Accessibility links

Сот белсенді Арзамасоваға "оқ атқандардың" бабын өзгертпеді


Белсенді Галина Арзамасованың (алдыңғы қатарда сол жақта отыр) шағымы бойынша өткен сотқа келгендер. Талғар, 14 қазан 2019 жыл.
Белсенді Галина Арзамасованың (алдыңғы қатарда сол жақта отыр) шағымы бойынша өткен сотқа келгендер. Талғар, 14 қазан 2019 жыл.

Алматы облысы Панфилов ауылдық округі Қарабұлақ ауылының тұрғыны Галина Арзамасова мен оның адвокаты Нұрлан Рахманов Арзамасоваға оқ атқандардың ісін "Бұзақылық" бабынан "Қылмыстық топ құрып, адам өлтіруге талпыну" бабына ауыстыруды сұрап, сотқа шағымданған. 14 қазанда Талғар аудандық соты белсенді мен адвокатының прокуратура үстінен түсірген шағымын қарап, қанағаттандырмады.

- Арзамасоваға оқ атқандардың ісін "Бұзақылық" бабымен қарағанына қарсымыз. Прокурор үстінен шағым түсірдік. Істі ауырлау баппен қарауды сұрадық. Прокуратура қарсы, - деді адвокат.

Бірақ сот шағымды қанағаттандырмай, істі "Бұзақылық" бабы бойынша тергеп-тексере беруге шешім шығарды.

Арзамасованың айтуынша, осы сот шешімінен кейін іс бойынша күдікті Панфилов ауылдық округінің әкімі Нұрғали Аппазов кепілмен бостандықта жүре береді.

- Біз күдіктіні де қамауға алуды сұрағанбыз. Бірақ сот "Бұзақылық" бабымен күдікке ілінгендер кепілдік қойып, бостандықта жүруіне болады деп айтты, - дейді Арзамасова.

Талғар ауданындағы Қарабұлақ ауылының тұрғыны, белсенді Галина Арзамасова 26 тамызда аудандық әкімдік алдында өзіне белгісіз біреулердің "пневматикалық қарудан атқан оғы жамбас сүйегіне тигені" туралы Азаттыққа хабарлаған еді. Ол Талғар ауданы әкімінің қабылдауына Қарабұлақтағы мектеп маңындағы жердің жекеменшікке берілгенін, жерді алған адам үй салмақ боп жатқанын айтуға келген. Алған жарақатына қарамастан ол аудан әкіміне кіріп, мәселелерін жеткізген. Кейінірек ауруханаға түскен. Осы оқиғадан соң аудандық әкімдік Қарабұлақтағы мектеп маңындағы жердің қалай сатылып кеткенін тексере бастаған.

Кейін Қарабұлақ ауылы қарайтын Панфилов ауылдық округінің әкімі Нұрғали Аппазов күдікті ретінде ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG