Accessibility links

CPJ журналист Амангелді Батырбековті дереу босатуға шақырды


Журналист Амангелді Батырбеков.

"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін журналист Амангелді Батырбековті дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды. "Билік журналиске еркін әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі тиіс" делінген CPJ мәлімдемесінде.

"Қазақстан билігі журналист Амангелді Батырбековті дереу босатуы тиіс және апелляцияға берген өтінішін орындауы қажет" деді "Журналистерді қорғау комитетінің" Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламалар үйлестірушісі Гульноза Саид. Ол билікті Қылмыстық кодекстен жала жабу және қорлау бабын алып тастауға үндеп, мұндай істерді азаматтық тәртіпте қарауға шақырды.

23 қыркүйекте Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің "жала жабу" және "қорлау" баптары бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Сот үкіміне сәйкес, Амангелді Батырбеков Facebook парақшасында жергілікті шенеуніктің "ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін қорлайтын сөздер жариялаған". Жергілікті ақпарат құралдары мен сот құжаттарына сүйенген CPJ жазуынша, Батырбеков шығын өтеуі ретінде 2,1 миллион теңге (шамамен 5 300 доллар) төлеуі тиіс.

"Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева "Журналистерді қорғау комитетіне" Батырбеков ұзақ жылдар бойы жергілікті шенеуніктердің ықтимал жемқорлық әрекеттері туралы жазып келгендіктен істі болды деп айтқан. Журналистің адвокаты Шынар Ермекова 7 қазанда үкімді апелляцияға берген, бірақ сот тыңдауы әлі белгіленбеген.

Сарыағаштағы тергеу изоляторында отырған Батырбеков жергілікті басылымдарда жарық көрген хатында тағылған айыптарды жоққа шығарған. Ол өзін сыни мақалалары үшін (арасында ісін қараған судья туралы мақала да бар) қуғындап отыр деп санайды. Журналистің адвокатының айтуынша, оған шақырту қағазы келмегендіктен алғашқы екі сот отырысына қатыса алмаған. Үшінші сот отырысында Батырбеков судьяны ауыстыру туралы өтініш берген, бірақ өтініші қанағаттандырылмаған. Батырбеков хатында жемқорлық туралы мақалалары үшін көптеген шенеуніктердің оның "үнін өшіруге тырысқанын" жазған. Батырбеков жариялаған мақалалардан кейін жергілікті полиция қызметкерлері мен білім беру саласы шенеуніктері қызметінен кеткен.

CPJ Қазақстанның ІІМ-ге электронды пошта арқылы сауал жіберген, бірақ жауап алмаған. Олар Әбдиевпен де (Батырбеков үстінен "жала жабу" бабы бойынша арыз түсірген) хабарласа алмаған.

Бұған дейін халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы Амангелді Батырбековті 2019 жылы кәсіби қызметіне байланысты қуғындалған журналистер қатарына қосқан.

8 қазанда Шымкентте белсенділер Батырбековті босатуға шақырып, оны қорғау жөнінде комитет құрды. 14 қазанда "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы журналисті қорғап мәлімдеме таратып, оны "ар-ұждан тұтқыны" деп атаған.

"Шекарасыз тілшілер" дерегінше, қазір әлемнің 180 елінде 234 журналист түрмеде отыр. Ұйымның 2018 жылдың қорытындысы бойынша түзген баспасөз бостандығы тізімінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында өткен жылғы көрсеткіштен бір орынға төмендеп, 158-ші боп тұр.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 11.12.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:15 0:00
XS
SM
MD
LG