Прокурор соттан "ҚДТ қозғалысын қолдады" деп айыпталған Алматы облысы Қаскелен қаласының тұрғыны Еркін Қазиевтің екі жыл бас бостандығын шектеп, қоғамдық жұмысқа тартуды сұрады. 14 қазанда Қаскелен қаласындағы сотта жарыссөз өтті.
Қазиев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Сот шешімі 15 қазанда шығады.
Қазиевке "экстремизмге қатысы бар ұйым жұмысына араласты" деген айып бойынша қылмыстық іс биыл наурызда қозғалған. Мамырда Қарасай аудандық соты 53 жастағы Еркін Қазиевті үйқамаққа алу туралы шешім шығарған.
Бүгін, 14 қазанда Нұр-Сұлтанда "ҚДТ қозғалысының жазбаларын бөлісті" деп айыпталған Серік Жахинің ісі бойынша да жарыссөз өтіп, прокурор қала тұрғынының бас бостандығын 1,5 жылға шектеуді сұрады. Жахин де өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.
2018 жылы 13 наурызда Қазақстан соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану және тыйым салуды сұраған бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырған. Ақорданы сынаушы қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған қозғалыс материалдарын таратуға да тыйым салынды. Әблязов "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформаны" жүзеге асыруды мақсат тұтатын қозғалыс құрылғанын 2017 жылы сәуірде жариялаған еді. Әблязов ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімімен келіспейді.
Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер жауапқа тартылғандар негізгсіз қудаланды дейді.
ПІКІРЛЕР