Accessibility links

Адвокат: Қамалу мерзімі аяқталған белсенділер изоляторда заңсыз отыр


Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина және адвокат Ғалым Нұрпейісов. Алматы, 17 қазан 2019 жыл.

"Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысты" деп күдікке ілінген белсенділер Оксана Шевчук пен Гүлзипа Жәукерованың қамау мерзімі аяқталды, бірақ ісі әлі сотқа жетпеді. Мұндай жағдайда оларды босату керек деп мәлімдеді белсенділердің адвокаты Ғалым Нұрпейісов 17 қазанда Алматыдағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросында өткен баспасөз жиынында.

- Қазанның 3-і күні қамау мерзімін 18-іне дейін ұзартқан еді. Яғни, бүгін іс сотта болуы тиіс еді. Істің сотта екенін дәлелдейтін бірден-бір айғақ - бұл айыпталушы мен қорғаушысының қолына айыптау актісінің тиюі. Бірақ кеше де, бүгін де айыптау актісін алмадық. Не акт жоқ, не іс сотқа жетпеген, не қамау мерзімі ұзартылмаған. Сондықтан мен қорғауымдағы әйелдерді қамауда заңсыз отыр деп білемін, - дейді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Адвокат "бүгін кешке дейін іс сотқа жеткен күннің өзінде барлық процедура орындалуы үшін кемінде 3-4 күн қажет" дейді.

- [Іс сотқа жіберілгеннен кейін] оны қай судья қарайтыны анықталуы керек, кейін судья істі өз қарауына алғаны туралы қаулы шығарып, санкцияға қатысты шешім шығаруы тиіс. Яғни мұның барлығына кем дегенде 3-4 күн керек, - дейді ол.

"Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысы бар" (шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы) деп айыпталған 30 жастағы Оксана Шевчук пен 51 жастағы Гүлзипа Жәукерова 4 шілдеден бері тергеу изоляторында қамауда отыр. Қамалардан бір күн бұрын полиция Жәукерова үйін тінтіп, үнпарақтар табылғанын хабарлаған. Ал Шевчук үйінен "митингі кезінде қолданылатын түтін шығаратын құтылар" табылған.

Гүлзипа Жәукерова, Оксана Шевчук - 1 мамырда Алматыда өткен рұқсат етілмеген наразылық акциясы кезінде ұсталған ондаған азаматтың бірі. Мамыр айының ортасында олардың Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған қозғалысқа қатысы бар деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Күдіктілер "ҚДТ-ға мүше емеспіз, бірақ бағдарламаларының кейбір тұстары ұнайды" дейді. Осыған ұқсас айып бойынша күдікке ілінген тағы бір белсенді Жазира Демеуова 12 қыркүйекте тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылған еді. Оның ісіне қатысты әзірге ақпарат айтылмады.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG