілді аз ұлт өкілдері күшпен қамалатынын мәлімдеген.

Қытайдан қуылған 20 мыңға жуық тибеттіктер Непалда тұрады, алайда Пекиннің қысымымен Непалдың қазіргі коммунистік билігі оларға қатысты саясатын қатаңдата түскен деп жазады AFP. Непал премьер-министрі Кхадга Прасад Шарма Оли Қытай жетекшісімен әңгімесінде "ешбір күштің Непал аумағын Қытайға қарсы сепаратистік іс-әрекетке пайдалануына жол бермейтінін" айтқан.

Гонконгтегі қарсылық акциялары төрт айдан бері жалғасып жатыр. Шеруге шыққандар бастапқыда "қылмыскерлерді Қытайға экстрадициялау туралы" заңды қарастыруды тоқтатуға қол жеткізген еді. Одан кейін талап ауқымы ұлғая түсті. Оның ішіндегі ең бастылары – қала автономиясын сақтау және Гонконг билігін қызметінен кетіру. Қытай Гонконгке әскер кіргізуі мүмкін деген қауіп айтылған, алайда Пекин Гонконг полициясы "қарсылық акцияларын өз бетінше баса алады" деп бірнеше рет мәлімдеген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG