Accessibility links

"Демократиялық цунами". Барселонада наразылық бәсеңдемей отыр


Наразылар мен полицияның қақтығысы. Барселона, 15 қазан 2019 жыл.
Наразылар мен полицияның қақтығысы. Барселона, 15 қазан 2019 жыл.

Каталонияда аймақ тәуелсіздігін қолдаған тоғыз адамның үстінен Испанияның Жоғарғы соты шығарған үкімге жаппай наразылық жалғасып жатыр. Манифестанттар мен күш құрылымдары арасындағы қақтығыстан зардап шеккен ондаған адамның арасында полиция қызметкерлері де бар. Ондаған наразы ұсталған.

Каталония белсенділері өз наразылығын "Демократиялық цунами" деп атайды. Олар осылайша қозғалыстың жойқын күш екенін меңзейді. Аймақта апта басынан бері наразылық жалғасып жатыр. Манифестанттар Барселона көшелерін, темір жолдарды жауып, өрт қойып, қаладағы әуежайдың қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, Каталонияның тәуелсіздігіне қарсы партиялардың штаб-пәтерлерінің сыртына суреттер салып қарсылық білдіріп жатыр. Наразылар бұл тек бастамасы екенін, алда жалпыхалықтық ереуілге ұласатынын айтады.

Каталония тәуелсіздігін жақтаушылар билік сотталған белсенділерді түрмеден босатып, қазір ұлттық автономия саналатын Каталонияға өз мәртебесін анықтауға мүмкіндік бермейінше Испания үкіметіне бағынбау науқанын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жергілікті "Барселона" футбол клубы да сотталған саясаткерлерді қолдайтыны туралы мәлімдеме жариялады. Футбол клубы "барлық саяси жетекшілерді шиеленісті диалог пен келіссөздер арқылы шешуге, азаматтық және саяси белсенділерді босатуға" шақырған.

Сөз жүзінде манифестанттарды Каталонияның қазіргі әкімшілігі де қолдап отыр. Аймақ басшысы Ким Торра халық алдында:

- Біз репрессияны тоқтатып, саяси тұтқындарды босатуды, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға амнистия тала етеміз. Қақтығысты тоқтату сөз бостандығы мен таңдау еркіндігі арқылы жүзеге асуы керек. Қоқан-лоқы көрсету, түрмеге жабу мен жазалау ештеңе шешпейді. Қылмыстық кодексті халық еркін басып-жаншуға пайдалану – демократиядан ауылы алыс диктатураның мұрасы. Саяси шиеленісті шешуде Испания билігінің диалогтан бас тартуы тәуелсіздікке ұмтылысымызды тоқтата алмайды. Каталония республикасын құру туралы шешіміздің өзгермейтінін айтқымыз келеді, - деп мәлімдеді.

Каталония тәуелсіздігін қолдаушылар шеруі. Барселона, 11 қазан 2019 жыл.
Каталония тәуелсіздігін қолдаушылар шеруі. Барселона, 11 қазан 2019 жыл.

La Gazeta басылымы "Ким Торра мұндай мәлімдеме жасағанына қарамастан, полицияны манифестанттарға қарсы жұмсап отыр" деп жазды. Ал полиция халыққа қарсы резеңке оқ сияқты арнаулы құралдар қолданып отыр. Салдарынан ондаған адам жараланған.

Сарапшылардың пікірінше, Торра орталық билік "жергілікті әкімшілік жағдайды бақылауынан шығарып алды" деген сылтаумен Каталонияны Мадридтен тікелей басқару жүйесін енгізіп, өзін отставкаға жібереді немесе тіпті түрмеге отырғызады деп қорқады. Осыған ұқсас жағдай бұрын болған.

2017 жылғы қазанда қазір 9 және 13 жылға бас бостандығынан айрылған каталониялық қайраткерлерінің аймақ тәуелсіздігін талап еткен іс-әрекеттері тәртіпсіздікке түрткі болып, полицияның жұмысына кедергі келтірген. Соның салдарынан Каталония бірнеше айға автономия мәртебесінен айрылып қалған еді.

Испания премьер-министрі социалист Педро Санчес қажет болса тағы да сондай шараға баратынын бірнеше мәрте мәлімдеген. Оның бұл айтқанын Испаниядағы саяси күштердің көбі, соның ішінде оппозициядағы либералдар мен консерваторлар да қолдайды. Каталония белсенділеріне шығарылған сот үкімі туралы сөзінде Санчес сепаратистердің "Каталония белсенділерін идея үшін қудалап отыр" деген тұжырымын жоққа шығарды.

- Біздегі демократия ешкімді идея немесе қайсыбір саяси жобаны қолдағаны үшін жауапқа тартпайды. Бізде тек заңды бұзғандарды ғана соттайды. Каталонияда ең алдымен сепаратистердің ойымен келіспейтін халықтың басым көпшілігінің құқығы бұзылды. Сөйтіп каталон қоғамы қаққа жарылды. Бұған қоса мемлекеттің аумақтық тұтастығына, ұлттық егемендікке, каталондықтар мен барша испандықтардың құқықтары мен бостандықтарына қауіп төнді. Испания үкіметі заңды құзыретін пайдаланып, Каталониядағы қауіпсіздік пен заңның сақталуына кепілдік беруді көздейді. Каталония билігіне келсек, олар тәуелсіздікті жақтаушылардың ғана емес, бүкіл каталондықтардың мүддесін қорғауға міндетті, - деді Санчес.

Наразылық шеруі болған көшеде тұрған адам. Барселона, 15 қазан 2019 жыл.
Наразылық шеруі болған көшеде тұрған адам. Барселона, 15 қазан 2019 жыл.

Қоғамдық пікірді анықтау мақсатында жүргізілген соңғы сауалнама қорытындысы бойынша, тәуелсіздік идеясын каталондықтардың 44 пайызы ғана қолдайды. Сепаратизмді жақтырмайтын көңіл-күй әсіресе кәсіпкерлік ортада қатты байқалады.

Аймақта соңғы екі жылда сепаратизмді қолдамайтын 5,5 мың компания Испанияның басқа өңірлеріне көшіп кеткен. Сарапшылар парламент пен аймақ әкімшілігінде тәуелсіздікті жақтаушылардың көп болуын жергілікті сайлау жүйесінің ерекшелігімен түсіндіреді.

Кезінде ауылдық аудандарды саяси өмірге араластыру үшін енгізілген ол жүйе ірі қалаларға қарағанда көп депутат сайлауға мүмкіндік береді. Ал Каталонияның шалғай аймақтарында сепаратистік көңіл-күй әлі басым.

Азаттықтың Орыс қызметінің материалынан аударылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG