Accessibility links

Барселонада полициямен қақтығыс кезінде ондаған адам зардап шекті


Каталониядағы наразылық. 18 қазан 2019 жыл.
Каталониядағы наразылық. 18 қазан 2019 жыл.

Испанияның автономиялық аймағы Каталония астанасы Барселонада жұма, 18 қазанда кешке радикалды топ өкілдері мен полиция арасында қақтығыс болып, ондаған адам зардап шекті.

Қақтығыс мыңдаған адам қатысқан марштан кейін басталған. Шамамен 525 мың адам (Каталонияның халқы жеті миллионнан асады) қатысқан маршта наразылар аймақ тәуелсіздігін қолдаған тоғыз саясаткердің сотталуына наразылық білдірген.

Апта басынан бері жалғасып жатқан акция жұма күні бейбіт аяқталуы мүмкін еді. Алайда марш аяқталған соң Барселона орталығында маска киген жастар баррикада құрып, қоқыс жәшіктерін өртеген. Полицейлерге тас пен бөтелке лақтырған. Полиция резеңке оқ қолданып, газ бен су шашты. 60-тан астам адам зардап шекті, ондаған наразы ұсталды.

Дүйсенбіден бері наразылық акциялары кезінде 200-ден астам адам зардап шеккен, 170 адам ұсталған. Кейбірі түрмеге қамалуы мүмкін. 26 қазанға жоспарланған "Барселона" мен "Реал" арасындағы матч кейінге шегерілді.

Осы аптада Испанияның жоғарғы соты аймақ тәуелсіздігін қолдаған Каталонияның 12 саясаткерін түрлі мерзімге соттаған. Тоғыз адам 9-13 жыл аралығында бас бостандығынан айрылды. Сол күні елде наразылық басталған. Наразылар белсенділерді түрмеден босатып, қазір ұлттық автономия саналатын Каталонияға өз мәртебесін анықтауға мүмкіндік берілуін талап етеді.

Оқи отырыңыз: "Демократиялық цунами". Барселонада наразылық бәсеңдемей отыр

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG